Елге 100 миллиард теңге табыс әкелетін заң өмірге жолдама алды

8446

Қазақстаннан капиталды сыртқа заңсыз әкету күрделене түспек.

Елге 100 миллиард теңге табыс әкелетін заң өмірге жолдама алды Фото: canva.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аптаның алғашқы күнінде, 25 наурызда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.

Ақорда өз түсініктемесінде бұл заңнамалық түзетулер "нарықтағы әділ бағаны айқындау" және "мемлекеттік бюджетке түсетін қаржының жоғалып кетуіне жол бермеу" үшін жасалып отырғанын мәлімдеді.

Бір қарағанда, бұл заң былайғы жұртқа қызықсыз, тіпті келіп-кетері жоқ, қажетсіз сияқты көрінеді. Ол халықаралық іскерлік операцияларда және осыған қатысты мәмілелерде трансферттік баға белгілеу ісін жетілдірді. Заң тауар биржаларындағы трансферттік баға белгілеу мәселесіне бақылау енгізді. Мәмілеге қатысушы тараптарды өзара байланысты деп тану критерийлері кеңейтілді және "өзара байланысты резидент емес тұлғалармен" мәмілелерге қатысушылар үшін жергілікті есептілікті ұсыну міндеттемесі енгізілді.

Шын мәнінде, заң жалпы жұртшылықтың өміріне залалын тигізіп, тұрмысын төмендетуге ықпал етіп жүрген бірқатар мәселелерді шешуді қарастырады. Соның ішінде газ, көмір, астық және басқа да тауарлық өнімдердің биржадағы бағасының реттелуі, капиталдың заңды айналып өтетін жолдармен шетелге шығарылуы сияқты қадау-қадау мәселелерді шешуге бағытталған.

Қазіргі кезде көмір, цемент, соя бұршағы, картоп, ұн мен қант, бидай, арпа, мақта, бензин, дизель отыны, битум және басқа да көптеген тауарлар ірі көлемде тек биржа арқылы саудаланады. Ол жақта бармақ басты, көз қысты тірлік өріс жайды.

Антимонополия агенттігі биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген өнімдердің биржалық сауда-саттығына талдау жүргізе келе, қордаланған жүйелі проблемаларды анықтады.

"Бұл проблемалар нарықтардың монополиялануына, бағалардың экономикалық тұрғыдан орынсыз, негізсіз қалыптастырылуына және соның салдарынан, нарыққа өнім жеткізілімдеріндегі үзілістер мен жасанды тапшылыққа соқтырды. Мысалы, елде қыс маусымы қарсаңында коммуналдық-тұрмыстық көмірдің тапшылығы туындап тұрады. Осы салаға жүргізілген антимонополиялық тергеп-тексерулер көрсеткендей, көмір өндірушілер оны қатары қатаң шектелген аз шоғыр жеткізушілері арқылы өткізеді. Соның кесірінен баға бәсекелестік арқылы арзандамайды. Көмір жекелеген компаниялардың мүдделері үшін ғана қызмет ететін "қалтадағы биржалар" арқылы сатылады", – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Оның дерегінше, мәселен, "Шұбаркөл көмір" АҚ-ы былтыр көмірін "Modern Trading Solutions" тауарлық биржасы арқылы сатуға шешім қабылдапты. Өз кезегінде "Modern Trading Solutions" биржасы өзінде тіркеліп, көмір сатып алғысы келген брокерлер мен дилерлерден жарғылық капиталдың 4%-ы көлемінде кіру жарнасын төлеуді талап ете бастаған. Бұл шамамен 95 миллион теңгеге тең. Осы арқылы биржаға өзгелердің мүше болуына тосқауыл қойылған.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, көмір өндіруші компаниялар бір жылғы өндіретін бүкіл көмірін бір жыл алға оза, алдын ала биржада, бір реттік сауда кезінде сатып жібереді, контрактілейді.

"Осы арқылы аталған ресурсқа басқа компаниялардың қол жеткізуі толығымен шектеледі: оларға бір реттік саудада жеңген көтерме сатып алушыларға (оптовиктер) жүгінуге тура келеді. Бұл ретте аталған "оптовиктер" шынында қағаз жүзінде ғана бар делдалдар екені әшкереленді: олардың не кеңсесі жоқ, не офисі әлдекімнің жеке пәтерінде тіркелген. Тиісті құрал-жабдықтары, өнім сақтайтын қоймалары жоқ. Оның үстіне көмір өндіруші компаниялардың көмірін биржада соны сатып алған "оптовиктерге" іс жүзінде жөнелтпегені нақты расталды. Ақырғы тұтынушыларға көмірді басқа делдалдар олардың өтінімі бойынша жеткізеді. Соның кесірінен қарапайым халық орасан зор шығын шегеді. Осындай жасырын ымыраласу салдарынан, Шұбаркөл, Қаражыра және Богатырь көмірінің тұтынушылары екі жыл ішінде нақты құнынан кем дегенде 52 миллиард теңгеге артық төлеген", – деп хабарлады Сауда министрлігі.

Президент қол қойған заң бұл мәселені шеше ме?

Консалтинг саласының маманы, Angels Niko Advisory басқарушы серіктесі Вера Капацина жаңа заң тауарлық биржаларда жасалатын мәмілелерге қолданылып келген жеңілдікті алып тастайтынын айтты.

"Меніңше, бұл – заңдағы ең маңызды түзету. Қарапайым адам үшін бұл нені білдіреді? Айталық, егер бизнесмен қомақты көлемде бидай сатқысы келсе, оны биржа арқылы өткізуі керек. Бұрынғы заңнама бойынша осыдан кейін бірде бір салықшы ешқашан оған келіп, өз өніміне деген бағаны қаншалықты дұрыс, әділ белгілегенін, соның негізінде салық төлеуге арналған табысты қалай анықтағанын тексермейтін. Бұдан былай тауарлық биржаларда жасалатын биржалық мәмілелер тексерілмейтін саладан шығарып тасталды. Мемлекет басқа барлық мәмілелер сияқты биржалық келісімдерді де бақылайтын болады", – деді Вера Капацина.

Атап өтетін жайт, 2019 жылы мемлекет "Трансферттік баға белгілеу туралы" заңының 3-бабына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, тауарлық биржаларда жасалған мәмілелерге трансферттік баға бойынша бақылау жүргізілмейді деген норма енгізілген болатын.

Сөйтіп, биржалардағы мәмілелерге бақылау жойылған. Енді мына жаңа заң тауар биржасында жасалған мәмілелерге мембақылауды қайтарып отыр. Құжаттың бірінші басты жаңалығының мәні – осы.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, ол кезде Үкімет алдында тауарлық биржаларды дамыту міндеті тұрды.

"Биржа көп жағдайда бағалардың бәсекелі түрде, ашық қалыптасатын алаңы ретінде қарастырылады. Дегенмен, соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, биржа дамымады. Сондай-ақ биржа арқылы шикізат бағасын нарықтық бағадан төмен деңгейде қалыптастырып, артынша ол өнімді шетелге арзанға сату фактілері әшкереленді. Әсіресе, астыққа, сұйытылған газға байланысты болған бұл фактілер салықтық бақылау, тексеру кезінде анықталды. Сондықтан бұл норманы алып тастау орынды деп танылды. Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық биржалық операция трансферттік баға белгілеу тұрғысынан бақылауға жатады", – деп мәлім етті Қаржы министрлігі.

Дегенмен, ведомство мамандары заң күшіне енген соң нақты қанша компанияның мемлекеттік бақылауға ілігетінін дөп басып айта алмады. Тек сұйытылған газды және бидайды сыртқа шығаратын 50-ге жуық компания бар екен, солардың бәрі де бақылауға ілігеді.

Қаржы министрлігінің ұстанымынша, еліміздің тауарлық биржалардағы мәмілелер шикізатқа нарықтық бағадан төмен құн белгілейді. Бұл компанияларға елден капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік береді.

Заң жобасының екінші басты жаңалығы да капиталдың негізсіз сыртқы әкетілуіне тоспа құруға бағытталған.

"Бұл заң едәуір өзгеріс енгізіп отыр. Сол өзгерістің бірі – өзара байланысты компаниялардың анықтамасын кеңейту. Яғни, экономикалық белгілер бойынша өзара байланысты тараптар анықталып, танылады. Мысалы, компания шикізат өндіріп, шетелге шығаратын болса, ол өзімен байланысты шетелдік сатып алушы компанияларына бағаны түсіріп сатады, сөйтіп елімізде салық төлемейді, яғни салықтан жалтарады. Соны болдырмау үшін олар нарықтық бағамен сатуы керек және нарықтық бағамен салық төлеуі керек. Бұл түзету осыған бағытталады. Кейбір схеманың ұштығын таба алмайсыз, өйткені құжат жүзінде ол компаниялар бір-бірімен байланысты емес. Ал іс жүзінде бір компания басқа фирмаларды өзі құрып, бақылап, сол арқылы ісін жүргізеді, салықты азайтады", – деді депутат Нұртай Сабильянов.

Халықаралық аудитор, консультант Игорь Сухолиттің айтуынша, заманауи халықаралық бизнестің үлкен бөлігі трансұлттық корпорациялардың бөлімшелері арасындағы операциялардан тұрады.

"Бір алып компания өзі өндірген шикізатты, өнімді шетелдегі өз фирмасына сатады. Сонда көбіне өнімді нарықтық бағадан арзанға береді. Корпорациялар өз кәсіпкерлік қызметінде капиталды шетелге әкету, салық жүктемесін азайту тәсілдерін үнемі іздейді, жетілдіреді. Көптеген компания салық салынатын табысын азайтып көрсету үшін трансферттік баға белгілеуді пайдаланады. Мұнай-газ, көмір, метал, астық болсын, оны шетелге сатқанда қазақстандық резидент шетелдік дилердің қызметіне жүгінеді. Ол делдал фирманы өзі құрып алуы мүмкін. Бірақ ол фирма шет мемлекеттің юрисдикциясында орналасқандықтан, оған Қазақстан Үкіметінің құзыры жүрмейді", – деді сарапшы.

Өз құжаттарында өнім өндіруші компания шетелдегі фирманың өзімен аффилирленген, үлестес компания екенін көрсетпейді. Жаң заң оларды көрсетіп, есеп беруге міндеттейді. Сонда жаңа заңды орындау үшін Үкімет олардың өзара байланысты компания екенін қалай анықтайды?

Біріншіден, егер шетелге сатылған тауарлардың экспорттық құнының 50%-дан астамы бір ғана компанияға тиесілі болса, ол соның өнімін алу бойынша эксклюзивті, басымдықты құқыққа ие деген сөз. Тиісінше, Қаржы министрлігі оларды бір-бірімен байланысы бар компаниялардың периметріне кіргізеді.

Бұл тұрғыда тағы бір схема бар. Елімізде тіркелген шикізат өндіруші компания көз қылып, шетелде өзі құрған фирмадан пайызсыз немесе өте арзан несие қаржы алған болады. Қарыз алу шарты ретінде "өніміңді мынадай бағамен шетелге экспорттайсың" деп төмен баға бекітеді. Осыған байланысты егер әлдебір компанияның тартқан қаражатының 50%-дан астамын бір фирма беріп, оның меншікті капиталына ықпал етіп отырса, Қазақстан енді оларды "өзара байланысы бар компания" деп қарайтын болады.

Салықтық практикаға талдау жүргізу негізінде Қаржы министрлігінің болжамынша, заң күшіне енген соң бюджетке 50-100 миллиард теңге қосымша қаражат түсуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу