Елдегі сұрапыл тасқынға тағы бір "айыпты" табылды

43707

Мемлекет әлі күнге еліміздегі ағын судың цифрлық есебін жүргізе алмай отыр.

Елдегі сұрапыл тасқынға тағы бір "айыпты" табылды Фото: triptonkosti.ru

Аңыраған ел, қаңыраған ауылдар, жайрап қалған жан-жануар. Үкіметке "айтып келмеген апат" Қазақстан мен оның халқын шығынға батыруды жалғастыруда. Осы орайда бірқатар сарапшы мен қоғам белсенділері астатөк көлемдегі қызыл судың келетінін биліктің не себепті ғарыштан түсіріп, өлшеп, алдын ала болжап білмегенін сынап жатыр.

Шынында, сонау 2020 жылы ел Үкіметі журналистерге сауын айтып, жаһанға жария етіп, бұдан былай елді су басуға жол берілмейтінін, қазақстандық спутниктер ғарыштан мониторинг жүргізетінін хабарлады.

Сол кезде "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының мамандары ақпарат құралдарына түсініктеме беріп, сол тұстағы ІІМ-нің төтенше жағдайлар комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері лайықты шаралар қабылдай алуы үшін ғарыштық мониторинг жасайтындарын, тиісті геоақпараттық жүйелер құрылғанын, құтқарушылар Жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілімдері мен олардың талдауларына кең қол жеткізетінін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ тасқын қаупі туындайтын маусымдарда www.kchs.gharysh.kz геосервисінде күн сайын, тәулігіне екі рет ғарыштық түсірілімдер жарияланатыны, соның негізінде мамандар қардың жабынғысына және еруіне қарай тасқын жағдайын, қауіп-қатерін бағалай алатыныны айтылды.

"Жерді қашықтан зондтау және жер учаскелерін цифрландыру жүйесі Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су басу аумағын жедел анықтауға мүмкіндік берді. KazStSat және KazEOSat-1 қазақстандық спутниктерінен, сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық әріптесі – Airbus D&S спутнигінен алынған ғарыштық мониторинг деректері өңірдегі су тасқыны жағдайын талдауға негіз болды. Бұл Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіндегі цифрланған кадастрлық деректердің арқасында мүмкін болды", – деп мақтана хабарлады сол 2020 жылы Цифрлық даму министрлігі.

Геосервисте су басқан аудандардың хал-жайы, қандай өзен-көлдің жағасынан шыққалы тұрғаны, тасыған судан оның жанындағы ауыл-кентке, жолға, басқа да маңызды инфрақұрылымдық объектіге дейін қанша қашықтық қалғаны және басқа да бүкіл атрибутикалық ақпарат берілетіні дәріптелді.

Бүгінде аталған геоақпараттық сервис істемейді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов депутаттардың сауалына жауабында мүлдем басқа жағдайды сипаттады. Су саласы сол бойы цифрландырылмапты.

"Қазіргі уақытта біздің министрлік Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның су саласын цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы" АҚ-ы hydro.gov.kz деп аталатын, су ресурстары бойынша Интерактивті геоақпараттық сервис құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ақпараттық жүйеде Бірыңғай су кадастры қалыптастырылады. Онда әрбір су объектісінің кеңістіктік деректері, гидротехникалық құрылымдар, бөгеттер мен бөгендер, су шаруашылығы бассейндері мен олардың учаскелері, гидропосттар және басқа объектілер көрініс береді", – деп отыр су министрі.

Жалпы, мұның бәрі 2020 жылы жасалған геосервисте болуға тиіс еді.

Нұржан Нұржігітов ел бюджеті қаражатына қайтадан жасалып жатқан жаңа геоақпараттық платформада елдегі су шаруашылықтары субъектілерінің есептері орналастырылып, оны тапсыру ісі автоматтандырылатынын айтты.

Сондай-ақ республикадағы әрбір өзен мен көлде қалыптасқан ағымдағы су шаруашылығы ахуалы туралы талдамалық ақпарат "визуализацияланатын" болады. Су объектілерінің және бөген-плотина сияқты гидротехникалық құрылымдардың паспорттары электронды форматқа ауыстырылмақ (Президент үш жыл бұрын тапсырма бергенімен, әлі күнге ауыстырылмаған).

Бұдан бөлек, су айдындарының жағдайына ғарыштық мониторинг нәтижелері де осы hydro.gov.kz жаңа порталында орналастырылатыны белгілі болды.

Су ресурстары министрі Н.Нұржігітов жаңа ақпараттық жүйені өнеркәсіптік қолданысқа енгізу тек жылдың екінші жартысында, 2024 жылғы ІІІ тоқсанға жоспарланып отырғанын жеткізді. Яғни, қазіргі тасқын судан қорғануға, жалпыхалықтық күреске оның көмек, қайыр, пайдасы жоқ көрінеді.

Министр елімізде қолдан жасалған аса ірі су қоймасы саналатын Бұқтырма мысалында биыл елдің суға қарық болатынын білгендерін білдірді. Былтыр бұл алып су қоймасы тартылып, таязданып қалған болатын. inbusiness.kz бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, жазды.

Бірақ қыс келе жағдай өзгере бастағанын су ресурстары ведомствосы анықтап, білген екен.

Министрдің мәліметінше, "биылғы қыс маусымының аномальды жылы болуы салдарынан, Ертіс өзенінде мұздың түзілуі процесі 2024 жылғы наурыз айына дейін созылды".

"Қыс кезеңіндегі су көлеміне тоқталсақ, Бұқтырма су қоймасындағы ахуал келесідей қалыптасты. 2023 жылдың желтоқсанында, бастапқыда 31 млрд 201 млн текше метр көлемінде су болды. Оған сағаларынан 618 млн текше метр су қосылды. Төменгі бьефке (ағысы бойынша сужинағыш құрылыстан, бөгет, шлюздерден жоғары немесе төмен орналасқан су қоймасының бөлігіне) 1 млрд 331 млн м3 су тасталды", – деді министр Нұржігітов.

2024 жылдың қаңтарының басында Бұқтырмада 30 млрд 421 млн текше метр су қалған. Оған жыл басында бірден 832 миллион м3 су құйылыпты. Сондықтан төменгі бьефке енді 1 млрд 426 млн текше метр су лақтыруға тура келген. Сөйтіп, қоймадағы су көлемін 29 млрд 787 миллионға дейін түсірген.

2024 жылғы ақпанда осыған тағы мол су – 709 миллион текше метр қосылды. Төменгі бьефке де орасан зор су – 1 млрд 433 миллионы аударылды.

Нәтижесінде, 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Бұқтырма су қоймасында 29 миллиард 25 миллион текше метр су жинақталған. Салыстырсақ, бір жыл бұрын, 2023 жылғы 1 наурызда Бұқтырмада тек 24 миллиард 410 миллион текше метр су болған еді.

Осылайда, жыл соңындағы молшылық арқасында өткен жылғы 1 наурыздан биылғы 1 наурыз аралығында су қоймасындағы кәусардың көлемі бірден 4 млрд 615 млн текше метрге ұлғайды.

Биылғы наурыз айының қорытындысы шығарылмаған, бірақ наурыздан бері қар мен мұз ағыл-тегіл еріп жатыр. Демек, көктем қорытындысында қалыптасатын көрсеткіш таңғалдырып, тамсандыруы мүмкін.

Көктемгі мол суды қаптаған арналармен жасанды су қоймаларына бұрып, реттеп, басқара алмаған Үкіметтің ұшан-теңіз су ресурсын ел игілігіне емес, апатқа айналдырып жібергені қынжылтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу