Ел футболындағы шегі жоқ сенім кредиті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2289

Бес рет қатарынан ұтылса да, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Александр Бородюкке шүбәсіз сенеді.

Ел футболындағы шегі жоқ сенім кредиті

Футболдан Қазақстан құрамасының тізгінін Ресей маманы Александр Бородюк қолына алғалы ұлттық құрама жеңілістен көз ашар емес. Бес ойын өткізіп, бесеуінде де жеңілістің кермек дәмін татты. Ұтылғаны былай тұрсын, өрнекті ойын үлгісін көрсетуден қалып барады...

Ресей маманы Александр Бородюк биыл 27 ақпан күні Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкері болып бекітілген. Содан бері біздің құрамамен бес ойын өткізіп, бесеуінде де ұтылды. Доп айырмасы: 2–14. Осы бес ойынның біреуі жолдастық кездесу де, төртеуі 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясындағы ресми кездесулер болатын.

Атап айтқанда, 22-наурыз күні Ларнакада Кипр футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Іле-шала Арарат аңғарына барып, Армения құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясындағы бесінші матчын өткізіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Ал 10 маусым күні, Алматыда 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары шеңберінде алтыншы кездесуін өткізіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл жолы 1:3 есебімен Дания құрамасынан жеңіліп қалды.

Қыркүйекте екі ойын өткізді. Алтын күздің бірінші күні Астанада Црна Гора құрамасын қабылдап, 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Үш күннен кейін Варшавада Польша футболшыларынан тура осындай есеппен (0:3) жеңіліп, жанкүйерлерімізді тағы да жерге қаратты.

19 қыркүйек күні Қазақстан футбол федерациясында Жаттықтырушылар кеңесінің отырысы өтті. Осы жиында ҚФФ Спорттық менеджері Игорь Утробин федерация басшыларының Александр Бородюкке әлі де сенім артып, қолдау көрсететіндігін мәлімдеді. Бұл шыдамдары шегіне жете бастаған футбол жанкүйерлеріне мүлде ұнаған жоқ, әрине...

Осы айда ұлттық құрамамыз 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы екі ойынын өткізеді. Әуелі, яғни 5 қазан күні түзде Румыния құрамасымен кездесіп, 8 қазанда Армения футболшыларын Астанада қабылдайды.

Алайда соңғы екі ойынның алдында Қазақстан құрамасының сапы селдіреп, кейбір ойыншыларына сенім арта алмайтын болып отыр. Нақтырақ айтқанда, бірнеше ойыншымыз жарақат алып, маңызды кездесулер қарсаңында қатардан шығып қалды. Олар – Серікжан Мұжықов, Дмитрий Шомко, Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин, Александр Мокин.

Құрама селдіреп қалғандықтан, бапкерлер құрамы алаңға шыққанынан, шықпағаны, тіпті қосалқы құрам орындығында отырған көп Сергей Малыйды ("Астана), соңғы турларда бірінші лигада ойнап жүрген Бауыржан Тұрысбекті ("Қайрат") шақыртыпты...

Кеше Қазақстан ұлттық құрамасы Бухарестке тікелей рейспен ұшып кетті. Жоғарыда жазғанымыздай, біздің уақытпен қазанның 5-інен 6-сына ауған түні (00:45-те) Румыния құрамасымен түзде биылғы жылғы соңғы ойынын өткізеді.

Румынияға кеткен Қазақстан құрамасының сапы

қақпашылар – Давид Лория ("Ертіс"), Стас Покатилов ("Қайрат"), Игорь Шацкий ("Шахтер");

қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый (бәрі де – "Астана"), Елдос Ахметов, Ғафуржан Сүйімбаев (екеуі де – "Қайрат"), Дмитрий Мирошниченко ("Тобыл"), Виктор Дмитренко ("Шахтер");

жартылай қорғаушылар – Исламбек Қуат ("Қайрат"), Еркебұлан Тұңғышбаев, Азат Нұрғалиев ("Ордабасы"), Асхат Тағыберген ("Астана"), Аслан Дарабаев ("Ертіс"), Мақсат Байжанов ("Қайсар");

шабуылшылар – Таңат Нөсербаев ("Ордабасы"), Бауыржан Тұрысбек ("Қайрат"), Роман Муртазаев ("Астана"), Алексей Щеткин ("Тобыл"), Сергей Хижниченко ("Шахтер").

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу