Билік тасқынға айыптыларды жазалауға кірісті

10266

Қаржылық мониторинг агенттігі, Бас прокуратура айыптыларды тергеуді бастап кетті.

Билік тасқынға айыптыларды жазалауға кірісті Фото: primeminister.kz

Ақтөбе облысындағы бөгеттің жарылуы үшін жеке компания жазалануы мүмкін. 5 сәуір күні қарғын су ағыны салдарынан Мағаджан су қоймасының бөгеті бұзылған болатын. Сол күні Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысына шұғыл ұшып шықты.

Премьер су қоймасындағы жалпы көлемі 15,8 миллион текше метр суды ұстап тұрған Мағаджан бөгетінің "жұртын" аралап көрді. Бұл бөгет сонау 1985 жылы пайдалануға берілген екен. Гидротехникалық құрылыс жекеменшік "Тұлпар" ЖШС компаниясының иелігінде. Оның бұзылуы салдарынан, бірнеше елді мекенді, соның ішінде Ақтөбе қаласын су басып қалды.

Осы орайда Қаржылық мониторинг агенттігі бөгеттер мен су қоймаларын салуға және күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуына, талан-тараж етілуіне қарсы іс-қимылын бастағанын жария етті. Ол қимылдар бастапқы кезеңде үш өңірді қамтиды.

Мәселен, ҚМА Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгетін сенімді басқаруға алған компанияның басшылығының үстінен тергеу бастапты.

"Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің үш облысында мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Олар селден қорғайтын бөгеттер мен су қоймаларын салуға және тиісті жөндеуге, өзен арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізуіге міндетті болған. Осы арқылы су тасқыны кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс еді", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Қаһарлы ведомство өзгелерге үлгі болатын нақты мысалдар келтірді.

Біріншіден, Алматы қаласында ТЖМ-ге қарасты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесімен келісімшартқа отырған мердігер ұйымның директоры "бюджет қаражатын жымқырды" деген күдікке ілікті. Компания Алматыда "Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу" жобасын іске асырған.

Агенттіктің мәліметінше, бұл ЖШС-ның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы, аса ірі көлемде, бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бар. Залал сомасы алдын ала есеп бойынша 775 миллион теңгеден асады.

Екінші тергеу – Ақтөбе облысындағы апатқа қатысты басталды.

"Өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, ауыр зардаптарға әкеп соғу фактісі бойынша Ақтөбе облысындағы "Магаджан" бөгетін және су қоймасын сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Анықталғандай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттерін тиісінше орындамаған", – деп мәлім етті ведомство.

Соның кесірінен, агенттіктің түсіндіруінше, биылғы 5 сәуірде Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан су қоймасындағы "Магаджан" бөгеті күйреді.

"Су тасқыны салдарынан Алға ауданының Бесқоспа, Қызылту және Табантал ауылынан 215 адам, оның ішінде 96 бала, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Елек және Қарғалы өзенінің маңында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындары эвакуацияланды", – деп ақпарат ұсынды агенттіктің баспасөз қызметі.

Үшіншіден, Ұлытау облысында ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталды.

"Ол компания жалпы сомасы 485,5 миллион теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан. Бұл қаражатқа ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы территорияларды су басудан қорғау үшін Жезді өзенінің ұзындығы 2 шақырымды құрайтын теліміне санация жүргізуге тиіс болған. Алайда жобаны іске асыруды бақылаулық өлшеу анықтағандай, мердігер жоба бойынша жалпы сомасы 282,5 миллион теңгенің құрылыс-монтаждау жұмыстарын нақты орындамаған. Осы аталған жұмыстардың істелмегеніне қарамастан, мемлекеттік мекеме орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес, ЖШС атына 400 миллион теңгені аударған", – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Салдарынан, биылғы тасқын кезінде сол маңда 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланды.

Яғни, үш өңірде мемлекетке де, азаматтарға да басыартық шығын келіп отыр. Агенттік сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқанын ескертті. Ендеше алда жаңа істер қозғалуы, шығын көлемі артуы мүмкін.

Сондай-ақ оның барысында көрсетілген фактілерге қатысы бар барлық лауазымды тұлғалар анықталып, "олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі".

"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде өзге ақпараттар таратылуға жатпайды. Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланудың алдын алу мәселесі Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың тұрақты жеке бақылауында! Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады", – деп сендірді агенттіктің баспасөз қызметі.

Шынында, Табантал ауылдық округінен 22 шақырым жерде орналасқан Мағаджан бөгеті бұзылған соң оның су қоймасынан лақылдап аққан су Алға ауданын басып өтіп, Ақтөбе қаласының іргесіне дейін жетті.

"Тасқын судың жолында Алға ауданының Бесқопа, Қызылту, Табантал ауылдары қалды. Сондықтан оларда нақты тұрып жатқан 215 адам, соның ішінде 96 бала орта мектепке, туыстарының үйлеріне эвакуацияланды. Төрт түлік мал қауіпсіз жерге айдалды. Табантал өзенінде жағаны бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады журналистерге облыстық төтенше жағдайлар департаменті.  

Соның алдында Ақтөбе облысында Щербаков бөгеті де бұзылған.

Жалпы, бұл – тергеулердің тек басы болса керек. Өз кезегінде Бас прокуратура да кінәлілерді анықтау шараларын қабылдап жатыр.

"Ең күрделі жағдай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында қалыптасуда. Прокуратура органдары нақты елді мекендерді су басу, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа объектілердің қирау себептерін анықтайды. Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылылығы мен толықтығы зерттелуде. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға берілетін болады", – деп мәлім етті Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Өткен апта соңындағы жағдай бойынша прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастап кетті.

Қазіргі кезде су басқан оннан астам аймаққа қыруар гуманитарлық көмек, бюджет қаражаттары бағытталуда. Олардың да талан-тараж болмауы қадағаланса жөн.

Тасқын шығыны шаш-етектен. Су астында қалған мыңдаған үйлерді мемлекет пен демеушілер салып береді. Бұған қоса, мүлкінен айрылған елдің шығыны бюджеттен өтелмек. Ол миллиардтар да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе, құп.

"Әрбір зардап шеккен отбасыға қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетіледі. Бұл мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Өтемақы алу алгоритмі Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережелермен нақты реттелгенін түсіндіреміз. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы материалдық көмек төлеуге кірісті", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 200 шақырым суару желісі шұғыл тазартылғанын жеткізді. Барлығы 500 шақырымнан астам су арнасын тазалау жоспарланып отыр.

Каналдарды тазарту жұмыстары Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жүргізіледі.

Сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарында, БҚО және ШҚО-да 74 гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарланған.

Еліміздегі су қоймаларындағы 12 сәуір күнгі жағдай келесідей:

  • Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 99%-ға толы. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды.
  • Астана су қоймасына түсетін су транзиттік режимде жіберіліп жатыр. Су қоймасына ағынның төмендеу үрдісі байқалады. Яғни, министрліктің сендіруінше, елорданы су басу қаупі жоқ көрінеді. Нысанда тәулік бойы мониторинг жасалынады. Есіл өзенінің қалалық арнасы арқылы тасқын суын қауіпсіз өткізу жұмысы жүргізіліп жатыр.
  • Атбасарға су тасқыны қаупі төнді: Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып жатыр!
  • Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, өзен суының арнасынан шығуы жалғасып жатыр!
    Осы сағатта Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1038 см, ол бір тәулікте 144 см-ге көтерілді. Аймақта жағдай – күрделі!
  • Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Өңірдегі жағдай әзірше тұрақты.
  • Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы 80% толды.
  • Абай облысында Шүлбі су қоймасы 97%-ға толып қалды. Аймақта су тасқынының белсенді кезеңі басталды. Су басу қаупі төнді!
  • Батыс Қазақстан облысындағы 4 ірі су қоймасы 72%-ға толды. Ресейдің Иреклі су қоймасынан жіберілген алапат су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде!
  • Қарағанды облысында 4 ірі су қоймасы 100% толды, өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Жағдай тұрақты.
  • Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Су тасқынының белсенді кезеңі артта қалғаны айтылды. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр.

"Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және әр екі сағат сайын мониторинг жалғасып жатыр", – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева.

Министрлік елді мекендерді су тасқынынан қорғау және тасқын суын жинау мақсатында 20 су қоймасын салатынын жариялады. Олардың салынатыны кейінгі бес жыл бойы сөз болып келеді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа су қоймалары 11 облыста бой көтеретінін нақтылады.

Соның ішінде тек 5 су қоймасының құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді.

Еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына реконструкция жасалады. Бұл 70 мың адам тұратын 64 елді мекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың га суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу