Әлемде орыс тіліне деген қызығушылық қатты төмендеген – сарапшылар

5256

Жылдың тілдік қорытындысы шығарылды.

 Әлемде орыс тіліне деген қызығушылық қатты төмендеген – сарапшылар Фото: rusoch.fr

Duolingo – дүниежүзіндегі ең танымал мобильді қосымша. Ол арқылы азаматтар жер-жаһандағы негізгі тілдерді тегін меңгере алады. Duolingo жыл сайынғы кезекті есебінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған пайдаланушыларының өз қосымшасы арқылы 2023 жылы қандай тілдерді үйренгені туралы деректерді сараптады. Одан әлемде қандай тілдер барынша сұранысқа ие екенін, адамзаттың қызығушылығы мен мүддесі жыл сайын қалай өзгеріп отыратынын білуге болады.

Сонымен, "Duolingo Language Report 2023" есебі аталған қосымша арқылы тіл үйренген пайдаланушылардың 2022 жылғы 1 қазан мен 2023 жылғы 1 қазан аралығындағы деректеріне негізделген.

Көшбасшы – қайсы?

Талдау қорытындысында анықталғандай, дәстүрлі түрде ағылшын тілі көш бастады. Халықаралық қоғамдастық арасында бұл тіл сол бойы ең танымал шет тілі болып қалды.

Әлемде жұрт үйренуге ең ынтық тілдер рейтингісінің алғашқы ондығы келесідей:

• Ағылшын тілі;

• Испан тілі;

• Француз тілі;

• Неміс тілі;

• Жапон тілі;

• Корей тілі;

• Итальян тілі;

• Хинди тілі;

• Қытай тілі;

• Португал тілі.

Биылғы жылы ағылшын тілі бірден 122 елде ең танымал шет тілдері арасында "№1" атанды. Осы жылы азаматтары ағылшыншаны үйренуге барынша құлық білдірген осы елдердің қатары алғаш рет Ауғанстан, Мальдив, Мальтамен толықты. Демек, мысалы, миграциялық дағдарысты бастан кешіп жатқан Америкаға енді осы елдерден де эмигранттар толқынын күтуге болатындай.

Көптеген мемлекетте ағылшын тілі күнделікті тіршілікте қолданылмағанымен, ол экономикалық қызмет, мысалы, шетелдік инвесторларды тарту, туризм, сондай-ақ академиялық ақпарат алмасу, айталық, әлемдегі ғылыми жаңалықтарды ақпарат көздерінен, ғылыми журналдардан бірінші болып оқып, білу үшін қажет етіледі.

Кейінгі жылдары ағылшын тіліне Азиядағы шәкірттер көбірек қызығушылық білдіре бастады. Үндістандағы (40%), Вьетнамдағы (50%) және Қытайдағы (54%) шәкірттердің көбісі ағылшын тілін білім алу және кәсіби мансапта өсу үшін үйренеді.

Португал тілі орыс тілін ығыстырды

Орыс тілі ХХ ғасырдан бері әлемдегі қарқынды таралушы тілдердің бірі болды. Кеңес одағы оны БҰҰ-ның ресми 6 тілінің бірі ретінде бекіттірді (КСРО – Біріккен ұлттар ұйымын құрушы мемлекеттердің бірі). Әлемде Достоевскийдің, Чеховтың және басқасының шығармаларымен, орыс операларымен тәржіма емес, түпнұсқа тілде танысу үшін осы тілді үйренуге деген қызығушылық та әрдайым жоғары болатын.

Тоталитарлық одақтың өзіне кірген 15 республиканың халықтарын жаппай орыстандыруы, "соцлагерьге" кірген барлық шығыс Еуропа, Балқан және Балтық елдерінде орыс тілінің мектептерде оқытылуына қол жеткізуі де орыс тілінің айдынының артуына серпін берді.

Бүгінде орыс тілінің халықаралық деңгейде қолданылуы керісінше шектелуде. Мысалы, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO), Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы, Халықаралық теңіз ұйымы (IMO), Еуропа кеңесі, ПАСЕ, Ақшаны жылыстатумен күрестің халықаралық шараларын әзірлеу тобы (FATF), Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы ұйымы және Парламенттік ассамблеясы, басқа ұйымдар өз жиын-отырыстарын орыс тілінде өткізуден, тіпті орыс тілінде синхронды аударма жасаудан бас тартуда. Сонымен бірге олардағы Ресейдің мүшелігі тоқталды.

Бұл ретте Duolingo орыс тілін үйретуге 2015 жылы кірісіп, тиісті тегін курстарын іске қосқан еді. Содан бері бұл тіл тұрақты түрде Топ-10 қатарынан табылып келді.

Ахуал былтырдан бері өзгеріпті. 2022 жылғы қазаннан биылғы қазан аралығында орыс тіліне сұраныс күрт төмендеді. Ал танымал тілдер ондығында орыс тілін португал тілі ығыстырып, ондыққа сол кірді.

"Сарапшылардың пікірінше, бұл факт аса маңызды 2 мәдени бетбұрысты көрсетеді. Біріншіден, орыс тіліне деген әлемдегі сұраныс Украинадағы соғыс салдарынан құлдырады. Екіншіден, халықаралық қоғамдастық, соның ішінде туристер тарапынан да Бразилиямен Португалияға деген қызығушылық артып келеді. Португал тілін үйренуге аймақтың лидері саналатын Бразилияның көршілері де ынта-ықылас танытуда. Нәтижесінде, Боливия, Парагвай, Уругвай және Венесуэлада халық көп үйренетін шет тілдеру арасында португал тілі екінші орынға шықты", – делінген "Duolingo Language Report 2023" есебінде.

Парагвай, Уругвай тұрғындары португал тілін үйренуге іңкәрлік жөнінен алдына жан салмайды. Оларда осы тілді әрбір 5-ші адам үйреніп жүр.

Жалпы алғанда, бүгінде әлемде таралуы жөнінен португал тілі – латын алфавитін қолданатын тілдер арасында ағылшын мен испан тілінен кейінгі үшінші орынға шықты. Төрткүл дүниеде бұл тілді шамамен 250 миллион адам өзінің "ана тілі" санайды.

Егер оны меңгергендерді қосса, португал тілінде сөйлеушілер саны жарты миллиардқа жуықтайды. Бұл тілді меңгергендерді "лузофония" деген ортақ атау біріктіреді. Заманауи Португалияның орнында болған байырғы Римнің Лузитания провинциясының атынан шыққан. Ал португал тілінде сөйлейтін елдер аймағы "лузофония" деп аталады.

Украина тілі алға озды

Duolingo аға ғылыми қызметкері, доктор Синди Бланконың айтуынша, Украинадағы қанды қырғын әлемде украин тіліне деген қызығушылықты туғызды. Жаһан жұртшылығы "әлемдегі №2-ші армияға" төтеп берген елдің болмысын, рухын оның тілі арқылы түсінуге тырысты. Әйтпесе, бұрын халықаралық қауымдастық бұл елді "орыс тілді аймақ" санап келген.

"Бүкіл әлемдегі адамдардың 37%-ы украин тілін меңгеруден Украина халқымен ынтымақтастығын, ауызбіршілігін білдірудің мүмкіндігін көріп отыр. Украиналықтарға қаржылай, материалдық, немесе сөзбен қолдау көрсету үшін де украин тілін үйреніп жатқандар бар. 2023 жылы украин тілін барынша көп азаматы үйреніп жүрген елдердің көшін Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Польша және Ресей бастады", – деп мәлім етті доктор Синди Бланко.

Duolingo жылдық есебінде "тұрғындары украин тілін ара-тұра, жүрдім-бардым емес, тәртіпті, үздіксіз, ұдайы үйренетін елдердің тізімі" елең еткізеді. Онда көшті Австралия тұрғындары бастады. Одан кейін Канада мен Финляндия келеді.

Украинаның өзінде де енді украин тілі – үйренушілері ең көп тілге айналды. Бұрын орыс тілін білгеніне тоқмейілсіп келген тұрғындар бүгінде украин тілінде сөйлесуге жаппай көшіп жатыр.

Украина тұрғындары сонымен бірге алғаш рет "тілді ұқыпты үйренуші еңбекқорлардың" бестігіне кірді. Олардың алдында Беларусь, Жапония, Венгрия және Ресей тұрғындары тұр.

Сарапшылардың пікірінше, жапондар әрдайым тіл үйренуге құштар. Беларусь пен Ресей тұрғындары болса, тілді өзге елге эмиграциялану, өзі мен балаларының жарқын болашағын қамтамасыз ететін ел іздеу үшін үйренеді.

Полиглот елдер кімдер?

Өткен жылы тұрғындары 3 және одан көп тілді игеруге талпынған елдердің рейтингінің басында Финляндия мен Ұлыбритания тұрған еді.

Биыл тіл үйренуге деген ынтығушылық жөнінен немістер британдықтарды артта қалдырды: Германия Ұлыбритания патшалығын үшінші орынға сырғытты.

2023 жылы корей тілі әлемдік рейтингте итальян тілін басып озып, 6-шы тұғырға табан тіреді. "Таң самал елінің" тілі бүгінде Үндістанды қоса алғанда, бірқатар ірі мемлекеттерде үздік тілдердің ондығына кірді. Корей тілін үйренушілер саны бір жыл ішінде 75% артты.

Duolingo әлем жұртшылығы түгіл, өз тұрғындары да қызығуды қойып, теріс айнала бастаған тілдерді атады. Осы сервис мәліметтерді жинап, жыл сайынғы есептерін жариялауға кіріскелі бері швед тілі Швецияда да елдің ынтасын тудырмайтын тілге айналыпты. Мысалы, Швеция тұрғындары испан тілін үлкен құштарлықпен үйренеді.

Ұқсас ахуал дат тіліне қатысты қалыптасуда. Бұрынғы жылдары дат тілі ең құрығанда Данияның өзінде танымалдылығы жөнінен екінші орында тұратын. Енді ол өз Отанында танымалдылығы кеміп, үшінші орынға сырғып, испан және неміс тілдеріне жол берді.

Duolingo есебінде қазақ тілі туралы ештеңе айтылмаған. Себебі, бұл сервисте қазақ тілі оқытылмайды. Оның сарапшылары мұны сұраныстың аздығымен түсіндіреді.

Осы аптада, 2023 жылғы 25 желтоқсанда Change.org халықаралық петициялар порталында "Include the Kazakh Language in Duolingo's Language Courses" (Duolingo тілдік курстарына қазақ тілін қосыңыздар!) деген петиция пайда болды. Қуаныш Өзбеков есімді азамат құрған сол петиция Duolingo командасына өтініш болып табылады.

Алайда бүгінде бұл петицияға небәрі 7 адам қол қойыпты. Бұл да сұраныстан хабар берсе керек. Бәлкім, қазақ тілі болашақта халықаралық танымал тілдердің қатарына қосылар? Әзірге қазақ тілін өз елімізде дамыту міндеті аса өткір тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу