2024 жыл 4,2 миллиардтан астам адамның өмірін өзгертуі мүмкін

3701

Бұл – "сайлаулар жылы" болмақ. 

2024 жыл 4,2 миллиардтан астам адамның өмірін өзгертуі мүмкін Фото: freepik

Төрткүл дүниенің әр түкпіріндегі 76 мемлекет өз көшбасшылары мен парламенттерін таңдайтын болады. 

Сарапшылар бір қызықты жайтқа назар аудартады. 2024 жыл – бүкіл жер-жаһандағы сайлаулардың саны жөнінен тарихта рекорд орнатпақ, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Нәтижесінде, ғаламшарымыздағы тұрғындардың жартысынан астамы өздерін кім басқаратынын, биліктегі мүддесін кімдердің қорғайтынын және елдің алдағы саясаты қандай болатынын биыл анықтауға тиіс.

Әр елдегі алдын ала сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулерге жүгінген халықаралық сарапшылар "диктаторлар мен автократтық көзқарастағы тұлғалар үстем болады, көп жерде демократия кері шегінеді" деп болжанып отыр. Құқық қорғаушылар да өз баяндамаларында осындай тұнжыраңғы ойға, алаңдаушылыққа толы тоқтамға тірелді.

Freedom House порталының дерегінше, соңғы 17 жыл қатарынан әлемде демократия мен сөз бостандығының өрісі тарылып келе жатыр. Салдарынан, ұйым сарапшылары бүгінде Жер шары тұрғындарының небәрі 20%-ы ғана шын мәнінде еркін елдерде тұрып жатқаны жөнінде тұжырым жасады.

Демократия және сайлауға жәрдемдесу халықаралық институтының (IDEM) байламы осы арнада тоғысты. Оның мәліметінше, дүниежүзінде демократиялық тоқырау 1975 жылдан бері жалғасып келеді.

Құлдырау қарқын алуы мүмкін. IDEM пайымдауынша, Украина тізе бүксе, бұл бүкіл әлемдік архитектураның қайта құрылуына соқтырады. Қазірдің өзінде Ресейдің майдан даласында жеңілмегенін, керісінше, алғы шептің бүкіл бойында шабуылын өрістетуге күш салып жатқанын көріп, Еуразия континентінде Украинаны қолдаған қоғамдардың көңілі қала бастады.

Өйткені, дамыған демократиялық елдер жас демократияларға лайықты, толыққанды демеу болуға қауқарсыз болып шықты. Мысалы, 2022 жылы Украинаның "әлемдегі №2 армиясы" бар державаға тойтарыс беріп, түре қуғанына Тайвань елінің рухтанғаны байқалды. Әлеуметтік желіде паш етілгендей, оның қалаларында бұл елдің демократия үшін қасық қаны қалғанша соғысуға дайындығын білдіретін билбордтар қаптады. Биыл жүні жығылып қалғандай, әскери риторика мен ұрандар жойылды. Таяуда Тайвань билігі Қытай мен бейбіт қатар өмір сүруге және халықтардың еркін араласуына ұмтылатынын жариялады.

Көптеген өзге мемлекетте, соның ішінде Еуропада демократиялық қозғалыстардың жігері жаншылып, популистер мен автократтар алға озуда. Мұның бәрі сайлау қорытындыларына да әсер етері даусыз.

EIU Democracy Index сайтының талдауынша, биылғы жылы сайлау өтетін 76 елдің арасында 43 мемлекет қана халыққа толыққанды демократиялық таңдауды ұсына алады. Бұл ретте, ол 43 елдің 28-і Еуропалық одаққа кіреді. Ондағы елдер 9 маусым күндері Еуропарламенттің төрінде алдағы 5 жыл бойы отыратын жаңа депутаттық корпусты сайлайды.  

Бұдан бөлек, 2024 жылы халқының саны жөнінен жаһандағы ең ірі 10 мемлекеттің 8-і – Үндістан, АҚШ, Индонезия, Пәкістан, Бразилия, Бангладеш, Ресей және Мексикада сайлау өтеді. Бұл қатардан тек Қытай мен Нигерия тыс қалады.

7 қаңтар  Бангладеш

Кеше дәл осы ел биылғы жылғы жаһандық электоралды маусымның шымылдырығын ашты. Жексенбіде өткен парламенттік доданың қорытындысы әзірге жарияланбады, бірақ ол 171 миллионнан астам адамның болашағын айқындайды.

Авторитарлық биліктің қысымына түсіп қалған бұл елді 2008 жылдан бері премьер-министр Шейх Хасин мен оның "Авами Лиг" партиясы басыбайлы билеп-төстеп келеді. Freedom House баяндамасында айтылғандай, осы кезеңде олар "оппозицияны және оның одақтастарын, сыншыл БАҚ пен өзге пікірі бар азаматтық белсенділерді үнемі қудалау арқылы билікті өз қолында шоғырландырды".

Сондықтан, сарапшылар ел өмірінде ірі өзгерістер боларына сенбейді. Халықаралық ақпарат құралдары сайлауалды кезеңде бірнеше тұлғаның қаза тапқанына назар аудартады. "Бангладеш ұлттық партиясындағы" оппозиционерлер сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Олардың басым көпшілігі түрмеде отыр. Наразылық білдірген жұртшылықтың шерулері аяусыз басып-жаншылды. Тиісінше, жаңа Парламенттің де Хасинді командасымен бірге биліктен тайдыра алуы неғайбыл.

13 қаңтар  Тайвань

Әлемде негізінен "Тайвань" атауымен белгілі қытай республикасында билік жаңаруы мүмкін. Әлемдік алпауыттар соңғы кезде арал-мемлекетті әскери қақтығысқа қарай итермелей бастады. Тайваньды өзінің бір бөлігі санап, оның тәуелсіздігін мойындамайтын ҚХР бұған оның жағалауына жақын жерде әскери жаттығулар өткізумен жауап береді.

The Economist басылымының жазуынша, 13 қаңтарда өтуге тиіс президенттік сайлау Тайваньның тәуелсіздігі үшін күрестің кульминациясына айналады. Өйткені, оның азаттығын табанды қорғап келген президент Цай Инвэнь өзінің 2 мерзімдік өкілеттігін аяқтайды және үшінші мерзімге сайлана алмайды. Оның "Демократиялық прогрессивті партиясы" (DPP) бойынша ізбасары ретінде вице-президент Лай Циндэ тағайындалды. Ол енді қытайшыл "Гоминьдан" партиясының бетке ұстары Хоу Юимен қатаң текетіресте билікті сақтап қалуға тырысады.  

Бүгінде, Украинаны қолдаудағы Батыстың дағдарысына куә болған тайваньдықтар ҚХР-мен қақтығыса қалса, аралдың аман қалатынына күмәнданады. Соңғы сауалнамалар көрсеткендей, басты қос кандидат тізе қағыстырып, тең келеді: әрқайсысын сайлаушылардың шамамен 30-35%-ы қолдайды.  

Билеуші партия Америкаға сеніп, 2016 жылдан бері Бейжіңмен атқұйрығын үзісті. Бүгінде ешқандай ресми қатынастары жоқ. Содан сарапшылар DPP жеңсе және Қытаймен қырғи-қабақ саясатын жалғастырса, онда қос көрші арасында қарулы қақтығыс болуы мүмкін деп қауіптенеді. "Гоминьдан" партиясы да ҚХР құрамына қосылу туралы ашық мәлімдемейді, бірақ Politico басылымының хабарлауынша, оны Бейжің ашықтан ашық қолдап отырған көрінеді.

7 ақпан  Әзербайжан

Ақпанның басында, сәрсенбінің сәтінде, түркітілдес елде кезектен тыс президенттік сайлау өтпек. Бұл – ел тарихындағы 9-шы президенттік дода. Оның 2-уі мерзімінен бұрын өткізіліп отыр. Атап айтқандай, Әзербайжан елінің тарихында тұңғыш рет сайлау қыс мезгілінде ұйымдастырылады.

Қолданыстағы Конституцияда мемлекет басшысы лауазымына сайлану саны бойынша еш шектеу қарастырылмаған. Сол себепті, іс басындағы президент Ильхам Әлиев бесінші мерзімге сайлану құқығына ие.

Халықаралық сарапшылар И.Әлиев бұл сайлауға өткен ғасырдан бері ұзаққа созылған Кавказдағы қақтығыс ошағы – "Таулы Қарабақ шиеленісін" шешкен, "Таулы Карабах республикасы" аталған заңсыз, әлем танымаған квазиреспубликаны жойған, оккупацияланған территориялардың бәрін қайтарып, Әзербайжанның егемендігін қалпына келтірген тарихи тұлға ретінде түсіп отыр.

Бүгінде, жалпы саны 17 кандидат президенттік бәйгеде бақ сынауға ниетті. Арасында бірнеше партияның басшылары, депутаттар, өзін-өзі ұсынушылар бар. Бұл елде кандидат ретінде ресми тіркелу үшін үміткер 40 мың сайлаушының қолын жинауға міндетті. Қолдарды тапсыру бүгін, 8 қаңтарда, 18.00-де аяқталады. Ильхам Әлиевтің өзі кандидат ретінде 30 желтоқсан күні тіркелген.

8 ақпан  Пәкістан

Тура бір айдан соң Пәкістанда жалпыхалықтық сайлау ұйымдастырылады. Бұл маңызды шара бірнеше рет кері шегерілумен болды. Өйткені, "дайындалу үшін сайлау комиссиясына көбірек уақыт керек болып жатыр" деген сылтау айтылды.

Шынында, сарапшылар бұл елде кезекті саяси дағдарыс өршігенін қаперге салды. 2022 жылдың сәуірінде депутаттар премьер-министр Имран Ханға сенімсіздік вотумын жариялады. Имран кезінде бұл елдің ең сүйікті спорты саналатын крикеттің жұлдызы болды, сол танымалдылығы арқасында билік басына келді. Бүгінде экс-премьер коррупцияға қолын арамдағаны үшін айыпталып, түрмеге қамалған.

Ал оның орнын басып, ел билігін қолына алған оппоненттері бүкіл елді жайлаған наразылық пен шерулерге маңдай соғып, пәрменді шараларға, түбегейлі реформаларға бара алмауда. Ол аз болғандай, Пәкістан экономикасы дефолт алдында тұр.

15-17 наурыз  Ресей

2024 жылғы 1 қаңтар күні Ресей орталық сайлау комиссиясы президент лауазымына партиялар атынан кандидаттардан құжат қабылдауды аяқтады. Соның алдында, 27 желтоқсанда өзін-өзі ұсынушылардан құжат қабылдау тәмамдалған еді.

Ресей ОСК төрағасының орынбасары Николай Булаевтың айтуынша, бүгінде Ресей басшысы болудан үміткерлердің саны 11 адамды құрайды. Ел тізгінін ұстаудан дәмелі болған тағы 30 адамды Ортсайлауком тіркеуден бас тартты.

Сонымен Ресейдегі биылғы президент сайлауына 3 кандидат өзін-өзі ұсынды. Бұлар іс басындағы Владимир Путин, блогер Рада Русских, блогер Анатолий Баташев.

Қалған 8 кандидатты партиялар ілгерілетеді. Бұлар: Леонид Слуцкий (ЛДПР), Николай Харитонов (КПРФ), Владислав Даванков ("Новые Люди"), Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз"), Андрей Богданов (Российская партия свободы и справедливости), Борис Надеждин ("Гражданская инициатива"), Сергей Малинкович ("Коммунисты России") және Ирина Свиридова (ДПК).

Орталық сайлау комиссиясы осы үміткерлердің бәрі бірдей наурыздағы додада жарыс жолына шықпауы мүмкін екенін ескертті. Өйткені, олар тек сайлауалды науқанын бастау үшін құжаттарын тапсырды. Енді солардың ішінде өзін-өзі ұсынған үш адам 31 қаңтарға қарай өзін қолдайтын сайлаушылардың 300 мыңының қолын жинап әкелуге міндетті. Сонда ғана кандидат куәлігін ала алады.

Парламентте ұсынылмаған партиялар өз кандидаты үшін 100 мың қол жинауы шарт. КПРФ, ЛДПР және "Новые люди" партиялары Мемдумаға кіре алды, тиісінше олар қол жинаудан босатылады.

Солтүстік көршідегі дауыс беру 15, 16 және 17 наурыз күндері жүргізіледі. Бұл Ресей Федерациясының тарихындағы бірден үш күнге ұзайтын тұңғыш президенттік сайлау болмақ.

Сәуір  Үндістан

Халқының саны жөнінен әлемдегі №1 ел саналатын Үндістанда биылғы сәуірде (нақты күні кейін жарияланады) Парламент сайлауы өтеді: жаңа шақырылған депутаттық корпус ел лидерін – премьерді тағайындайды.

Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, халықтың үлкен бөлігі билік басындағы "Бхаратия джаната парти" мен оның көшбасшысы Наренда Модиді жақтайды. Демек, оның үшінші мерзімге қалуы әбден мүмкін.

Алайда, оны орындығынан аударып тастау үшін 28 партия бірікті. Олар ел тарихындағы ең ірі "Үндістан" атты оппозициялық альянс құрды. Яғни, дода қызу өтетін түрі бар. Кімнің бағы мен бабы қатар шапқанын сайлау учаскелеріне келетін 1 миллиардтай сайлаушы шешеді.

Елде азулы баспасөзге қарсы репрессия күш алған, Кашмирдегі шиеленіс те ушығуда. Сондықтан, оппозицияның алға озуы мүмкіндігін де ешкім жоққа шығармайды. Әйтсе де, әлемдік державалар Модидің қалғанын қалайды: ол Ресейге де, Америкаға да жағымды. Guardian басылымының тілшісі Саймон Тисдалдың жазуынша, "Моди күтпеген жерден жеңіліп қалса, онда бұл Қытаймен тайталаста Үндістанды өз жағына шығарып, серіктес еткен АҚШ-тың стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін".  

Оңтүстік Африка республикасындағы сайлау

Оңтүстік Африка республикасында іс басындағы билік "ХХІ ғасырдағы ең ірі сынаққа" тап болды. "Африкалық ұлттық конгресс" (ANC) елді 30 жылға жуық мерзім бойы басқарып келеді. Алғаш рет бұл саяси күш 1994 жылы Нельсон Мандела президент болып сайланғанда, ел билеуге кіріскен еді. Содан бері алғаш рет оның билігіне қатер төнді.

ОАР оппозициясы 2024 жылы болатын сайлауға қатысу үшін коалиция құрып алды. Оған 7 партия енді. Оның лидері Джон Стинхаузен алдағы сайлаудағы жеңістің негізін қалап жатқандарын мәлімдеді.

Cонымен қатар, Оңтүстік Африкадағы жағдай шын мәнінде күрделі. Экономикалық дағдарыс жалғасты. Заң жүзінде апартеидке тосқауыл қойған бұл республикада халық іс жүзінде ақ және қара нәсілдіге жіктелген. Салдарынан Африканың Ұлттық Конгресін (ANC) қолдау 50%-дан төмен түсіп кетті. Бұған билікті коррупцияға айыптаулар, жарықтың күн сайын 6 сағатқа өшіріле бастауы сияқты мәселелер жамалды. Нельсон Манделаның қанаттастарының билік тізгінін ұстап қалуы оңай шаруа болмайын деп тұр.

Ал Мексикада тұңғыш әйел Президенттің пайда болатыны қазірден айқындалды. Себебі, ел тізгінін ұстауға үміткердің екеуі де – нәзік болмыс иесі. Билеуші "МОРЕНА" коалициясы Клаудия Шейнбаумды, оппозициялық "ПАН" альянсы – сенатор Сочитль Гальвезді ілгерілетуде. Сайлаушылардың 66%-ы саясатын құптайтын іс басындағы президент Андрес Мануэль Лопес Обрадор өз жақтастарын тегіс Шейнбаум ханымды қолдауға шақырды.

Ал Америка Құрама Штаттарында биылғы 5 қарашада болатын "мерейтойлық", 60-шы президенттік сайлау қарсаңындағы тайталас жайын, қызығы мен шыжығын Inbusiness.kz сайты тұрақты түрде жариялап келеді. Республикалық және Демократиялық партиялардың праймеризі тек жазда өтеді. Олардың басты кандидаттары сонда ғана түпкілікті белгілі болады. Демек, "жанкүйерін" ине үстіне отырғандай қылпылдататын интрига сақталуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу