Бір жылда Мәжіліс қандай жұмыс атқарды?

1186

Палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Ел Президенті 26 заңға қол қойды.

Бір жылда Мәжіліс қандай жұмыс атқарды? Фото: inbusiness.kz

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, өткен жыл Қазақстан Парламентінің нағыз жаңару кезеңі болды.

"Көктемгі сайлау қорытындысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды. Бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді", – деді Мәжіліс спикері.

Мәжілісте сессия басталғалы бері Палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Мемлекет басшысы 26 заңға қол қойды.

"Заң шығару жұмысында біз Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, жыл сайынғы жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерімізді салдық. Әділетті Қазақстанның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар. Соның бірі заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару. Осы заңның арқасында елге 1 триллион теңге көлемінде активтер қайтарылды", – деді Ерлан Қошанов.  

Бұдан бөлек, "Ұлттық қор – балаларға" заңы қабылданды. Депутаттардың бастамасымен жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орындарының 50 пайыз үлесі міндетті түрде мемлекеттің меншігінде болады.

"Бұл заң Президенттің "Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі" деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зиянды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар, бизнеске үлкен қолдау болатын заңды бүгін қабылдап отырмыз", – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы сессия барысында барлығы 233 депутаттық сауал жолданғанын атап өтті.

"Мәжілістегі биылғы сессияда қазақстандықтарды толғандыратын барлық өзекті мәселелер талқыланды. Бұл лудомания, вейптер, діни тәрбие, несие, тұрмыстық зорлық-зомбылық, өндірістегі қауіпсіздік, бағаның өсуі және т.б. Парламенттік тыңдауда қазақстандықтардың несиеге тәуелділігін азайту және қаржылық сауаттылықтың өзекті мәселелері талқыланды. Депутаттардың сындарлы ұсыныстары кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бастамашылық жасалған заң жобасына енді. Конституциялық реформаны орындау үшін жоғары аудиторлық палатаны тыңдау практикасы басталды. Депутаттар жылумен жабдықтау және су ресурстары мәселелері бойынша есептерді тыңдады", – деді спикер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу