Араб елдері бата алмаған іске Оңтүстік Африка барып, Израильді Халықаралық сотқа берді

2934

Оңтүстік Африка Израильді Газадағы соғыста геноцид жасады деп айыптап, одан әскери науқанын шұғыл түрде тоқтатуды талап еткен еді.

Араб елдері бата алмаған іске Оңтүстік Африка барып, Израильді Халықаралық сотқа берді Фото: inbusiness.kz

Халықаралық сот (ХС) осы іс бойынша тыңдаулар өткізіп жатыр.

Халықаралық сот дегеніміз не?

Халықаралық сот, кейде Дүниежүзілік сот деп те аталады. Ол – Біріккен Ұлттар Ұйымының мемлекеттер арасындағы дауларды қарау үшін 1945 жылы құрылған ең жоғары құқықтық органы. Оны жеке тұлғаларға қарсы әскери қылмыстарды қарайтын Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотпен шатастырмау керек.

Халықаралық соттың 15 судьядан тұратын алқасы дауласушы тараптардың есебінен кеңейтіле алады.

Оңтүстік Африка да, Израиль де 1948 жылғы геноцид туралы конвенцияға қол қойды. Бұл жағдай Халықаралық сотқа даулар бойынша шешім шығаруға құзыр береді. Қаралатын іс басып алынған Палестина аумақтары төңірегінде болғанымен, палестиналықтардың әлемдік сот процесінде ресми рөлі жоқ. Өйткені олар Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекет емес.

Геноцид туралы конвенцияға қол қойған барлық мемлекеттер геноцид жасамауға, сондай-ақ оның алдын алуға және сол қуғын-сүргінге қатысқан адамдарды жазалауға міндетті.

Геноцидке "ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты толық немесе ішінара жою ниетімен жасалған әрекеттер" деген анықтама берілген.

Оңтүстік Африка ісі дегеніміз не?

Оңтүстік Африканың 84-беттік құжатында Израильдің Газадағы палестиналықтарды өлтіріп, олардың психикасы мен денелеріне ауыр зақым келтіріп, "физикалық жойылуына әкелетіндей жағдай туындатып", геноцидке ұшыратып жатқаны айтылған.

Сонымен қатар шағымда Израильдің Хамаспен үш айдан астам соғысы кезінде Газа секторына қажетті азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, отын, баспана және басқа да гуманитарлық көмектер берілмегені көрсетілген. Оңтүстік Африка сотқа түсірген арызында Газа денсаулық сақтау органдарының мәліметіне жүгініп, Израильдің жалғасып жатқан бомбалау операцияларынан Газа секторының көп бөлігінің жойылғанын, 1,9 миллионға жуық палестиналықтың үйлерін тастап кеткенін және 23 000-нан астам адамның қаза тапқанын көрсеткен.

"Израиль бұл әрекеттердің барлығын геноцид туралы конвенцияны бұзып жасап жатыр және де Израиль өзінің лауазымды тұлғаларының геноцидке баруын тежей алмай отыр", – деп жазылған африкалық елдің шағымында.

Осы жайттарды мәлімдей отырып, Оңтүстік Африка Халықаралық соттан Израильдің заң бұзушылықтарын тоқтату үшін шұғыл шаралар қолдануды сұраған.

Израильдің жауабы қандай?

Израиль Президенті Исаак Герцог Халықаралық соттың ісін "адам шошырлық әрі қисынсыз" деп атап, Газадағы бейбіт тұрғындардың қырылуына жол бермеу үшін бар күш-жігерін жұмсап жатқанын мәлімдеді.

Израильдің шабуылы 2023 жылдың 7 қазанындағы Хамастың трансшекаралық шабуылдарынан кейін басталды. Сол күні исламшыл топтың жауынгерлері Израильдің оңтүстігінде 1 200 адамды өлтіріп, 240 тұрғынды ұрлап әкетті. Израиль осыдан кейін басталған әскери операцияларының тек хамастықтарды жоюға бағытталғанын, ал Газа халқының өзіне дұшпан еместігін мәлімдеп отыр.

"Біз Халықаралық сотта болып, халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес өзімізді қорғауды тәсілдерін мақтанышпен ұсынбақпыз", – дейді Герцог.

Тыңдауда не болады?

Тыңдаулар 11 және 12 қаңтарда өтеді. Оңтүстік Африка мен Израильге шағымды қолдап немесе оған қарсылық білдіру үшін екі сағат уақыт беріледі. Тараптар өз позицияларын бір күнде емес, әртүрлі күнде білдіре алады. Ешқандай куәгердің айғақтары келтірілмейді және сұрақ-жауап болмайды. Тек мемлекеттік шенеуніктер мен олардың халықаралық заңгерлер тобының заңды дәлелдері ғана қарастырылады.

Шаралар туралы шешім тыңдаудан кейінгі апталарда қабылдануы керек.

Халықаралық сот шешімдері біржолата қабылданады және апелляцияға жатпайды. Бірақ Халықаралық сотта бұл шешімдерді орындату мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, Израильге қарсы шешім оның халықаралық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін және осындай жаңа істерге жол ашуы ықтимал.

Биньямин Нетаньяху​: Бәрі халықаралық құқық ережелеріне сәйкес...

Халықаралық қылмыстық сотта Оңтүстік Африканың талабы қаралмас бұрын Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху сөз сөйледі.  

Ол Израиль Газа секторын басып алуды немесе бейбіт тұрғындарды қуып шығуды көздемейтінін айтты.

"Израиль Палестина халқымен емес, Хамас содырларымен күресіп жатыр және бұның бәрі халықаралық құқық ережелеріне сәйкес іске асырылуда", – дейді Биньямин Нетаньяху.

Оның айтуынша, Хамас бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдалану үшін барын салуда.

"Біздің мақсатымыз – Газа секторындағы Хамас содырланың көзін құрту және кепілге алынғандарды босату. Осыған қол жеткізілгенде ғана Газа секторы қарусыздандырылып, радикалдардан босатылады", – деді Израиль Премьер-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу