Азия ойындарына қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды

1050

Қытайдағы жазғы Азия ойындар былтыр өтуі керек болған. Алайда пандемия салдарынан кейінге шегерілген еді.

Азия ойындарына қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды Фото: meta-ratings.kz

Бокстан Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы белгілі болды. Ханчжоуда өтетін Жазғы Азия ойындарына бас бапкер Мырзағали Айтжанов төмендегі боксшыларға сенім артып отыр: 51 келі - Сәкен Бибосынов, 57 келі - Махмұд Сабырхан, 63,5 келі – Ертуған Зейнуллинов, 71 келі - Асланбек Шымбергенов, 80 келі - Нұрбек Оралбай, 92 келі - Сағындық Тоғамбай, +92 келі - Қамшыбек Қоңқабаев

Сондай-ақ бокстан Қытайдағы ХІХ жазғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы да анықталды.  Ханчжоудағы бәсекеде ел намысын Назым Қызайбай (51 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) қорғайды.

Байрақты бәсекені "Qazaqstan" және "Qazsport" телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. ХІХ жазғы Азия ойындарына қатысушылар саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Осыдан 5 жыл бұрын Джакартада өткен Азиадада 11 300 спортшы бақ сынаған, ал биыл Ханчжоуда 12 500 атлет сынға түседі. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысушылар санынан да көп (11 420 спортшы).

ХІХ Азия ойындары 23 қыркүйек - 8 қазан аралығында Қытайда жоспарланған және спорттың 40 түрінен медальдар сарапқа салынады. Азия ойындарының ту ұстаушылары Қазақстанның танымал спортшылары. Олар - бокстан ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруге маманданған спортшы Надежда Дубовицкая.

Шымбергенов 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол бокстан қазіргі әлем чемпионы, Азия чемпионы және 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Дубовицкая 1998 жылы 12 наурызда Семейде дүниеге келген. Ол өз мансабында әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері, сондай-ақ құрлық рекордының иегері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу