Қазақстан қанша миллиард доллардың санкциялық тауарын Ресей асырған?

1812

Батыстың "антиресейлік санкцияларының" келесі пакеті Қазақстанға қарсы бағытталуы мүмкін.

Қазақстан қанша миллиард доллардың санкциялық тауарын Ресей асырған? Фото: inbusiness.kz

Жеті республика көшбасшыларының Жеңіс парадына бола Мәскеуде бір уақытта жиналуы халықаралық сарапшылардың күдігін туғызды. Соның ішінде үйіне ерте тайып тұрған Беларусь басшысы Александр Лукашенкодан басқа мемлекет басшылары әскери шеруден соң Мәскеуде қалып, В.Путинмен бірге ресми қонақасына қатысқан. Журналистердің қатысуынсыз өткен ол басқосуда алты ел басшысының Кремль қожайынымен не мәселелерді талқыға салғаны белгісіз.

Мысалы, Украина Қарулы күштерінің запастағы полковнигі және әскери эксперт Роман Свитан журналистерге бірнеше сұхбатында: "Путин Украинаның үлкен қарсы шабуылына тойтарыс беру үшін посткеңестік республикалардан соғыс техникасы мен қаруды жасырын алу жайын талқыға салған болар" деп болжам жасады.

Бірақ бұған жол бермеу үшін Президенттің тапсырмасымен Қазақстанның Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссиясы 2022 жылғы 27 тамызда "қару-жарақ, әскери техника және әскери мақсаттағы өнім экспортын 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін тоқтата тұру" туралы шешім қабылдады.

Яғни, тіпті ондай уағдаластық болғанның өзінде РФ алдағы алапат шабуылға көршісінен қару-жарақ алғызып үлгермейді.

Сарапшылардың тағы бір тұспалдауы бойынша 9 мамырда Мәскеудегі бейресми кездесуде санкциялар тақырыбы тілге тиек етілуі мүмкін. Себебі, президенттердің жүздесуінде күн тәртібіндегі "ұшынып тұрған мәселе" (чувствительный вопрос) талқылауға тамыздық болғаны анықталды.

Қалай болғанда, Ресеймен қол ұстасып шыңырауға құлағысы келмесе, Қазақстанға санкциялық шектеулерді іс жүзінде де сақтауға көшуге тура келмек. Өйткені соңғы кезде Батыс тарапынан Қазақстанға бағытталған шабуыл мен қысым күшейе бастады. 

2022 жылы бір миллиард доллардан астам сомадағы санкциялық тауарлар Еуропалық Одақ елдерінен шығып, Қазақстанға, Арменияға және Қырғызстанға бет алған. Алайда оның бәрі бұл республикаларға жетпеген, жолай Ресейде "тұнып" қалды. Бұл қазақстандық заңды тұлғалар Мәскеуге санкциялық тыйымды аяқасты етуге көмектесті дегенді білдіруі мүмкін. Мұны британдық Financial Times жариялады.

Сарапшылардың күдігін туғызғаны сол, Кремль Украинаға шапқыншылық жасағалы, Қазақстан, Армения және Қырғызстанның Еуроодақпен арадағы сауда-саттығы "теңдесі жоқ деңгейде өскен". Бұл ретте қазақстандық компаниялар Еуропадан сатып алған екіұдай мақсаттағы (двойного назначения), яғни әскери мақсатта да пайдаланылатын тауарлардың жартысы Қазақстанға жетпейді екен. Яғни, Еуразиялық одақ шекарасын РФ кеден бекеттері арқылы кесіп өткен соң Ресейде қалады.

Егер қазақстандық компаниялардың Батыстан тапсырыс беріп алғызған жүздеген миллион доллардың тауарлары елге жетпей, РФ аумағында жоғалып қалса, онда оны қазақстандық иелері сарыла іздеп, шу шығарар еді. Оның соңы халықаралық жанжалға ұласар еді. Алайда қазақстандық тапсырыс беруші компаниялар байбалам салмай, тым-тырыс отыр. Демек, әу бастан солай ойластырылған сияқты. Жалған импорт та арам қаржыны заңдастырудың бір түрі. Сондықтан онымен құзырлы органдар күрескені жөн. Олардың да дабыл қағып жатқаны байқалмайды.

"Еуроодақтың ұстанымынша, бұл тауарларды ресейлік әскери немесе барлау қызметтері пайдалануы мүмкін. Сол себепті олар қатаң экспорттық бақылауда ұсталуға тиіс. Бірақ Еуропа ол тауарларды өзге елдерге сатуға тыйым салған жоқ. Олар Ресейге тікелей емес, одақтастары арқылы тасылуы мүмкін", – деп жазады Financial Times.

Оның байламынша, РФ Еуроодақтың кедендік декларацияларында өнімнің жалған нысаналы пунктін көрсетіп, санкцияларды орағытып өтуде. Нәтижесінде, Мәскеу әскери ұшақтардың компоненттері, танктерде және басқасында орнатылатын оптикалық жабдықтар, газды турбиналар, радиохабарларын тарату жабдықтары сияқты тауарларға ары қарай қол жеткізіп жатыр. 

Сарапшылар еуропалық "фантомды экспорттың" үлкен бөлігі Ресейге Балтық елдерінен жолданатынын анықтады. Эстонияда санкциялық саясатқа жетекшілік ететін тұлға, Сыртқы істер министрінің заңгерлік және консулдық мәселелер жөніндегі вице-канцлері Эрки Кодар соғыс басталғалы санкциялық тауарларға сұраныс күрт артқанын растады.

Өткен жылғы қателігінен сабақ алған ұжымдық Еуропа 2023 жылдың басында, ақпанда 10-шы санкциялық топтамасын енгізді. Оған сәйкес, екіұдай мақсаттағы тауарларды Ресей арқылы транзитпен тасуға да тыйым салынды. Яғни, Қазақстан, Қырғызстан және Армения өзіне керек осы тауарларды РФ территориясы арқылы таси алмайды.

Мәскеу енді ол өнімдерді әлдеқайда алыс маршрутпен, бірнеше мемлекеттің аумағымен алғызуға ұмтылды. Салдарынан ол өнімдердің бағасы да қымбаттап шыға келеді. Бірақ соғыс өртін өршіту үшін Кремль Ресейдің бар байлығын соған төгуге әзір екенін танытты.

Осы орайда Еуропалық Одақ келесі 11-ші санкциялық пакетін тыйым салынған өнімдерді Ресейге өз аумағы арқылы өткізетін үшінші елдерге бағдарламақ. Сөйтіп, былтырдан сөз болған және РФ одақтастарына арналған қосарлама санкциялар іске қосылғалы тұр.

Financial Times хабарлауынша, Қазақстан, Қырғызстан және Армения Еуропа елдерінен 2 миллиард доллар сомаға бірқатар екіұдай мақсаттағы тауарларды импорттапты. Оның барлығы Ресейде қалмай, осы республикалардың аумағына кірген. Ары қарайғы тағдыры белгісіз.

"Айналы статистикада, яғни шекаралас елдердің өзара кедендік статистикасындағы бірқатар айырмашылық әлемдік сауда үшін таңсық дүние емес. Бұрын ЕО мен Қазақстан арасындағы айналы статистикадағы айырмашылық жүздеген миллион долларды құрайтын. Бірақ соғыс басталғалы бұл аражіктің бірнеше миллиард долларға жетуі күдік тудырады. Еуроодақ статистикасы еуропалық елдерден осы республикаға қанша санкциялық тауар экспортталғанын паш етеді. Бірақ қазақстандық статистика бұл елге сонша көлемде санкциялық тауарлардың кірмегенін көрсетеді. Мұның бәрі жай ғана есептегі қатеге еш ұқсамайды", – деді экономист, Халықаралық қаржы институтының аға ғылыми қызметкері Элина Рыбакова (Elina Ribakova).

Еуропалық сарапшылардың пікірінше, егер қазақстандық компаниялар мен банктер санкцияны бұзуын жалғастырса, онда алда олар миллиондаған доллар айыппұл мен санкцияларға тап болуы мүмкін.

Өз кезегінде Литва екіұдай мақсаттағы тауарларды, озық технологияларды, авиациялық запастық бөлшектерді және басқа да өнімдердің анағұрлым кең спектрін экспорттауға тыйымды енді Мәскеудің одақтастарына, мысалы, Беларуське қатысты енгізуді ұсынып, соған табандауда. Бұл мәселелер он бірінші санкциялық топтама аясында талқыланып жатыр.

Литваның сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис бұл үшін Еуроодақтан үлкен саяси ерік-жігер талап етілетінін атап өтті. Ол санкциялық режим қатаң сақталуы және ол соғысқұмар Ресейдің экономикасын күйретуі үшін мұндай қадам қажеттігін нұсқады. Өз кезегінде Литва ұлттық деңгейде тиісті шараларды қабылдауға кірісіпті.

Халықаралық сауда ағыны мен ұлттық статистикаларды өзара салыстырған FT сарапшылары Ресейге астыртын бағытталған "фантомды экспорттың" ауқымы әлдеқайда көп деп тапты, себебі, әлгі 1 млрд доллар тек тыйым салынған бірнеше тауарға ғана қатысты. 

"2021 жылы, яғни Украинада кең ауқымды соғыс басталғанға дейін Қазақстан мен бүкіл Еуроодақ арасындағы сауда-саттық статистикасындағы алшақтық 450 миллион долларды ғана құраған. Ал соғыс жүрген бір жылда өзара алыс-беріс статистикасындағы алшақтық ауқымы 2,9 миллиард долларға дейін шығандады. Яғни, осынша соманың тауары екі ортада жоғалып қалған. Финляндия Банкінің Дамушы экономикалар институтының аға экономисі Хели Симоланың айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасында шынайы сауда да бар. Бірақ тағы бір бөлігін санкциялардан жалтару құрады. Бұдан өзге, бірқатар тауарлар Қазақстан аумағына енгізіледі де, содан соң Ресейге реэспортталады", – деп мәлім етті файнэншл Таймс.

Оның байламынша, соғыс басталғаннан кейін енгізілген санкциялар нәтижесінде қысқарған Еуропадан Ресейге импорттың шамамен 40%-ын Қазақстан өтеген. Бұл әрине, салмақты айып.  

Мысалы, Литва соғысқа дейінгі 13 айда Қазақстанға 28 млн доллар сомаға екіұдай мақсаттағы тауарларды жөнелткенін жариялады. Ал Қазақстанның кеден органдары оның тек 9 миллион доллары көлеміндегісі ғана елге өткенін мәлімдеген.

2022 жылы кең ауқымды соғыс басталғаннан бергі 13 айда бір ғана Литвадан Қазақстан мұндай тауарларды 84 млн долларға сатып алыпты. Яғни бірден 3 есе өсті. Қазақстанның құзырлы құрылымдары соның 11 млн доллары көлеміндегісі елге жеткенін ғана растапты.

Шетелдік журналистер осыған түсініктеме сұрап, Қазақстан билігіне жүгінді. Бірақ тек аты аталуын қаламаған "биік лауазымды шенеуніктен" түсініктеме ала алған екен.

"Қазақстан ресми түрде Ресейге қарсы санкцияларға қосылған жоқ. Бірақ біз бүгінде өз экономикамызды қосарлама санкцияларға түсіп қалудан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Біз Ресейдің санкцияларды айналып өтуге Қазақстан аумағын пайдалануына тосқауыл қоятын шаралар қабылдаудамыз. Сонымен қатар барлық серіктестерімізбен осы тақырыпта тұрақты, ашық диалог жүргізудеміз", – деді британдық басылымға билік өкілі.

Қазақстанда кеденге жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті 2023 жылғы І-тоқсанда республикамыздың Еуразиялық одаққа мүше емес өзге елдермен тауар айналымы 13,9%-ға өскенін хабарлады. Соның ішінде қазақстандық экспорт 6,7%-ға құлдыраған. Ал шетелден импорт 1 ғана тоқсанда бірден 1,8 есе өсті. Осыдан-ақ елге шетелдік тауарлар тасқындап жатқанын аңғаруға болады. Егер оның бәрі елде қалғанда, бізде импорттық тауарлар күрт арзандар еді. Керісінше, барлық зат қымбаттап жатыр. Мұнда да бір гәп бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу