Енді Бурабайға бару үшін де бақуатты болу керек

2147

Себебі, жаңа жылда Салық кодексінің 591-ші бабына толықтырулар күшіне енеді.

Енді Бурабайға бару үшін де бақуатты болу керек Фото: stihi.ru

Оған сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) территориясына автокөлікпен және жаяу кіру үшін ақы алу жүйесі өзгертілді.

Нәтижесінде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, бүкіл Қазақстан бойынша "ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды" пайдалану ақысының келесі жаңа ставкалары қолданысқа енгізіледі:   

  • жаяу жүргіншілерден әрбір кіргені үшін – 0,1 айлық есептік көрсеткіш (2024 жылы 369,2 теңгеден);
  • мотоцикл, мопед, квадроцикл мінген адамдардан – 0,2 АЕК (738,4 теңгеден);
  • жеңіл автомобиль жүргізушілерінен – 0,3 АЕК (1 108 теңгеден);
  • 16 орындыққа дейін бар микроавтобустардан және жүк көліктерінен – 1 АЕК (3 692 теңгеден);
  • 32-ге дейін орындығы бар автобустардан – 2 АЕК (7 384 теңгеден);
  • Орындықтарының саны 32-ден асатын автобустардан – 3 АЕК немесе 11 076 теңгеден жиналады.

ЕҚТА шекарасының ішінде орналасқан елді мекендерде тұрақты тіркелген және тұрақты тұрып жатқан немесе сол аумақта саяжайлық жер телімдері бар жеке тұлғалар бұл алымдарды төлеуден босатылады.

Бұл Бурабайға жақын орналасқан елді мекендердің жұртшылығының наразылығын туғызып жатыр.

Себебі, жергілікті Tirazh.kz басылымының мәліметінше, Бурабай ұлттық паркінің басшылығы іргедегі, бірақ ЕҚТА территориясынан тыс жатқан Щучинск қаласының, сондай-ақ Бурабай, Бұланды, Еңбекшілдер аудандарының тұрғындарына да бұдан былай ұлттық парк ішіне жаяу немесе көлікпен кіру үшін алым төлеуге тура келетінін хабарлаған.

Бұрын жергілікті тұрғын ретінде олар ақы алудан босатылып келді және туып-өскен жердегі орман мен тау-тасты еркін кезе алатын. Оның үстіне жасыратыны жоқ, отыз жылдан астам уақыт ішінде билік оларға көңіл көтерудің басқа қолжетімді түрлерін ұсына алмады. Тек қаптатып казиноларды, салтанатты санаторийлер мен қонақүйлер кешендерін ғана салып шықты. Тіпті халық үшін жабдықталған тегін қоғамдық жағажайлар шегі барған сайын тарылып, кеміп барады.

Биліктің бұл жаңалығы жергілікті жұртқа "жаңажылдық" жағымсыз тосынсыйға айналды. Щучинск қаласының және іргелес аудандардың тұрғындарын біріктіретін әлеуметтік желідегі топтарды наразы сөздер, ашынысты ойлар кернеп тұр.

"Бұлай болмайды, іс насырға шабуы мүмкін. Щучинск қаласы мен аудандарымыздың тұрғындарына орман мен тау жоталары тегін болуға тиіс. Биліктегілер, тәубаларыңа келіңдер!", – деп халықтың ортақ пікірін жеткізді Олег Сидоренко есімді тұрғын.

Бұл бір жағынан, облыс және қала басшылығының атына кір келтіргелі тұр.

Люба есімді жергілікті тұрғынның айтуынша, халық Бурабай территориясына кірудің ақылы болуына әкімдерді кінәлайды.

"Жаңа әкім сайлауалды бағдарламасын іске қосып жатқан шығар?", – деп әжуалады ол.  

Еске сала кетсек, 2022 жылғы 26 маусымда өткен Бурабай ауданының Щучинск қаласы әкімінің сайлауында өзін-өзі ұсынған, 1990 жылы туған, "Шидай" ЖШС директоры Олжас Нұрмағамбетов жеңіске жеткен еді. Алайда ол бұл лауазымында бір жылдай ғана отырды. Биылғы тамызда Instagram эфирінде О.Нұрмағамбетов: "Сұрақтарын бір жеріне тықсын!" деп жұртшылыққа тіл тигізіп, менмендік танытқан соң оның үстінен қызметтік тексеру басталды. Оның қорытындысында Щучинскінің сайланған әкіміне қатаң сөгіс берді.

Ақырында ол өз еркімен отставкаға кетті. Бурабай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің сол күнгі өкімімен Щучинск әкімі Нұрмағамбетов Олжас Байболатұлының өкілеттігі тоқтатылды.

Бүгінде қала әкімінің кім екенін, аты-жөнін тұрғындар да біле бермейді екен. Щучинск қаласы әкімдігінің ресми сайтында да ол туралы өзекті ақпарат жоқ. Жергілікті әкімдіктің өкілдері Щучинск қаласын қазіргі кезде Асхат Мұхамеджанов басқаратынын жеткізді. Бір қызығы, А.Мұхамеджанов Instagram-дағы жеке парақшасында өзін "Бурабай аудандық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты, "Бурабай Стройцентр" ЖШС директоры" деп таныстырады.

Әрине, ұлттық парк аумағының жергілікті халық үшін ақылы болуына әкімнің еш кінәсі жоқ.

Әділдік іздеген тұрғындар оффлайн-петиция жариялап, қол жинап жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, петицияға жұрт Щучинскідегі "Ақжелкен" гипермаркетінде, Саяжолдағы базарда және "Попутчиктің" қарсысындағы "Ақжолда" (тәулік бойы) қолдарын қоя алады.

Онда халық "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығынан жергілікті тұрғындарды алым алудан босатуды сұрайды.

Тұрғындардың айтуынша, парк аумағына ел тек табиғат аясында тынығып, қыдыру үшін ғана емес, қазіргі қымбатшылық пен тоқырау заманында тамағын табу үшін кіреді: саңырауқұлақ жинайды, азын-аулақ балық аулайды.

"Бурабай" ұлттық паркі аумағына жатқызылған жер телімдеріндегі бұрыннан орын тепкен саяжайларда, ескі тұрғын үйлерде көптеген қария тұрып жатыр. Қарт ата-анасы мен туысқандарын бағып-қағу, күтімін жасау үшін де тұрғындар ұлттық парк аумағына кіруге мәжбүр.

Сонымен бірге жергілікті табиғат қамқоршылары, ерікті азаматтар орман ішін, бұлақтарды, көлдер жағасын қоқыстан тазартумен, көшеттерді күтіп-баптаумен, орман ішін абаттандырумен ұдайы айналысатын. Ересектер балаларды, жас ұрпақты туған өлкемен, оның қоршаған ортасымен жақын таныстырады, патриотизмге тәрбиелейді.

Ақы жиналуы салдарынан енді мұның бәрі мүмкін болмай қалайын деп тұр.

"Халықтың төзімі таусылуға таяды, біз қарсылық акцияларын өткізуге дайынбыз. Себебі, бұған дейін шенеуніктер белсенді түрде жұртшылықты тегін қоғамдық жағажайлардан да айырды", – деп жазады петиция авторлары.  

Шаруасы шатқаяқтап тұрған осы шағын қаланың тұрмыс тауқыметінен шаршаған тұрғындарына биліктің пандемия кезіндегідей "үйлеріңнен шықпай отырыңдар, табиғатта бой жазбаңдар" деп өрісін тарылтқаны жөн болмады.

Дегенмен, Үкімет өз ұстанымында табандады.

"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға іргелес жергілікті тұрғындардың тегін кіруі кесірінен ұлттық парктердің территориясына жиі енетін автокөлік құралдарының саны көбейіп кетті. Олар үшін қандай да бір шектеулердің жоқтығы салдарынан көлік саны барған сайын артуда. Автомобиль иелері шығарынды газдарымен қоршаған ортаны ластағаны үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды", – деп дәйектеді даулы заңды әзірлеп, қабылдаттырған Ұлттық экономика министрлігі.

Бұл министрлік бюджетті қалыптастыруға жауапты. Содан мұның артында елден жиналатын алым-салықты арттыру талабы тұрғанын Парламент депутаттары да сынаған болатын. Сондықтан жаяу адамдардан да ақы алу енгізілген екен. Бірақ сынай отырып, бәрібір құптады.

Бұл мәселеде билік пен халық арасында түсіністіктің жоқтығы байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу