Әлімжеттікті көбіне бетін қақпай өсірген балалар жасайды

831

Буллингті кімдер жиі жасайды?

Әлімжеттікті көбіне бетін қақпай өсірген балалар жасайды Фото: canva.com

Биылғы 15 сәуір күні Президент әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Енді кәмелетке толмағандарды жәбірлегендерге, атап айтқанда, буллинг, кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі – құжаттың 127-2-баппен толықтырылуы. Мұнда "Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) ескерту жасауға немесе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетіні" көрсетілген. Егер де әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде буллинг қайталанса, онда 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

"Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, он екі жастан он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған әрекет ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді", - делінген заңда.

Тиісті норма биылғы 16 маусымнан бастап күшіне енеді.

Жалпы қолданыстағы заңнамада буллинг сөзіне келесідей анықтама берілген.

"Баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі  әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) телекоммуникация желілері және (немесе) онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг)", - деп жазылған "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңда.

Буллингті көбінесе еркетотай, бетін қақпай өсірген балалар жасайды

"Буллинг дегеніміз физикалық, психоэмоционалдық тұрғыдан балалардың бір-біріне қысым көрсетуі. Физикалық тұрғыдан буллинг жасау дегеніміз баланы ұрып-соғу болса, психоэмоционалдық буллингке баланы мазақтау, келемеждеу, күлкіге қалдыру жатады. Ата-аналар балаларына кейде "таяқ жеме, есеңді қайтар" деп үйретеді. Бірақ буллинг көрген баланы еш уақытта кінәламау керек. Оған керісінше қолдау көрсеткен жөн. Егер балаңыздың көңіл-күйі түсіп, сабаққа барғысы келмесе, үнемі бағалы заттарынан айырылып қалса, соның өзінен-ақ баланы біреу қыспаққа алып жүргенін сезінуге болады. Ата-ана мұндай жағдайда баласымен ашық сөйлесіп, оған кім қысым көрсетіп жүргенін сұрауы керек. Егер буллинг жасап жүрген баланың есімі белгілі болса, онда соның ата-анасымен тікелей сөйлесуі керек. Оның өзінде де бұл сөйлесуді ұрыс-керіске айналдырмаған жөн", - деді педагог-психолог Жанар Сейітмағанбет.

Сөзінше, ата-аналар балаларына өз шекарасын қорғауды ғана емес, өзге адамның шекарасына өтпеуді де үйреткен дұрыс.

"Сынып ішінде болып жатқан буллингті ең бірінші сынып жетекшісі байқайды. Асханада, қоңырау кезінде немесе сыртта болып жатқанды балалардың өзі айтпаса, оны ата-анасы байқайды. Себебі психологиялық, физикалық тұрғыдан қысым көріп жүрген баланың көңіл-күйіндегі өзгеріс бірден белгілі болады. Ата-ана күн сайын баласымен сөйлесуі керек. Одан бүгінгі күні қалай өткені, қандай жағдай болғаны, не нәрсе уайымдатқаны туралы сұрағаны жөн. Мектеп ауыстырғанда балалар ортаға бірден қосылып кете алмайды, жаңадан келген балаларды шамалы шеттетіп жатады. Психологиялық қысым көріп жүрген баланың кейде сабағы да нашарлап кетеді, тәбеті қашады, бөлмесінен шықпай, отырып алады", - деп атап өтті спикер.

Психолог буллинг көріп жүрген баланы бірден байқауға болады деген пікірде.

"Буллингті жасайтын балалар көбінесе жанұясында еркетотай, бетін қақпай өсірген, өзін ешкім ренжітіп көрмеген, соның дегені болған. Мұндай балаларда өскенде эмпатия, жанашырлық болмайды. Өйткені олардың өздерінің жаны ауырып көрмеген. Ондай балалар көбіне қысым жасап жатады. Сосын махаббатқа зәру балалар болады", - деді педагог-психолог Жанар Сейітмағанбет.

Буллингтің 4 түрі бар

Психотерапевт Самал Самарқанқызы қоғамда психологиялық сауаттылық өте төмен деп есептейді.

"Бұл жағынан келгенде ізденетін, оқитын, балама жақындайын, көмектесейін дейтін ата-аналар өте аз. Қоғамда жаман бала, жақсы бала, бұзық бала, сотқар бала деп айтылады. Бұл түбірімен қате нәрсе. Баланың санасы әлі піспеген деген сөз бар. Бір бала басқа баланы төмпештеп ұрып жатса, ол бала қатігез деген сөз емес. Балада әртүрлі эмоциялар бар, олар оны бақылай алмайды. Сол үшін жандарында ересек адамдар, тәрбиешілер болуы керек. Буллингтен бала кезінде зардап шеккен адамдар 30-40 жасында терапияға келіп тұрады. Солардың өмірін зерттесем, олар буллингке ұшырағанын үйдегі ата-анасына білдіртпейді. "Маған тиісіп жатыр, маған қол көтеріп жатыр, мені құтқарыңдар, маған көмек керек" деп айтпайды. Буллингке ұшырап жатқан балалар үнсіз шыдап жүр. Неге? Себебі сенім ұялататын жылы кеңістік жоқ. Сол кеңістікті жасау ересек адамдардың жауапкершілігінде. Ол мұғалім болсын, ата-ана болсын", - деп атп өтті ол.

Сарапшының айтуынша, ата-анасынан зәбір көрген балада шарасыздық пайда болады.

"Үйде шарасыздық сезінген баланың психикасы онымен күрескісі келеді. Ол ата-анасына қарсы шыға алмайды. Баланың бойында шарасыздық сезімі тамыр жайып, ол басқа балаларға әлімжеттік көрсетеді", - деп толықтырды психотерапет.

Самал Самарқанқызы буллингтің төрт түрі болатынын айтады. Бірінші түрі – физикалық, бұл ұрып-соғу, денеге зақым келтіру. Екіншісі – эмоционалды буллинг.

"Оны көп жағдайда ата-аналар мен мұғалімдер жасайды. Мысалы, жаза қолданады, үндемей қояды, баланы байқамағандай жүреді. Физикалық буллингтан да қауіптісі эмоционалды буллинг. Оның ішінде баланы елемеу. Көп ата-ана баланы осылай жазалайды. Үшінші түрі – вербалды. Яғни бейәдеп сөздер қолдану, баланың намысына тиетін сөздер айту, кекету, мысқылдап сөйлеу. Төртіншісі – виртуалды буллинг. Оған жала жабу, күйе жағу, қоқан-лоққы көрсету жатады", - деп түсіндірді спикер.

Сарапшыдан буллинг жасайтын адамның портретіне тоқталуын сұрадық.

"Жан жарасы және тұла бойында шарасыздық сезімі бар адам. Оның өзіне көмек керек. Шарасыздық қалай пайда болады? Баланың өз жақындарынан көрген зорлық-зомбылықтан туындайды. Мәселен, егер баланы ата-анасы ұрып жатса, ол шарасыз күйде қалады. Сол шарасыздық күйін балалар еңсере алмай қалады. Салдарынан агрессия, қатігездік туындайды. Буллинг жасайтындардың көбісіне қарым-қатынас жағын емдеу керек", - деді ол.

Психотерапевт қысым болған кезде баланың эмоциясы басылып қалатынын баса айтты.

"Іштей басылып қалған эмоцияның барлығы бәрібір адамның тәнінде сақталады. Буллингке ұшыраған балаға психотерапевттің көмегі керек. Өйткені үлкен кешенді жұмыс жасауы тиіс. Мұғалімдердің тарапынан эмоционалды интеллектті дамыту шараларын қолға алу керек", - деп қорытындылады психотерапевт Самал Самарқанқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу