Президент: Өзіңіз – қыпшақсыз… Атамекеніңізге келдіңіз деcек, артық болмайтын шығар

2617

Мажарстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болып қала береді. 

Президент: Өзіңіз – қыпшақсыз… Атамекеніңізге келдіңіз деcек, артық болмайтын шығар Фото: aqorda.kz

Бұл туралы Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Виктор Орбан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мажар делегациясына көрсетілген қонақжайлылық үшін алғысын білдірді.

"Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді", - деді Виктор Орбан екіжақты кездесу барысында.

Оның сөзінше, екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың әлеуеті зор.

Мажарстан Премьер-Министрі Қазақстанда соңғы рет пандемияға дейінгі кезеңде болғанын атап өтті.

"Ол кезде біздің ісіміз өте жақсы серпін берген болатын. Ол қарқынға қайтадан жетуіміз керек. Сіздердің табыстарыңызға қуанып отырамыз. Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан ел. Туыстарымызда істердің жақсы жүруі бізге де жақсы. Отбасы мүшелерінде барлығы жақсы болған кезде біз бәріміз бақыттымыз. Қазақстанға әр келген сайын осындай ойлармен кетемін. Батыс пен Шығысты түсіну әрқашан да қиын болатын. Бірақ біз әлемге, бейбіт өмірге бірдей көзқараспен қарап келе жатырмыз", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан осы бауырластықты, өзара тиімді қарым-қатынасты бұдан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.

"Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, осыған дейін Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан ресми сапармен Қазақстанға келгенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу