Грузия басшысы Астанада қос думанға тап келді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1710

Қазақ еліне бүгін ресми сапармен Грузия президенті Георгий Маргвелашвили келді. Нұрсұлтан Назарбаев әріптесімен Ақордада кездесті.  

Грузия басшысы Астанада қос думанға тап келді

Грузия президентінің сапары екі айтулы оқиғаға тұспа-тұс келіп отыр және бұған елбасы да назар аудартты. Біріншіден, биыл Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Кеңес заманында екі ел де КСРО аясында өмір сүрді, тиісінше, Қазақстан және Грузия деген тәуелсіз елдер әлем картасында болған жоқ. Кейін кеңес одағы өкіріп барып, өмірем қапқанда, екеуі де өз алдарына жеке отау құрды.

Екіншіден, Маргвелашвили мырза өз сапарын Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетін кезге орайластырыпты. Тиісінше, ол ЕХРО көрме кешеніне бас сұғып, өз елінің ұлттық павильонын аралады және өзге елдер павильондарын тамашалауға да уақыт тапты.

"Сіздің осы сапарыңызға және Грузияның көрмеге қатысқанына дән ризамыз", – деді оған Нұрсұлтан Назарбаев. – Біздің қарым-қатынасымыз әркезде де жақсы болды. Елдеріміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір-біріне жан-жақты көмек көрсетті. Қазақстан – Грузия экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Екіжақты қатынастарды одан әрі жақсартуға ешқандай да кедергі жоқ. Бұл тұрғыда сіздің сапарыңыздың маңызы зор".

Грузия президенті еліміздің даму қарқынына қызығушылық танытып, Қазақстанға келуге көптен ықыласты болғанын айтты. 

"Сіздің және халқыңыздың қиындыққа толы осы жылдарда ауқымды жұмыс атқарғандарыңызды қазір өз көзіммен көріп отырмын. Грузин халқы сіздің еліңіз бен жеке өзіңіз тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылық білдіреді және оны бағалай біледі. Грузияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аса маңызды деп санаймын. Біз онда өз экономикамыздың жетістіктерін көрсетіп, дәстүрлі тату көршілік байланыстарымызды жалғастыра аламыз", – деп экономикалық байланыс жасауға шақырды Георгий Маргвелашвили.

Сондай-ақ Грузия президенті экономикалар ынтымақтастығының тұжырымдамасына өз елінің белсене қатысып, халықтар арасындағы диалогты дамытуға жағдай жасап отырғанын атап өтті.

"Сіздің осы бағытта орасан зор жұмыс атқарып жүргеніңізді білемін. Біздің елдеріміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бері дәл осы бағытта дамып келеді", – деп ілтипат білдірді Георгий Маргвелашвили.

Соңында ол Нұрсұлтан Назарбаевқа ұзақ жылдардан бергі қолдауы үшін зор алғыс білдіріп, Астанадан алған әсерлері жөнінде айтты. 

Ақордадағы кездесуде Грузия басшысы кеңес одағы кезін жиі ауызға алғаны бар. "Ол кез – сіздер үшін де, біз үшін де аса қиын заман болатын. КСРО ыдырағаннан кейін біздің бәріміз бірдей, ауыр жағдайда қалдық. Барлық шаруашылық байланыстар үзілді. Біз осы жағдайда төрт аяққа тең тұра алдық. Бұл біздің қолымыздан келді" деді Георгий Маргвелашвили.  

Ал елордаға Грузиядан келген тарихшы ғалым өз елінің "жаңа тарихының көп уақытын кикілжің, айтыс-тартыспен өткізіп алғанына" өкінеді.

"Грузин халқы да егемендікті армандаған халықтардың бірі еді. Біздің ата-бабамыз Ресей империясы құлаған 1918 жылы ел тәуелсіздігін жариялады. Бірақ қандықол қызыл үкімет егемендігімізді 1921 жылы тартып алды. Тарихи әділеттілік тек 1990-шы жылдың 9 сәуірінде қалпына келтірілген еді. Алайда Грузия өз тәуелсіздігінің басында өкінішті, өте көп қателерге жол берді. Әртүрлі көзқарастағы ұлттық көшбасшылар арасында алауыздық болып, олар халықты екіге жарды", – деп еске түсірді Грузияның Джавахишвили атындағы мемлекеттік университеті жанындағы тарих және этнография институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Важа Кикнадзе.

Ол 90-шы жылдары Грузия бастан кешкен қайғылы оқиғаларға тоқтала келе, осы елдің алғашқы басшысы Гамсахурдиаға қарсы саяси топтардың "Үкімет үйін" бомбалап, басып алғанын айтады.

"Сол кездегі оқиғалар кесірінен халық арасына жік түсті, елде сепаратизм өрістеді. Оның неге әкеліп соқтырғанын бүгінде бәріміз білеміз. Біз мәнсіз-мағынасыз, шетсіз-шексіз қырқыстарға тым көп уақыт жоғалтып алдық. Ел тіпті жаппай психоздық жағдайға жеткен шақтар болды. Ол оқиғалар енді қайталанбасын дейміз. Біз бейбіт өмірдің қадіріне жете білуіміз керек" дейді грузин тарихшысы Важа Кикнадзе. Ғалым бүгінде қазақ елінің Грузия инвесторларының біріне айналып, жергілікті инфрақұрылымға және кәсіпорындарға мол инвестиция құйып отырғанын растады.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 23 шілдеде орнатылды.

1992 жылы Қазақстанда Грузия елшілігі ашылды.

Грузияның еліміздегі елшісі Зураб Патарадзе (2013 жылы шілдеден) болса, ал Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанның Грузиядағы елшісі (2013 жылы  3 сәуірден) болып табылады.

Екіжақты ынтымақтастық 1993 жылғы 1 маусымда қол қойылған Қазақстан мен Грузия арасындағы негізгі қатынастар туралы  шартқа сәйкес дамып келеді.

Екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту және басымдық бағыттарын анықтау үшін тиімді механизм сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия болып табылады. ҮАК 7-ші отырысы Тбилисиде 2014 жылы  6-7 қарашада өткен.

Екі елдің тауарайналымы 2016 жылы 62 миллион долларды құрады. Яғни, азайған. Мысалы, 2014 жылда Қазақстан мен Грузия арасындағы тауарайналымы 114,8 млн АҚШ долларын құраған еді.

Мәдени байланыстарға келсек, 2014 жылдың маусым айында Тбилисиде Қазақ киносының апталығы өтті. 2014 жылғы 27-29 мамырда Қазақстандағы Грузия елшілігінің және Грузин мәдени отралығының бастамасымен Грузияның тәуелсіздігі күнін тойлау шеңберінде "Қазақстан" (Астана) Орталық концерт залында және Республика Сарайында (Алматы) "Эрисиони — Грузия қазынасы" атты академиялық ән және би ансамблінің концерті, "Rаdisson SAS" қонақүйінде ресми қабылдау кезінде грузин шарабының фестивалі, басқа да бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу