АҚШ "әлемдік держава" атағынан айрылуға шақ тұр

5144

АҚШ енді Ирак пен Сириядан да кетуге ниетті.

АҚШ "әлемдік держава" атағынан айрылуға шақ тұр Фото: livejournal.com

Кеңес заманын қоспағанда, "АҚШ-тың жаһандық супердержава мәртебесін жоғалта бастағаны" туралы ресейлік сарапшылар және ақпарат құралдары ХХІ ғасыр басталғалы еш талмай, қоймай айтып келеді. Көршінің 2000 жылдардағы газет-журналдарының және қазіргі кезде ақпарат агенттіктерінің тақырыптары алыстан айғайлап тұр: "США теряют статус сверхдержавы", "Американской гегемонии приходит конец".

АҚШ болса, замана сынына шыдады.

Алайда енді АҚШ-тың әлемдегі ықпалы мен беделінен шындап айрыла бастағанын америкалық ақпарат құралдары да ашық жаза бастады. Reuters пікірінше, пандемияға дейінгі дәуірде бұл ел дүниежүзілік геосаясат пен экономиканың басты қозғаушы күші болды.

Бүгінде ол ішкі проблемаларын да еңсеруге қауқарсыз, қоғамы екіге жарылған, саяси элита-истеблишментінің арасына іріткі түскен, саяси және басқа дағдарыстар батпағына батып бара жатқан ескі империяны еске түсіреді.

Техас Америкадан "тәуелсіздік" ала ма?

Ресейдің федералдық телеарналарында, түрлі пропагандистік шоуларында және әлеуметтік желісінде "АҚШ азаматтық соғыс қарсаңында тұр", "Техас Вашингтонға қаруын кезенді", "Техас штаты АҚШ-тан бөлінетінін жариялады" деген тақырыптар қызу талқылануда. Бұл жайт басқаны емес, дәл ресейлік аудиторияны ерекше елеңдетіп, кәдімгідей дүрліктірді.

Бұған бір жағынан, Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде әлдебір адамдардың Техасты "Құрама Штаттардан бөлінуге" шақырған посттары себеп болды. Салмақты сарапшылар ресейлік аудиторияны дүр сілкіндірген бұл тақырып Техастағы шынайы ахуалды, америкалық заңдарды білмегендіктен немесе кейбір сарапшысымақтардың өз арманын ақиқат етіп көрсетуге ұмтылысынан туындағанын айтады.  

Ұзын сөздің ырғасы, Техас Америкадан бөлінбейді, бұл мәселе күн тәртібіне қойылып отырған да жоқ.

Бірақ Техаста және өзге оңтүстік штаттарда миграциямен байланысты дағдарыс өршіп барады. АҚШ оңтүстік шекаралардан еніп жатқан келімсектердің теңдесі жоқ алапат толқынына тап болды. 2021 жылы Президент лауазымын иеленген демократ Джо Байденнің жеңіске жетуіне жаңа америкалықтар, яғни осы елдің азаматтығын алған мигранттар зор ықпал еткен еді. Соларға алғысы ретінде Мемлекет басшысы көші-қон кедергілерін біршама жеңілдетті.   

Содан бері елге шамамен 3,8 миллион мигрант қоныс аударып үлгерді. Бір апта ішінде Америкада тұрақты тұру ниетімен Мексика жағынан шекараны кесіп өтетін шетелдіктердің, соның ішінде ресейліктердің саны 50 мың адамнан асады. Байден ел тізгінін қолына алғалы бірнеше миллион мигрант шекараны заңсыз кесіп өткен.  

Мұның бәрі федералдық қызметтерге, шекаралас аудандардың әлеуметтік инфрақұрылымына ғаламат ауыртпалық түсіруде. Мигранттардың қаптаған легі Нью-Йорк сияқты алып мегаполистерге дейін жетті. Олар топ-топ болып, тоқтаусыз келіп жатқан адамдарды қайда орналастырарын білмей, тұйыққа тірелді. Жат жерге келгендер қылмыс әлемінің құрбаны болады немесе солардың армиясын толтырып, қолшоқпарына айналады. Салдарынан, қылмыс белең алады.

Вашингтон бұл істе тегеурін танытып, темірдей тәртіп орната алмаған соң, жергілікті билікке қатаң шараларға баруға тура келді. Мысалы, Техас губернаторы, республикалық Грег Эббот өзі бастап, Мексика шекарасына тікенді сым тартқызды. Яғни, қараңғыда шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандар соған маталып қалады.

Бұған орталық билік қарсы шықты. Биылғы 22 қаңтарда АҚШ Жоғарғы соты федералдық Үкіметке сымды кедергілерді алып тастау құқығын берді. Себебі, иммиграция мәселелері – штаттар билігінің емес, тек қана федералдық Үкіметтің құзырына жатады.

Мұндай шешім енді жергілікті биліктің ашынысын туғызды. Техас штатының губернаторы Эббот бұл тыйымға пысқырмайтынын мәлімдеп, штатының Ұлттық ұланына тәнді тіліп түсер тікенді сыммен шекараны бекітуді жалғастыруға бұйрық берді. Жалпы саны 25 штаттағы республикалық губернаторлар Эбботтың ұстанымын жақтап шықты.

Яғни, іс жүзінде олар орталық билікке қарсы шығуда. Бірақ бұл "азаматтық соғыс" не соның ұшқыны емес. Мәселе – заң өрісіндегі дау жөнінде. Соның алдында Техас басшысы қатаң иммиграциялық заңға қол қойды. Ол федералдық қызмет сыртында жергілікті полицейлерге де шекараны заңсыз кесіп өтетін адамдарды тұтқындау өкілеттігін бермек. Заң наурыз айында ғана күшіне енеді. Вашингтон және прокуратура оған қарсы сотқа шағым түсірді.

Тұрғылықты америкалықтар үшін шекараны қорғау – ұлттық және дербес қауіпсіздікпен тығыз қабысып жатыр. Бұл істе Байденнің жұмсақтық танытуы, шекараны шұрық-тесік жағдайда қалдыруы одан сайлаушылардың теріс айналуына түрткі.

Айтпақшы, ақпарат құралдары анықтағандай, X әлеужелісінде Техастың АҚШ-тан бөлінуі мәселесін көтерген пайдаланушылар боттар, анонимді есептік жазбаларды қолданатындар болып шықты. Демек, Америкаға қарсы сырттан "ақпараттық-психологиялық арнайы операция" (ИПСО) жүзеге асырылып жатқанға ұқсайды. Мысалы, америкалық арнайы қызметтер әшкерелегендей, Калифорния штатында ұқсас тақырыпты ілгерілеткен сецессионистік қозғалыстың лидері шынында ресейлік Екатеринбургта тұратын көрінеді.

Жалпы, Америка Құрама Штаттарының құрамынан шығудың құқықтық тетігі қарастырылмаған. Тіпті Техастың тәуелсіздігі туралы мәселе референдумға шығарылғанның өзінде, бұл референдум заңсыз болып танылады. Себебі, Азаматтық соғыстан кейін, 1869 жылы АҚШ Жоғарғы соты біржақты түрде одақ құрамынан шығуға штаттардың құқығының жоқтығын бекітті.  

Қалай болғанда, Вашингтондағы саясаткерлердің селқостығы, шабандығы елдегі әлеуметтік кернеуді ушықтыра түсті.

Америкалық солдат беделі тоқырай бастады

Халықаралық сарапшылар "Американың қисынсыз, жөнсіз шешімдері әлемді құрдымға итермелеп жатқанын" жиі айтуда. Вашингтонның ақылға қонымсыз істері АҚШ-ты "супердержава" статусынан айырып жатыр. Мысалы, Құрама Штаттардың Киевке қару және қаржылай көмек беруін доғаруы Украинаның қаза тапқан Отан қорғаушылары санының күрт өсуіне және азат етуші армияның кері шегіне бастауына соқтырды.

Осы орайда Пентагоннан "америкалық әскерлердің Ирак пен Сириядан әкетілетіні" туралы бейресми хабар жетті. Foreign Policy АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі мен Мемдепартаментіндегі төрт дереккөзіне сілтеме жасап, бұдан былай аталған елдердегі әскери миссияға қаражат құюға Ақ үйдің мүдделі еместігін жариялады.

Ол миссиялар қажетсіз деп танылған, сондықтан америкалық әскерлерді шығарудың мерзімі мен алгоритмі белсенді пысықталып жатыр.

Foreign Policy сарапшылары бұл елдердегі әскери контингентті шығаруды "апатқа" теңеді: онда Даеш (ИГИЛ) лаңкестік ұйымы қалпына келіп, қанат жаяды деп қауіптенеді. Өйткені бұл террористік ұйым Сирия және Ирак территорияларын бір квазимемлекетке біріктірмек болған еді.

Бұл аналитикалық басылымның мәліметінше, негізінен Башар Асадтың режиміне қарсы шыққан жергілікті қарулы оппозицияға, соның ішінде түркітілдес туркомандарға соққы берген Ресейден айырмашылығы сол, Америка "80-нен астам серіктес елді біріктірген коалиция" көмегімен Даешқа қарсы шындап шайқасты.

Нәтижесінде, лаңкестік ұйым ыдырады. 2023 жылы оның топтары айына орта есеппен 9 шабуыл ұйымдастырып отырған. Салыстырсақ, сұрапыл шайқастар қызған 2014 жылы айына 850 шабуылға дейін тіркелетін.

Бүгінде Сирия аумағында 900 америкалық әскери ғана қалды. Олар негізінен, күрдтер шоғырлана тұратын аумақтарды әскери бақылауда ұстап отыр. Ал Сириядағы қырылып қала жаздаған түркітілдес ұлыстарды Түркия өз қорғанына алды.

Ендеше америкалықтар кетсе, күрдтерге қиын соғады. Оның үстіне қазынасы мол, Асад режимі де, терроршыл топтар да ынтыққан мұнай кен орындары негізінен солардың провинцияларында орналасқан.

Артынша Al-Monitor және басқа ақпарат құралдары Пентагонның жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасап, америкалық әскердің әкетілетіні туралы ақпаратты жаңсақ деп атады.

Бірақ CNN-ге Ирак билігі өкілі "АҚШ-тың елдегі әскери араласуының тағдырын шешетін келіссөздер таяуда басталатынын" хабарлаған.

Халықаралық сарапшылар әскерлердің бұл елдерден шығарылуы әлемдік қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін деп болжайды. Сонымен қатар бұл АҚШ беделіне нұқсан келтіреді. Лаңкестік ұйымдар мұны "әлемдік тәртіп сақшысы", "жаһандық жандарм" рөлін атқарып келген супердержаваның әлсіздігі деп ұғынары даусыз.

Мұның алғашқы нышандары байқалуда. Осы аптада, 28 қаңтар күні Сириямен арадағы шекараға жақын жерде, Иордания территориясында орналасқан АҚШ-тың Tower 22 (Мұнара 22) аталатын әскери базасына дроннан соққы берілгені жария болды. Салдарынан, 3 америкалық әскери қызметші қаза тапқан. Тағы 34 америкалық солдат жараланды.

Президент Джо Байден соққыны Иран қолдайтын қарулы топтар жасады деп мәлімдеді. Себебі, Иранға сүйенетін қарулы топтар былтырғы қазан айынан бері Ирак пен Сириядағы америкалық әскери объектілерге бірнеше рет шабуылдады. Көптеген америкалық жауынгер жараланды. Жауап ретінде АҚШ екі елдегі радикалды топтарға соққы беріп келді.

Иран болса, Байденнің мәлімдемесін "негізсіз" деп атады.

BBC сарапшылары Иорданиядағы америкалық әскерилердің өлімі Жоғарғы бас қолбасшы Байденді тағы бір тығырыққа тірегеніне назар аудартты. Америка Президенті "барлық айыптыны жауап беруге мәжбүр ететінін" айтты. Бірақ бұл қатаң ескертуін қалай жүзеге асыратыны белгісіз қалды.

"Бүкіл әлем Вашингтонның өз әскерилерін қалай және қаншалықты батыл қорғауға қабілетті екенін паш етуін күтіп отыр. Байден әкімшілігі болса, тым қымбат қарулы қақтығыстарға Американы киліктірмеу саясатын ұстанады. Осы мақсатта Украинаға да жеткілікті және ең жоғарғы тиімділікті қаруларын бермеді", – деп қаперге салды BBC сарапшылары.

Егер АҚШ әрі қарай әлсіздік таныта берсе, радикалды, лаңкестік топтар күш алып, құтырып кетеді. Егер АҚШ кең ауқымды әскери операция, немесе Иранға қарсы соғыс ашса, мұны саяси дағдарыс пен экономикалық қиыншылықтардан күйзелген америкалық қоғам қолдамауы ықтимал. Күрделі дилемма, ауыр таңдау. Әлем, әсіресе, Американың қарсыластары болса, сынай көз тігіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу