Балалар үйлерінің 36 тәрбиеленушілері Қарағандыда бір жылдық кәсіптік бағдарлау курстарында оқыды

453

Кәсіптік бағдарлау курстары бүкіл оқу жылында өткізілді.  

Балалар үйлерінің 36 тәрбиеленушілері Қарағандыда бір жылдық кәсіптік бағдарлау курстарында оқыды Фото: AYALA қоры

Оған Қарағанды облысының екі балалар үйінің балалары мен колледж оқытушылары қатысты. Жобаны CUMMINS Қазақстан компаниясының қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры іске асырды.

Балаларды кәсіптік бағдарлау 2021 жылы CUMMINS Қазақстан компаниясының барлық қажетті жабдықтарымен жарақтандырылған шеберханалар базасында өтті. Онда еріктілермен шеберлік сыныптары және педагогтармен стандартты сабақтар өткізілді. Ал колледж оқытушыларының қатысуымен жүйелі кәсіптік бағдарлау алғашқы рет өткізіліп отыр. Осындай ұзақ мерзімді оқытуды жүргізу үшін компания қажетті нәрсенің барлығына: кондитерлік курстарға арналған өнімдерге, үстелге орналастыруға арналған ыдыстарға, маталарға, жіптерге және тігін шеберханасына арналған интерактивті тақтаға бюджет бөлді.

"Біздің компания үшін корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жобалары – өңірлердегі қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Біз Қарағанды облысында жұмыс істейміз және қиын өмірлік жағдайдағы балаларға көмек көрсетуге, ерекше білім беру мүмкіндіктері бар балаларды дамытуға және оқытуға қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Біздің қызметкерлер кәсіби бағдарлау курстарына белсенді түрде қатысты: еріктілер ретінде келіп, балалармен шұғылданды, қалай дайындалатынын үйретті, оқудың қалай өтіп жатқанын тексерді. Қайырымдылық ісіне жеке қатысу - бұл біздің бүкіл ұжым мен компания жаһандық деңгейде қолдайтын құндылықтар", - деді CUMMINS Қазақстан директоры Эль Акики Танус Михаэль.

"Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығында" 27 жасөспірім өз қалауы бойынша екі білім беру бағыты бойынша бөлінді: "Кондитерлік іс" және "Мейрамхана ісі". Аптасына екі рет оларға "Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің" оқытушылары сабақ берді. Қыркүйектен сәуірге дейін олар балалармен бірге 21 тақырып бойынша сабақ өткізіп, 6 шеберлік сыныбын ұйымдастырды. Балалар дайындауды үйренген ең күрделі тағам – тәжірибелі кондитерлерге де оңай болмайтын мусс десерті. Қазір оқуға қатысушылар "бітіру" емтихандарына дайындалуда.

"Біздің кәсіптік бағдарлау бойынша оқытуымыз толығымен тәжірибелік тұрғыдан жүргізіледі. Сондықтан да балалардың емтихандары олардың дағдыларын тексеру үшін қабылданады: олар кондитерлік өнімдерді дайындайды және безендіреді, үстелдерге ыдыс орналастыру және тапсырыстармен жұмыс істеуде өз шеберліктерін көрсетеді. Білімін ақтық тексеруден сәтті өткен әрбір бала "Кәсіптік бағдарлау" жобасы шеңберінде курстардан өткені туралы сертификат алады. Сертификаттарда біз балалардың оқуда өткізген сағаттарының санын көрсетеміз: "Кондитерлік іс" құзыреті бойынша - 32 сағат, ал "Мейрамхана ісі" құзыреті бойынша - 25 сағат. Бұл сертификаттар біздің тәрбиеленушілерге болашақта қоғамдық тамақтану жүйесіне жұмысқа орналасуға көмектеседі деп үміттенеміз. Осындай пайдалы және қажетті оқытуды ұйымдастырғаны үшін CUMMINS Қазақстан компаниясы мен AYALA Қайырымдылық қорына алғыс айтамыз", - деп атап өтті Қарағанды облысының "Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының" директоры Дәнекер Сәулебайқызы Сейсекина.

"Таңшолпан" өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында" "Тігін ісі" курсы бойынша 9 қыз бала кәсіптік бағдарлау оқуынан өтті. Курстың жалпы ұзақтығы 134 сағатты құрады. Оның қатысушылары нөлден бастап пішуді және тігуді үйренді. Енді олар жастық тысын, тұтқыштар, косметикалық сөмкелер, алжапқыштар мен шопперлер жасауды біледі.

    "Біздің қыздармен аптасына екі рет оқытушы жұмыс істеді. Онымен бірге олар ең негізінен бастады: қалай пішім жасау керек, қандай тігістер болады. Бірте-бірте қарапайымынан күрделісіне қарай 8 ай ішінде олар тұрмыста әдемі, сапалы және пайдалы нәрселер жасауды үйренді. Барлығы сабаққа қуана-қуана қатысып, ынталанды, шыдамдылық пен төзімділікті үйренді. Біз олардың нәтижесімен мақтанамыз және бұл жобаны келесі жылы AYALA қорымен және CUMMINS Қазақстан компаниясымен бірге жалғастыруға үміттенеміз", - деді "Таңшолпан" БҚО директоры Серік Елтайұлы Әмірханов.

Балаларға қолдау көрсететін екі орталықтағы сабақтар "Жасөспірімдерді кәсіптік бағдарлау" жобасының жалғасы болды, оны AYALA қайырымдылық қоры Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырып келеді.

"Тиімді қайырымдылық – бұл жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан және айналамыздағы өмірді жақсы жаққа өзгертуге көмектесетін жобалар. Қарағандыдағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтарындағы жасөспірімдер үшін кәсіптік бағдарлау – CUMMINS Қазақстан компаниясының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі біздің оқыту бағдарламаларымызға қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын тамаша үлгі. Балалардың осы курстарда алған барлық білімдері - болашақта өз бетінше өмір сүруге, мамандығы бойынша оқытудың келесі қадамдарын жоспарлауға пайдалы дағдылар", - деп атап өтті AYALA қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

Қор президенті сондай-ақ CUMMINS Қазақстан компаниясының қолдауымен "№ 3 арнайы мектеп-интернатта" аудио сынып жабдықталғанын айтты. Ол 1-4 сыныптардың балаларына толық есту-сөйлеу ортасында шұғылдануға көмектеседі. Оқушылардың жұмыс орындары микрофоны орнатылған пульттермен жабдықталған. Мұғалім сабақ кезінде радиомикрофонның көмегімен сынып бойынша еркін жүре алады.

"Бұл біздің қор Қазақстанның арнайы мектеп-интернаттарына беретін 4 аудио сынып. Олар өздерін өте жақсы көрсетті. Өйткені оқушының пульті арқылы оның есту аппаратына немесе құлаққаптарына мұғалімнің микрофонынан, өзінің пульті мен сыныптағы барлық оқушылардың пульт микрофонынан анық әрі сапалы дыбыс беріледі. Мұғалімнің басқару пульті оған материалды сабақ, дәріс режимінде беруді таңдауға, оқушыларға сауалнама жүргізуге, сондай-ақ оқушылар үшін сыныптың фондық шудан педагогтың дауысын бөліп алуға мүмкіндік береді. Жабдық сабақты балалар үшін де, педагог үшін де барынша пайдалы өткізуге көмектеседі", - деп түсіндірді Айдан Сүлейменова.

AYALA қоры "Айрықша балаларға - айрықша назар" жобасы аясында аудиосыныптарды тапсырды. Бұл жоба бүкіл Қазақстан бойынша түзету мектеп-интернаттары мен Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін балалардың естуін, көруін, назарын жақсартуға, зиятын дамытуға көмектесуге арналған арнайы жабдықтармен жарақтандыруға көмектеседі.

2007 жылдан бастап бұл жобамен Қазақстанның 50 қаласында 20 мыңнан астам бала қамтылды. Қор 19 емдік дене шынықтыру кабинетін орнатты, 19 сенсорлық бөлме мен 5 Монтессори бөлмесін жарақтандырды, Қарағанды, Атырау және Петропавл қалаларында 4 аудиосыныпты жабдықтады, түзету логопедтік жабдығын, TOMATIS аппаратын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын нығайту және жан-жақты дамыту үшін басқа да көптеген қажетті құрылғыларды орнатты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу