"Ақылды қала" түсінігі бізге жақындады"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
7367

Экономиканы басқарудың жаңа моделіне көшкенде менеджерлер мен басқарушылар арасындағы түсінбестік жойылады.

"Ақылды қала" түсінігі бізге жақындады"

Алматыда ХII инновациялық конгрессті ашқан ҚР инвестициялық және даму вице-министрі Айдар Айдарбаев ішкі нарықта инновациялық жаңалықтарсыз алға жылжи алмайтынымызды айтты.

"Экономикалық даму инновацияға тәуелді. Біз бұл ретте біраз шаруалардың бетін қайырдық, халықаралық сарапшылардың кеңесін қаперге алдық. "Ақылды қала" түсінігі бізге жақындады. Халықаралық тәжірибеде экономиканың даму деңгейін оның инновациялық сипатына қарап анықтайды Біз бүгін сіздермен кездесуде инновациялық экономиканың дамуына тежеу болып тұрған факторлар жайлы пікірлеріңізді білгім келеді", – деді вице-министр Алик Айдарбаев.

Одан әрі вице-министр қазақ үкіметі "Сандық Қазақстан" жобасын қолға алғанын және оны басқару құрылымдарының барлық деңгейінде қолдануға ниетті екенін конгресс қонақтарының есіне салды. Проблемаларды да жасырмады.

Вице-министрдің пайымдауынша, басты кедергі – менеджерлер мен басқарушылар арасындағы түсінбестік екен.

"Бұл проблема экономиканы басқарудың жаңа моделіне көшкенде шешімін табатынын білеміз. Біз қазір осы салада білікті мамандардың жетіспейтінін сезіп отырмыз. Сондықтан осы жиындағы сарапшылар тарапынан айтылған әрбір пікір біз үшін маңызды", – деді вице -министр.

Конгресстің ресми бөлімінен соң көпшіліктің назары "Блокчейн технологиялары: Келешегі мен қазіргі жағдайы" деген тақырыпта өткен сессияға ауды. Сессия басталар алдында біз тілдесіп үлгірген сарапшылар блокчейн технология ретінде экономиканың барлық секторында қолданылса нәтижелі болатынын айтып жатты.

Интернет бастамаларды дамыту қорының акселерациялық және білім беру бағдарламаларының директоры Дмитрий Калаевтың айтуынша әрбір жобаның өз экономикасы бар. Ал ақылды келісімшарттар өз заңдылықтарына бағынады. Ендігі мәселе – блокчейннің қыр-сырын білетін мамандарды дайындау.

 "Блокчейнді дәл қазір қолдану – асығыстық. Бірақ кешеуілдете беруге де болмайды. Бұл жүйе батыс елдерінің қаржы секторында, тіпті мемлекеттің барлық деңгейдегі басқару құрылымдарында қолданысқа ене бастады. Алдағы екі-үш жылда біз оның қажеттілігін сезе бастаймыз. ЖОО -да мемлекеттік тапсырыс ретінде мамандар дайындау мәселесін бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болады", – деді қор директоры Дмитрий Калаев.

Электронды валютаны енгізу жөнінде өз көзқарасын білдірген аса ірі шахталардың бірінің жетекшісі Чанглер Го қазіргі авторитарлы құрылым –адамдардың жұмысқа деген аса тиімді емес көзқарасының салдары екенін айтады. Оның пайымдауынша блокчейн технологиясы жаңадан ойлап табылған тәсіл емес, ол ондаған жылдар бойы зерттелген Р2Р- жүйесі мен криптографияның нәтижесі екен.

Блокчейннің деректер қорында екі тараптың мүддесіне сай келетін шешімдер де алдын ала зерттеледі. Чанглер Гоның пайымдауынша блокчейн активтерді орталықсыздандыру және токенизациялауға да қатыса алады екен. Активтерді орталықсыздандыру, ең алдымен барлық жағдайды бақылап отыратын қолдан реттеуші тетікке жол бермеу үшін керек. Адами факторға әсер ететін, адам қолымен басқарылатын тетіктер орталықсыздандырылған кезде Р2Р-транзакциясы қолданылады.

"Біз осы арқылы криптоактив, криптовалюта немесе биткоинды, эфириумды бір-бірімізге жібере аламыз. Адам факторы араласпағандықтан, қаржылық қауіпсіздігіңізге тек блокчейн жүйесі ғана кепілдік береді. Блокчейн технологиясы бойынша құрылған ақылды келісімшарттар комбинациясын алдын ала зерттеу нәтижесінде басқару жүйесі иерархияға тәуелді болмайды. Бұл дегеніңіз сіз басқарып отырған компания бюрократияның қыспағынан таза деген сөз. Ұйымның бағыт-бағдарына әсер ететін шешімдердің бәрі блокчейн базасында дауыс беру нәтижесінде қабылданады", – дейді Чанглер Го.

"Аналитика-Инсайт" инновациялық компаниясының жетекшісі Роман Моисеев күндердің күнінде роботтар жұмыс берушілердің өзіне қажетті мамандарды таңдап, іріктеу құқын тартып алуы әбден мүмкін екенін айтады. Себебі нағыз лайықтыларды таңдау кез келген компания үшін оңай емес.

"Қазақстанда қызметкерлердің еңбек өтілін еңбек кітапшаларында емес, электронды түрде сақтау қолға алына бастады. Бұл еңбекке жарамды қазақстандықтардың ортақ деректер базасын құруға көмектеседі. Бұл тәсілді блокчейн технологиясының көмегімен жүзеге асыруға болады. Never Stop Marketing агенттігінің негізін қалаушы Джерми Эпштейн ұйымдастырудың жаңа жүйесі туралы ойлап тапты. Блокчейн технологиясы бойынша талданған жаңа жүйеге компанияны жекелеген тұлғалар емес, Блокчейн технологиясы басқарады. Егер бұл қолданысқа ие болса, компанияларға президенттер мен оның орынбасарларының қажеті болмай қалады", – деді Роман Моисеев.

"Қалай, қайтіп" деген сұраққа Роман Моисеевтің жауабы дайын болып шықты.

"Әрбір қызметкердің өткен тарихы – оның жеке басы парақшасында сақталады. Басқа жұмысқа ауысқан жағдайда ол құжат бұрынғы жұмыс орнында қалады. Егер қызметкерге қатысты әрбір мәліметті блокчейн технологиясымен мәліметтер қорына түсірсек, жұмыс берушіге таңдау жасау қиынға түспейді. Мұндай мәліметтер тек жұмыс іздеуші емес, жұмыс берушілерге де ортақ болады. Абыройын ойлаған жұмыс беруші қызметкерлеріне қатысты тек әділ шешім қабылдауға тырысады, соңында басшылардың да қажеті болмай қалады", – дейді Роман Моисеев.

Қазақстандағы интернет бизнесі және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин блокчейнның биткоин мен криптовалютаға тәуелсіз болуын және оның жеке дара дамуын қалайтынын айтты. Себебі криптовалюта блокчейннің тек құрамдас бір бөлігі ғана екен. Егер біз оны орнымен қолдана алсақ, нотариуссыз, банктер мен сақтандыру компаниялары агенттерінсіз-ақ келісімшарттардың немесе түрлі операциялардың түпнұсқалылығын тексере алады екенбіз. Қарапайым тілмен айтқанда теxнологияның бұл түрі қолданысқа енетін болса, банктердің, аудиторлардың, бақылаушылардың, сақтандыру компанияларының қажеттілігі болмай қалады.

"Мемлекеттік реестрдегі жазбаны ақша беріп өзгерте беретін кез келген мемлекеттер бар. Бұл заңға қайшы екенін білеміз. Бірақ солай болуына жол береміз. Себебі заң солқылдақ. Грузия мемлекеті мұның шешуін блокчейн технологиясы арқылы заңдастырды. Грузияның блокчейн -реестр жүйесінде барлық азаматтар өзінің жазбасын сақтай алады. Ол екінші тараптың өзгертуіне жол бермейді. Реестрдегі жазбамен кез келген адам таныса алады. Бұл мемлекеттік қызметте орталықсыздандыруға бағытталған қадам" – дейді Константин Горожанкин.

Константин Горожанкинның пайымдауынша, блокчейннің негізгі басымдығы – арада делдалдардың болмауы, қарапайым тілмен айтқанда технологиялық қауіпсіздік пен адами факторға тәуелсіздіктің кілті. Қазіргі таңда көптеген елде қаржыға, құжатқа, өзге де мәліметтерге қатысты барлық операциялар міндетті түрде делдалдар арқылы жүзеге асырылады. Бұл жемқорлыққа жол ашады.

"Тек соңғы ондаған жылда біз технологиялық төңкерістің бірнеше толқынын бастан кешірдік. Қазіргі тренд — блокчейн технологиясы. Оның идеясы барлық адамзат үшін қол жетімді. Ол деректер қорының орталықсыздандырылуын тездетеді. Сондай -ақ стартаптардың мыңдаған толқынын бір мезгілде қалыптастыратын технология да осы блокчейн болмақ. Олардың шығарған өнімдері экономикаға миллиондаған доллар табыс әкеледі. Мен Астанадағы халықаралық қаржы орталығы блокчейнге қатысты заң жобасына толықтырулар енгізеді деп үміттенемін. Бұл блокчейн технологиясының дамуына жол ашады. Аталған технология 5-10 жылдың ішінде қаржы секторының инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп жіберуі әбден мүмкін", – дейді Константин Горожанкин.

Танымал қаржыгер, "Аналитика-Инсайт" иновациялық компаниясының жетекшісі Андрей Карпухов криптовалюталарға, биткойнға қатысты кереғар көзқарас тек бізде ғана емес, барлық елде бар екенін айтады. Оның пайымдауынша, қазіргі қаржы жүйесі халықаралық талаптарға сай келмейді. Сарапшының пікірінше, Қазақстан үкіметі әлемде криптовалюталар саласында не болып жатқандығын түсіндіре алатын мамандарды дайындау керек. Себебі мамандарды сырттан әкелу мемлекеттің экономикалық, тіпті қаржылық құпиясына қауіп төндіреді екен.

"Мұны үкімет тек өз мамандарына ғана сеніп тапсыру керек", – дейді "Аналитика-Инсайт" инновациялық компаниясының жетекшісі Андрей Карпухов.

Андрей Карпухов Украинада, Ресейде блокчейн технологиялары арқылы сауда жүйесін орталықтандыруға қол жеткізгенін, егер бизнес бастағың немесе халықаралық төлем жүргізгің келсе, блокчейннің көмегіне жүгінуге болатынын айтады. Бұл оның қажет кезде қолма-қол ақшаның күшін жойып жіберетін басты өлшемдерінің бірі екен.

"Банк немесе делдалдар төлем жүйесінің тетіктерін қиындатады немесе уақытын созып алады. Орталықсыздандырылған ақшаның артықшылығы төлем адам факторының қатысуынсыз өтеді.Алдағы жылдарда блокчейн технологиясының нәтижесінде халықаралық төлем жүйесі де аса пайдалы бизнес түрінің қатарын толықтырады", – дейді "Аналитика-Инсайт" инновациялық компаниясының жетекшісі Андрей Карпухов.

"Электронды ақша" қауымдастығының директоры Павел Шуст блокчейнге қатысты заң жобалары қолданысқа енбей, оның қауіпсіздігін заңмен қорғайтын кезге жетпейше блокчейн технологиясын қолданысқа енгізуге асықпауымыз керек деген ойға басымдық береді. Себебі қазір Қазақстанда блокчейн технологиясын үйретіміз дегендердің қарасы көбейіп кетіпті. Блокчейн технологиясын қорғау үшін " ICO" жүйесі қолданысқа енді. Дамыған елдерде блокчейн технологиясы " ICO" жүйесі арқылы қорғалады.

"Қор нарығының табиғатын білмесең, блокчейннен келетін қауіп көп. Сондықтан, біз ең алдымен кәсіби мамандарды дайындаумен қатар тұрғындардың қаржылық сауаттылық деңгейін көтеруге көңіл бөлуіміз керек", – дейді "Электронды ақша " қауымдастығының директоры Павел Шуст.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу