Алматылықтар 400 метрден артық жаяу жүрмейтін болады

3131

Биыл Алматы қаласының "жаңа сәулет бейнесі" бекітіледі деп күтілуде. 

Алматылықтар 400 метрден артық жаяу жүрмейтін болады Фото: canva.com

Онда елімізде бұрын-соңды болмаған біраз жаңашылдықтар қарастырылған.

Таяуда еліміздің ең ірі мегаполисінің мәслихаты "Алматы қаласының дизайн-кодын бекіту туралы" шешім қабылдайды деп жоспарланған. Тиісті құжат қоғамдық талқылаудан өтті, қорытындылар да алыныпты.

Жалпы, қолданыстағы "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңының 47-1-бабында Астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін "Бірыңғай сәулеттік стиль" тұжырымдамасын бекіту көзделген. Тиісінше, олардағы кез келген құрылысты салу кезінде бірыңғай стиль сақталуға тиіс.

Бірақ сақтала бермейді, өйткені Алматы әкімдігінің түсіндіруінше, заңнамада лайықты архитектуралық стильдің ұғымын, оның не екенін ашатын анықтама берілмеген, толыққанды нормалары қарастырылмаған, нақты талаптар да белгіленбеген. Ендеше бұл тұрғыда Алатаудың бөктеріндегі әсем шаһар өзге қалаларға өнеге болатын жолбасшы, ізашар болғалы тұр. Мұндай құжат ел тарихында алғаш рет қабылданбақ.

Әкімдіктің сендіруінше, Алматы қаласының ортақ дизайн-кодын қабылдау оның "лайықты сәулет бейнесін" дәл түсінуге, дұрыс ұстануға, сондай-ақ жаңа сәулет үлгісін дамыта отырып, ғимараттардың тарихи архитектуралық стилистикасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі түптеп келгенде қала нысандарының эстетикалық бірлігін, тұрғындар үшін жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

Бір қызығы, әкімдіктің байламынша, қалада бір сәулет стилінің болмауы, талғамсыз, алабажақ кейіпке ену алматылықтардың жанына психологиялық жарақат салатын көрінеді.

"Бұл салада ешқандай тыйымдардың болмауы түрлі субъектілердің ақпараттық нысандарды, жарнамаларды, маңдайшаларды өз білгенінше, өз қалауынша орнатуына, ғимараттарды күтіп ұстаудан бас тартуына жол ашты. Қалада бірыңғай стилистика жоқ, ақпараттық объектілер бейберекет орналастырылады, қалалық құрылыс үлгісі реттелмейді. Сондықтан ұсынылған реттеу тұрғындардың құқығын қорғауға, визуалды ластаудан адамдар денсаулығына келетін теріс ықпалды жоюға, қоғамдық орындарда қолайлы ортаны түзуге, архитектуралық бейнені сақтауға бағытталған", – делінген әкімдіктің түсініктемесінде.

Сондықтан қала басшылығы "2025 жылға қарай визуалды шуды 100% жою" жөнінде нысаналы мақсат белгілеп отыр.

Бұл ретте қала билігі "екі жеп, биге шықпақ". Бір жағынан, тұрғындардан тоқтаусыз тасқындаған шағымдар легі азайтылады, екінші жағынан қаланың сәулет бейнесін тиісті қалыпқа келтіруге жыл сайын жұмсалатын бюджеттік шығындар қысқармақ.

Әкімдіктің мәліметінше, кейінгі жылдары сауда орындары, түрлі салондар және басқа да кәсіпкерлер жазғы уақытта жарнаманы асфальтқа түсіруге жаман үйреніп алды. Мысалы, компания атауын, мекенжайы мен байланыс телефонын жерге бояумен баттитып жазады. Дүкенге бағыттау үшін сол жаққа қарай адамның ізін салып қоятындары да бар. Клиенттердің назарын аудару үшін ойына келгенін, қиялы жеткенін істейді.

Енді мұндай шығармашылыққа түпкілікті тыйым салынбақ. Нәтижесінде, тротуарларды, велосипед жолдарын және көлік трассаларын жарнама берушілердің "туындыларынан" тазартуға немесе қайта бояуға қала шығындалмайтын болады.  

Алматы қаласының дизайн-коды жобасының тағы бір қызықты тұсына қала тұрғыны, белсенді Салтанат Бектұрсынова назар аударыпты. Оның айтуынша, жобада маңдайшаларға, сыртқы жарнамаға, ғимараттардың қасбет-фасадтарына, муралдарға және басқаларына қатысты көптеген жаңалық бар.

"Бірақ соның ішінде қоғамдық көліктің аялдамаларына қатысты талаптар ықыласымды аударды. Атап айтқанда, "көлік аялдамалары қаланың бүкіл территориясында бірыңғай жоба бойынша орындалуға тиіс" деп жазылыпты. Демек, аялдамалар жаңа аялдамалық кешендерге жаппай ауыстырылуы мүмкін. Әйтпесе, қазіргі кезде қалқайып тұрғандарына қалалықтардың көңілі толмай жүр. "Тұрғын аудандарда автобус аялдамалары қалалықтардың бірде біріне өз үйінен, жұмысынан, бұқаралық танымал орындардан 400 метрден артық жаяу жүруге тура келмейтіндей етіп, жақын орналасуға тиіс" деген талап енгізілмек. 400 метрлік қолжетімділікті шынымен қамтамасыз ете алар ма екен? Мысалы, Ұлықбек даңғылында автобустар жүрмейді, адамдарға Алтынсарин немесе Саин көшесіне шығуға тура келеді", – деді тұрғын.

Дизайн-код қазіргі қалыпта бекітілсе, онда алматылықтар өз үйінің, дүкенінің, басқа да коммерциялық мүлкі мен ғимаратының жанына өзі қалаған гүлді немесе ағашты отырғыза алмайды. "Отырғызу материалының ассортименттік матрицасындағы" ұсынылған өсімдік түрлері арасынан таңдауы қажет. Бұл матрица Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің "Ботаника және фитоинтродукция институты" РМК Ғылыми кеңесі Алматы қаласы үшін ұсынған ағаш өсімдіктерінің ассортименті мен каталогына сәйкес қабылданбақ.

Жастар әлдебір қабырғаға сурет салу үшін әкімдіктің келісімін алуы шарт. Онсыз бұл бұзақылық саналмақ.

"Муралдарды, граффити, стрит-арт және қалалық кеңістіктердің өзге элементтерін орналастыру жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің келісімі бойынша жүзеге асырылады. Бұл үшін ол ұйымға мұрал, граффити, стрит-арт және қалалық кеңістіктердің элементтерін орналастыру туралы тиісті өтінішті, эскиздік жобаны, қасбеттің бұған дейінгі және содан кейінгі көрінісін бейнелейтін фотосуреттерін, объектінің меншік иесімен немесе өзге де заттық құқықтары бар адамдармен өзара шартты жолдау керек", – делінген ресми түсініктемеде.

Саясаттанушы, Urban Forum Kazakhstan басшысы Әділ Нұрмақовтың пікірінше, 2019 жылғы сынға ұшыраған ескі дизайн-код нұсқасына қарағанда енді "жақсы прогресс" байқалады.

"Дизайн-код дегеніміз – урбанистика саласындағы, қала деңгейіндегі жаңа саясат. Ендеше жаңа саясаттың негізгі міндеті – өмір сапасын арттыру, қоршаған ортаның функционалдық сипаттамаларын жақсарту сияқты қоғам үшін салмақты нәтижелерге қол жеткізу болуға тиіс. Бұл мұратқа ішінара қол жеткізілген. Ұсақ нәрселерге, егжей-тегжейге назар шоғырландыру да аңғарылады. Одан арылған маңызды: олар өмір ағысымен бірге тез ауысып жатады. Сондай-ақ тек қасбеттермен шектелмей, тұрғын және әкімшілік ғимараттардың шатырларын лайықты күйге келтіруге де мән берілгені жөн. Шатырлардың формалары ғимарат дизайнының маңызды элементі саналады, әрі қоршаған ортаның сапасына, тұрғындар мен бизнестің оны пайдалануына әсер етеді", – деген пікір білдірді урбанист.

Оның пайымдауынша, дизайн-код қоршаған ортаны эстетизациялау міндеттерімен шектелмеуі керек. Мысалы, муралдардың мазмұнынан гөрі қаладағы әрбір нысанның мүгедектігі бар адамдардың қозғалысына бейімделуі әлдеқайда маңызды. Сонымен қатар, Алматыда нысандарды сейсмикалық күшейту, жылуды оқшаулау, энергияны үнемдеу, ғимараттарды тұруға және жұмыс істеуге қолайлы ету бірінші орынға шыққаны абзал.

"Көзге әсем көрінсін" деген ұранмен кәсіпкерлікті шектей бермеген орынды. Мәселен, Стационарлы емес сауда объектілерін орналастыру қағидалары бөлімінде бизнестің нақты бір форматтарының түрлі қалалық орта аумақтарында орын тебуіне жол бермеу қарастырылған. Әрине, мегаполистің кез келген жерінде бұрынғыдай жайма базар ашып алуға болмайды.

Дегенмен Әділ Нұрмақовтың айтуынша, кәсіпкерлік қызметті және азаматтардың іскерлік бастамасын негізсіз шектеуден абай болған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу