"Қазақстан аз салық жинап, Ұлттық қорға тәуелді болып отыр..."

3442

Елімізде қосылған құн салығы өспейтіні белгілі болды.

"Қазақстан аз салық жинап, Ұлттық қорға тәуелді болып отыр..." Фото: canva.com

Бұл шешімнің экономикаға қандай әсері бар? Жалпы ҚҚС өзгерісіне қандай факторлар ықпал етеді? Жаңа Салық кодексі аясында қандай өзгерістер күтіліп отыр? Осы тақырып төңірегінде сарапшылардың пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Экономист Бауыржан Ысқақов қосылған құн салығына қатысты шешімді өте дұрыс деп есептейтінін жеткізді.

Сөзінше, бұл экономикада жағымды климатты қалыптастырып, көптеген әлеуметтік-экономикалық қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

"Біріншіден, бұл инфляцияның пайда болуының алдын алады. Екіншіден, ҚҚС төлейтін барлық салық төлеушінің экономикалық жағдайының құлдырап кетпеуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің көбеюіне де ықпал етеді. Жалпы қосылған құн салығы адамдардың күнделікті төлем қабілеттігіне әсерін тигізетін салық болғандықтан, оның өспеуі – біздегі экономиканы тұрақты ұстауға мүмкіндік беретін фактор. Мәселен, Президенттің өзі алдында "салықтық ставкаларды көбейту арқылы бюджеттің кіріс бөлігін толтырғаннан гөрі кәсіпкерліктің жағымды климатын әзірлеу арқылы экономикадағы кәсіпкерлердің санын көбейту" туралы айтқаны белгілі. Қазіргі Премьер-Министрдің жасап жатқан жұмысын осы бағытта дұрыс деп қабылдаймыз", - деді ол.

Сарапшының сөзінше, соңғы уақытта жаңадан ашылған ШОБ субъектілері санының әлі де артпай жатқаны, ашылған компаниялардың әртүрлі салықтық ауыртпашылықтарға байланысты жұмысын жетілдіре алмай жатқаны салықтық реформаны қажет ететінін көрсетті.

"Жаңадан қабылданып жатқан Салық кодексі кәсіп бастаймын деген немесе өз ісін дамытып жатқан бизнес өкілдері үшін өте тиімді, ыңғайлы кітап кодексі болады деген сенім бар. Осы құжат арқылы көлеңкелі экономикада жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер өздерінің кәсіптерін заңдастырса, жұмыс қарқыны артады. Жақын аралықта қандай да бір салықтық ставкалардың деңгейі көтерілмейді деген болжамым бар. Керісінше, жаңадан әзірленіп жатқан кодексте салық төлейтін кәсіпорындарға көптеген мүмкіндік пен жеңілдік беріледі деген сенімдемін", - деп түйіндеді экономист Бауыржан Ысқақов.

Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов ҚҚС-тың ықтимал өсімі туралы мәселенің о бастан бизнеске ұнамағанын еске салды.

"Меніңше, бір үкімет қандай да бір танымал емес шешім шығарады да, екіншісі келіп, оны жояды. ҚҚС өзгеріссіз қалғандықтан, оның экономикаға әзірге әсері жоқ", - деп атап өтті ол.

Сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов бюджет кірістерінің басқа көздерін табу қажеттігі туралы баса айтты. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдарға республикалық бюджеттің шығысы мен кірісін сапалы жоспарлауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сарапшыдан қазіргі жағдайда бұл қаншалықты мүмкін екенін сұрадық.

"Қазір Қазақстанда барлығымыз байқап отырған ауқымды процесс жүріп жатыр. Бұл – жалпыға бірдей декларациялау. Жеке кәсіпкерлер, бизнесмендер, одан кейін барлық азамат декларацияны тапсырады, осылайша мемлекет кірістердің барлық көзін білгісі келеді. Бұл дұрыс, әділетті шешім. Бірақ менің ойымша, ҚҚС-тың көтерілмеу себебі мемлекет ең алдымен бюджетті қалыптастыру жолы дұрыс жүріп жатыр ма – соны түсінгісі келеді. Бәлкім бюджеттерді қайта қарау керек шығар, ал Премьер-Министр бюджетті тез қарастырайық деді. 10 күн ішінде терең талдау жасала қоймас, бірақ ең қажетсіз шығындар алынып тасталады. Өкінішке қарай, Қазақстан аз салық жинап, Ұлттық қорға тәуелді болып отыр. Сондықтан, ең бастысы әлеуметтік бюджеттің бұған әсер етпеуін қарау керек, бірақ ол қысқарады деп ойламаймын", - деді Расул Рысмамбетов.

Ол Салық кодексінің жобасы жіті қайта қаралады деп ойлайтынын жеткізді.

"Бұл жұмыстарға ғалымдарды ғана емес, өз тәжірибесінде ұдайы салық төлеп отыратындарды да, мәселен бас есепшілерді және т.б. тартар едім. Қызығы сол, салық кодексіндегі салықтарды өздері салық төлемейтін адамдар жиі жазды. Сол себептен салық төлеуді жеңілдету, тездету үшін нарықты да тарту керек. Ең бастысы, құжатта "адам шошытарлық" айыппұлдар мен санкциялар болмаса игі. Егер адам бір жерден мүлт кететін болса, әдейі қате жібермесе, онда ол қателігін өз бизнесіне зиян келтірмейтіндей тез түзете алатындай мүмкіндік болуы керек", - деді қаржы сарапшысы.

"Қосылған құн салығы өскен жағдайда тауар бағасы күрт көтерілер еді"

"Учет.kz" компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышевтың сөзінше, егер ҚҚС 12 пайыздан 16 пайызға артқан жағдайда бұл тұтынушылардың қалтасына салмақ салар еді. Себебі қосылған құн салығының өсімі тауар бағасының артуына ықпал етеді.

"Меніңше, белгілі бір салық түрін енгізбес бұрын немесе салық мөлшерлемесін арттырмас бұрын талдау жүргізу қажет. Яғни, ставкалар қалай әсер етеді, олар қаншалықты тиімді дегендей. Аналитика іс жүзінде емес, "қағазда" жүргізілетіні сияқты әсер қалдырады. Мәселен, АҚШ Салық басқармасы өз шығындарының әр 100 доллары бойынша мәлімет жариялап отырады. 2019 қаржы жылында шығындар жиналған әрбір 100 доллар үшін 33 цент болған. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің шығыстары бойынша да осындай ақпарат болса деймін", - деп түсіндірді ол.

Сарапшы әлемде ҚҚС бойынша қандай жағдай қалыптасқанын мысалға келтірді.

"Егер шетел тәжірибесіне қарайтын болсақ, Канада мен БАӘ-де қосылған құн салығы 5%, ал Оңтүстік Кореяда 10% екенін көруімізге болады. Қазақстан салық жүктемесі айтарлықтай үлкен емес дамыған елдерге бағдарлануы керек деп санаймын. Яғни, кәсіпкерлер барлық салықты төлейтіндей, салықтарды төлеу тиімдірек болатындай ету қажет", - деп жаоғастырды спикер.

Максим Барышевтан жаңа Салық кодексі аясында қандай өзгерістер күтіліп отырғанын анықтадық. Ол еліміздегі Салық кодексі түсінуге қиын екенін әрі ол жиі өзгеріп отыратынын айтты.

"Кәсіпкерлер салық заңнамасының қарапайым және түсінікті тілде жазылғанын сұрайды. ҚҚС-тан басқа, тиісті салықтық тексеру, мәмілелерді жарамсыз деп тану және т.б. мәселелер бизнес үшін қосымша сын-қатерлерге айналды. Алдағы өзгерістер олардың кәсіпкерлік пен экономиканы дамытуға ықпал ететінін немесе бизнес үшін қосымша шектеулер мен сын-қатерлерге әкелетінін көрсетеді", - деп қорытындылады сарапшы.

Айта кету керек, осыған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов қосылған құн салығының мөлшерлемесі көтерілмейтінін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу