Ғылыми зерттеулер жүргізіп, тест жасауға қанша миллиард жұмсалатыны анықталды

3759

Қазақстанда зерттеулерді қаржыландырудың негізгі көзі – мемлекет қаражаты болып қалуда. 

Ғылыми зерттеулер жүргізіп, тест жасауға қанша миллиард жұмсалатыны анықталды Фото: testcenter.kz

Оның үлесі жалпы шығындардың 90%-ына дейін жетеді. Яғни, қазақстандық ғылымның шетелдік гранттарға қол жеткізу, жекеменшік инвесторларды жұмылдыру көрсеткіші тым төмен.

Мемлекет ел бюджетін биыл да түрлі зерттеулерді қаржыландыруға жұмсауын жалғастырмақ.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жоғарғы оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары мемлекетке "социологиялық, талдамалық зерттеулер, әлеуметтік сауалнама жүргізу және консалтингтік қызметтер көрсетіп" те, ауқымды табыс табады.

Мысалы, 2024 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Қазіргі заманғы Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде" атты әлеуметтік зерттеуі қаржыландырылады.

Университеттің түсініктемесінде бұл жоба аясында "Зияткерлік және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру жолында Абай мұрасының маңыздылығы бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеулер жүргізілетіні" айтылған. Бұл үшін ЕҰУ-ға 209,3 миллион теңге беріледі.

Еуразиялық интеграция институты "Саяси жаңғырту контексінде қоғамдық-саяси процестерді әлеуметтанушылық сүйемелдейтіні", яғни сауалнама жүргізетіні үшін 260 миллион теңге алады. Институт "Социологиялық зерттеулердің ғылыми тәсілдерін, сандық және сапалық әдістерін пайдалана отырып, Мемлекет басшысының жаңа реформалары шеңберінде жүргізілетін саяси жаңғырту процесіне қазақстандықтардың мінез-құлық үлгілерін және қоғамдық қабылдау деңгейін анықтауға" уәде етіп отыр.

Қазіргі депутат Ерлан Саиров негізін қалаған осы "Еуразиялық интеграция институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Қоғамдық институттар, диалог алаңдары жұмысын сараптамалық-талдамалық қамтамасыз еткені" үшін де қомақты қаржыны – 190 миллион теңгені қанжығалайды.

Институт бұл ақшаға "Президенттің жаңа саяси бағытын іске асыру мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу шеңберінде қоғамдық институттар мен диалог алаңдарының жұмыс істеуін сараптамалық-талдамалық қамтамасыз етуге" уәде етеді.

Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығының "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізілімін әзірлеп, білім беру бағдарламаларына сараптама жүргізуіне, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізілімін әзірлеуіне" 91,5 миллион теңге бөлінді.

Осы орталықтың "Аналитикалық есепті дайындау және әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу, Болон процесі контекстінде мониторинг жүргізу" қызметі 45,3 миллион теңгеге бағаланыпты.

Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы "Мамандығым – болашағым" атты кадрларды даярлаудан озық бағдарламалары үшін 200,7 миллион теңге иеленеді.

Тіл мен дін шығыстары қандай?

Республикалық бюджеттен Ұлттық тестілеу орталығы қызметін ұйымдастыруға және тесттер жасауға миллиардтар жұмсалады.

Соның ішінде биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім ұйымдарын бітірушілерге арналған ҰБТ және магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің тест тапсырмаларының базасын әзірлеуге – 2 миллиард 631,3 миллион теңге бөлінді.

Ұлттық тестілеу орталығы биыл Қазақстан азаматтарының қазақ тілін білу деңгейіне бағалау жүргізеді. Бұл іс-шараға 42,3 миллион теңге бағытталады.

Тіл демекші, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығына "Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамытуға" үлес қосатыны үшін 1 миллиард 93,3 миллион теңге беріледі.

"Ғылым ордасы" РМК-сының "ғылыми-танымдық, кітапханалық-ақпараттық қамту, қазақстандық ғылымды танымал ету, ғылыми-зерттеу институттары мен мекемелерінің, музейдің, ғылыми кітапхананың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтері" 648,3 миллион теңге тұрады.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығына осы жылы 763,9 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат аясында орталық "Қазақстанды конфессияаралық және өркениетаралық диалогты діни қызмет саласында қамтамасыз ететін халықаралық орталықтардың бірі ретінде дамытуға" күш салмақ.

Бұл жұмыстар да негізінен құжаттар дайындау түрінде жүзеге асырылады. Біріншіден, әлемдегі діни ахуалдың жай-күйі мен даму серпініне мониторинг пен талдау жасайды. Екіншіден, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің XVIII съезінің, хатшылығының XXII жиынының және жұмыс тобының негізгі тұжырымдамалық құжаттары мен материалдарын дайындайды.

Үшіншіден, діни съез институттарының отырыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ дінаралық және мәдениетаралық диалог мәселелері бойынша халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимыл жасайды, хат алмасады. Елдегі діни ахуалды талдайды.

Айтпақшы, бұл орталық діни және дінтану терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін құрастырады.     

Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты "Этносаралық келісімді нығайту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға" қатысқаны үшін 36,5 миллион теңге олжалайды. Осы қаржыға ол "Қоғамдық сананы жаңғырту" әлеуметтанулық талдамалық зерттеулерін жүргізуге ниетті. Бұл сауалнамалар тоқсан сайын 1 рет қазақстандықтарға телефон соғу арқылы іске асырылады.

"Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты" ЖШС өзінің этносаралық қатынастар саласында қолданбалы этносаяси зерттеулер жүргізу қызметін 428,3 миллион теңгеге бағалап, соған қол жеткізіп отыр. Бұл сомаға ол елдегі этносаралық жағдайға әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің сараптамалық жұмысын ұйымдастырады және басқа жұмыстарды атқарады. Мысалы, этносаралық қатынастарға арналған журнал шығарады.

Ядролық энергетикаға қазірден шығындалуда

Қазақстанда Семей ядролық полигоны 90-шы жылдардың басында жабылды. Сонда республика әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан да бас тартты. Тұңғыш атом электр станциясы әзірге салынған жоқ.

Бірақ еліміз осы салада шығындалып жатыр. Қаржы министрлігінің мәліметінше, Ұлттық ядролық орталығына "ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтер" көрсеткені үшін ел бюджетінен биылғы жылы 719,7 миллион теңге бөлінеді.

Орталықтың түсіндіруінше, бұл қаржы "жүйелер мен жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жоспарлы-профилактикалық жөндеу, ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың технологиялық жүйелері мен элементтерінің жай-күйін бақылау, техникалық персоналдың еңбегіне ақы төлеу" үшін қажет.

Дәл осы Ұлттық ядролық орталығының "геофизикалық қондырғылардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша қызметіне" 318,2 миллион теңге шығындалады. Бұл қаражатқа орталық "Ғылыми-техникалық бағдарламаларды, халықаралық жобаларды ойдағыдай орындау үшін геофизикалық қондырғылардың үздіксіз жұмыс істеуі бойынша көрсетілетін қызметтер кешенін" жүзеге асырмақ.

Сонымен қатар Ядролық физика институтының "ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларының  жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтері" бюджетке 2024 жылы 891,2 миллион теңгеге түседі.

Бұл қаржыға институт "Ғылыми-техникалық бағдарламаларды және халықаралық жобаларды табысты орындау үшін базалық эксперименттік қондырғыларының қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, ғимараттарды, құрылыстарды, көлікті күтіп-ұстайды, персоналға еңбекақы төлейді, материалдар сатып алады, жабдықтарды жөндейді".

Осы және басқа да жүздеген миллион шығыстың бәрі "Атомдық және энергетикалық жобаларды дамыту", "ҚР аумағында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламаларына кетуде. Яғни, қазірден шығыны салмақты. Ал елде атом станциясы салынып, іске қосылып, ол өңделген ядролық отын қалдықтарын молынан шығара бастаса, бұл шығындар ондаған есеге өсіп шыға келуі мүмкін. Қазақстан оған дайын ба?

Сөз болып отырған Ядролық физика институтының (ЯФИ) "Төтенше радиациялық қауіпті аймаққа жатқызылған аумақтарды кешенді экологиялық тексеру" жобасы 121,8 миллион теңгеге қаржыландырылады. Институт "төтенше радиациялық қауіпті аймақтарға жатқызылған аумақтарда  кешенді экологиялық зерттеулер жүргізуге, топырақ-өсімдік жамылғысының, су және ауа ортасының, фаунаның радиациялық жай-күйі туралы жаңа ғылыми-негізделген деректер алуға" тиіс.

ЯФИ "Семей полигонының радиациялық қауіпті аумақтарындағы қоршаған ортаның жай-күйін мониторингілеуге" небәрі 57,8 миллион теңге ғана алды. Бұл енді далалық жағдайда іске асырылатын күрделі, қауіпті жұмыс. Оның барысында ғалымдар, мамандар полигон аумағындағы қоршаған ортаны қорғау және оның радиациялық қауіпсіздігін сақтау, жер қойнауын ұтымды пайдалану міндеттерін шешуге тиіс. Сондай-ақ жер мен судың радиациялық жай-күйі туралы деректерді жинаумен айналысады.

Институт "Халықаралық шарттар мен келісімдерді қолдау үшін қазақстандық ядролық мониторинг жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге" 100,6 миллион теңге алады. Бұл да аса маңызды, әрі өзекті іс. Себебі, оның аясында әлемдегі ядролық сынақтар ғана емес, елдегі жер сілкіністері де қадағаланады. Бұл үшін сейсмикалық, инфрадыбысты және магниттік стационарлық станциялар, Деректер орталығы және коммуникациялар жүйесі үздіксіз жұмыс істеуге тиіс.

Мысалы, Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығына "орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды талдамалық сүйемелдегені" үшін 362,1 миллион теңге шығындалмақ. Министрлер мен әкімдердің тиімділігін бағалаудан не нәтиже шығады? Ол белгісіз. Министрлік пен аймақ басшылары әдетте, осындай бағалау нәтижесінде емес, қоғамның қатаң сынына ілігу салдарынан қызметінен кетеді.

Ұлттық технологиялық болжау орталығы "салааралық ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекеттік жүйесін құруға" 229,5 миллион теңге жұмсайды.

Ал Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды және сметалық-нормативтік базаны жетілдіруі" ел қазынасына 1 миллиард 311,7 миллион теңгеге түседі.

Әлі күнге құрылмаған "Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын түзетіп, өзектілендіру" жұмысына 207,6 миллион теңге кетеді. "Қазақстанның аумағын ұйымдастырудың Бас схемасын өзектілендіру" 308,5 миллион теңге тұрады. Осы кейінгі қос жобаны да Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы жүзеге асырып, бюджетін емін-еркін игермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу