Еуропа лигасында "екі жеп", бір ұтылдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1560

Еуропа лигасының алғашқы сатысында "Қайрат" пен "Ертіс" жеңіске жетіп, "Ордабасы" жеңілістің кермек дәмін татты.

Еуропа лигасында "екі жеп", бір ұтылдық

"Ертіс" бас бапкерінің отандастарынан басым түсті

Әуелі Павлодардың "Ертісі" мен Болгарияның "Дунав" клубы додаға түсті. Өткен маусымдағы еліміздің қола жүлдегері бұл ойынды жоғары қарқында бастады. Тіпті 5-ші минутта есеп ашып, алға шықты. Команда құрамына жақында ғана алынған Молдова шабуылшысы Игорь Бугаев сенімді ақтады. Оңтайлы сәтте асып-саспай, өз мүмкіндігін мүлт жібермей, теңбіл допты қақпа торында тулатты.

"Ертіс" бұдан кейін де айылын жимай шабуылдады. Қонақтарын тықсырып, қақпаларына қауіп төндірумен болды. Алайда, есепті ұлғайтудың сәті түспей қойды. Бірақ мойындауымыз керек, алаң иелері бірінші таймда ғана басымдық танытты. Ойынның екінші жартысында қонақтар дес берген жоқ.

Әйтсе де, бұл ойын Болгария маманы Димитар Димитровтың шәкіртерінің жеңісімен аяқталды.

Қарымта матч бір аптадан кейін (6 шілде күні) "Ертістің" бас бапкерінің отанында, яғни Болгарияда өтеді. Павлодар клубы түзде тең түссе, келесі кезеңге шығады. Тіпті "Дунавтың" қақпасына гол соғып, бір айырмасымен ұтылса да, Еуропа лигасын одан әрі жалғастырады.      

"Ертіс" (Қазақстан) – "Дунав" (Болгария) – 1:0 (1:0)

Гол: Бугаев, 5.

"Қайрат" қарсыласын қалпақпен ұрып алды

"Қайрат" Алматыда Литваның "Атлантас" клубын 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Клайпедадан келген футболшылар еліміздің күміс жүлдегерінің қарқынына төтеп бере алмады. 20 минуттай ғана тайталасып бақты. Болды, одан кейін қақпаларынан төрт рет доп қармады. Бұл – бірінші таймдағы ғана жағдай.

Екінші таймда да қонақтар "Қайраттың" қарқынына ілесе алмай қалды. "Атлантас" футболшылары Алатау бөктерінде білгендерінен жаңылып, өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Тіпті асып-сасып, ойын ережесін бұзған кездері де болды. Мәселен, осы ойындағы алты голдың екеуі пенальтиден соғылды.

Бұл ойында "Қайраттың" үш ойыншысы екі голдан соқты. Жанкүйерлерін риза қылып, ірі есеппен жеңіске жетті. Келесі кезеңге қай команданың шығатыны бірінші ойында-ақ шешілді. Алматылықтар Клайпедаға қосалқы құрамын немесе жастарын жіберсе де болар еді. Бірақ "Қайрат" олай істемейді, әрине. Деңгейі төмендеу болса да, қарсыласты бағалау керек.

"Қайрат" (Қазақстан) – "Атлантас" (Литва, Клайпеда) – 6:0 (4:0)

Голдар: Гоу, 21. Аршавин, 26-пенальтиден. Иличевич, 30. Аршавин, 42. Гоу, 50-пенальти. Иличевич, 73.

"Ордабасы" опық жеді...

"Ордабасы" Боснияда "Широки Бриег" клубынан ұтылып қалды. Өкініштісі, екі гол да өздерінің қателіктерінен кейін соғылды. Матчтың басында табан тіресе додаға түсіп, тайталасып бақты-ақ. Бірақ бірінші таймның аяғына қарай жүйкелері сыр бере бастады. Қорғаушылары мен қақпашысы жаза басып, жеңіліске ұшырады.

Әуелі орталық қорғаушысы П.Фонтанелло ойын ережесін бұзды. Төрешінің пікірінше, "Широки Бриег" шабуылшысын шалып жыққан. Пенальти! Алаң иелері есеп ашты. Көп ұзамай, бірінші таймға қосылған қосымша минуттың соңғы секундтарында "Ордабасы" қақпашысы А.Бекбаев әуелей ұшқан допты қағып жібермек болып мүлт кетті... Тағы да гол!

Екінші таймда "Ордабасы" футболшылары есепті қысқартуға тырысқандарымен, гол соға алмай қойды. Тым болмаса, бір доп соққанда жақсы болар еді. Енді бір аптадан кейін Алматыда есе қайтару керек. Үш доп айырмасымен жеңу қажет болады. Оңай емес, әрине... Енді тек әліптің артын тосамыз.  

"Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) – "Ордабасы" – 2:0

Голдар: Крстанович, 37, пенальтиден. Крстанович, 45+1.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу