Қазақстан Ресейсіз ғарыш саласын дамытудың жаңа жобаларын қолға алады

10158

Байланыстың ғарыштық жүйесінің ұлттық операторын бәсекелестік ортаға беру жоспарланып отыр.

Қазақстан Ресейсіз ғарыш саласын дамытудың жаңа жобаларын қолға алады Фото: canva.com

"Байқоңыр" кешені бойынша VII үкіметаралық комиссияның соңғы отырысы осыдан екі жыл бұрын, 2021 жылғы 13 желтоқсанда өтіпті. Оған төрағалық еткен Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Роман Скляр мен Ресей Премьер-министрінің орынбасары Юрий Борисов космонавтика саласындағы екі елдің ынтымақтастығының перспективасы туралы көптеген жақсы сөздер, жағымды болжамдар айтқан еді.

Мысалы, Байқоңыр қаласының және оның тұрғындарының тіршілік деңгейін жақсартатын тұтас шаралар кешенін әзірлеу қарастырылды. "Байқоңыр" кешенін бірлесіп одан әрі дамытудың жөн-жосығы пысықталды.

Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия мүшелері ескірген кеңестік "Байқоңыр" ғарыш айлағын болашақта ауыстыратын жаңа "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін салудың бірлескен жобасына ерекше назар аударды. Оны тұрғызуды аяқтап, сол арқылы зымырантасығыштарды ұшыра бастауға кірісуге мүмкіндік беретін шаралардың тізбесі мен оны жүзеге асырудың нақты мерзімдері белгіленді. Кешен мүлкін ұтымды пайдалану, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы жаңғырту міндеттері де қарастырылды.

Келесі жылы Ресей мен Украина арасында соғыс өрті тұтанды. Батыс оған қарсы қаптаған санкция енгізді. Ғарыш саласы Ресей Үкіметінің басымдығына ие болған салалар сапынан тыс қалды. "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін салу жобасы кем дегенде 2025 жылға дейін кері шегерілді. Нақтылағанда, биыл өтуге тиіс болған "Бәйтеректен" алғашқы зымырантасығыштың ұшырылым сынағының мерзімі әрі жылжытылды. Тараптар осы жаңа ғарыш кешенінен ұшырылатын, жаңғырған "Союз-5" зымырантасығышы мен жерүсті кешенін жасау жұмыстарының кестесін де қайта қарауға мәжбүр болды.

Байқоңырлықтар тұрғындардың тұрмысы, тыныс-тіршілігі нашарлап кеткенін, ресейлік әкімшілік қаржыландыруды шектегенін мәселе етіп көтеруде. Осылайша, көршінің космонавтикасы тоқырады.

Алайда бұл Қазақстан үшін де ғарыш саласы мән-маңызын жойғанын білдірмейді. Керісінше, сарапшылардың байламынша, бұл саланың елге әкелер игілігі зор, ұсынар мүмкіндігі мол.

Мысалы, дамыған елдер үлгісінде республикамыз егіс алқаптарына ғарыштан мониторинг жүргізеді. Әйтпесе, бұрынғы жылдары аграршылар мемлекеттен көбірек субсидия алу үшін егін салып, дән сепкен егістігінің көлемін қолдан өсіріп жазатын. Мемлекеттік инспекторлар жалпы ауданы 23 миллион гектардан асатын егіс алқабын өзі аралап, қолмен өлшеп, диқанның есебінін шын-өтірігін тексеріп шыға алмайды.

Сондықтан мұның бәрі бүгінде ғарыштан бақылау және өлшеу арқылы жүзеге асырылады. Үрдіс цифрландырылған. Алдыңғы қатарлы елдер мұнымен шектелмей, ілгері кетті. АҚШ-та Ауыл шаруашылығы министрлігі (United States Department of Agriculture) егіс жұмыстары нақты қанша миллион гектар жерге жүргізілгеніне мониторинг жүргізумен тынбайды. Жыл бойы ғарыштан қадағалап, егіннің шығымдылығын бағамдайды. Егер астық аз шығатынын, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнетінін байқаса, онда диқандар, соның ішінде жылыжайлар арасында қандай да бір ауыл шаруашылығы дақылының қосымша көлемін өсіру жөнінде арнайы тапсырыс орналастырады.

Бүгінде отандық мал шаруашылығымен айналысатын озық бизнесмендер төрт түлік малға батареясы күннен қуат алатын GPS трекер тағып, жылқысы мен сиырының қайда жайылып жүргенін ғарыштан, қашықтан бақылап отырады.

Қазақстан ғарыш арқылы заңсыз ашылған қоқыс полигондарын анықтауды да жолға қойып алды.

Цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов ғарыш жүйесінің тағы бір пайдасын атады. Ол арқылы құқық қорғау органдары есірткі егілген алқаптарды әшкерелейді. Мысалы, бір жыл ішінде еліміздің кем дегенде 5 өңірінде жайқала өскен ірі есірткі алқаптары табылыпты. Мұны ІІМ – "Құрамында есірткісі бар өсімдіктердің өсу ареалдарына мониторинг жүргізу" деп атайды.  

Бұл үрдіс бірнеше кезеңді қамтиды. Алдымен, қазақтың ұлан-байтақ даласының ғарыштық түсірілімі зерделенеді ("полевое дешифрование"). Содан соң жерсеріктерінің көмегімен күдік тудырған телімдер камералдық өңдеуден өткізіледі. Онда өсіп тұрған өсімдіктердің индексі, топырақтардың ылғалдылық деңгейі анықталады. Ғарыштық түсірілімдерге Cannabis спектрометрлік деректері түсіріледі. Нәтижесінде, алқапта егілген есірткі өсімдіктерінің түрі және өсу ауданы белгілі болады. Ақырында есірткі бизнесімен күрес құрылымдарының жасақтары мен арнайы бөлімшелері іске кіріседі.   

Осы мақсатта жылда Аэроғарыш комитеті, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы және Ішкі істер министрлігі тізе қоса отырып, "Қарасора"  операциясы аясында ғарыштық мониторинг көмегімен есірткі планантацияларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізеді.

"Құрамында есірткісі бар өсімдіктердің ареалдарын анықтаудың тиімді әдістерінің бірі – жерді қашықтықтан зондтау. Оны қолданудың үздік тәжірибесін "Қазақстан Ғарыш Сапарының" мамандары зерделеп, кезең-кезеңімен енгізуде. 2022 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 686 000 шаршы шақырым аумақ қамтылып, онда каннабис егілген учаскелер анықталды. Учаскелер Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында орналасқан", – деп хабарлаған болатын бұған дейін Аэроғарыш комитетінің төрағасы Б.Оралмағамбетов.

Мысалы, бір ғана Қызылорда облысының аумағында  есірткі егілген 77 алқап анықталған. Бұл мәселе ел Үкіметінің ерекше бақылауында.

Ендеше ғарыш саласының әскери және азаматтық салаларға ұсынатын мүмкіндіктері жетіп артылады.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда ғарыш саласы мемлекеттің қолында. Биылдан бастап, жағдай өзгеруі мүмкін. Үкімет салаға жеке бизнесті, инвесторларды тартуға ниетті. Бұл үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қолданыстағы заңамаға өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат бұл саладағы ұлттық операторды Үкіметтің анықтауы тәжірибесін жояды.

Антимонополиялық агенттік мамандарының түсіндіруінше, қолданыстағы "Ғарыш қызметі туралы" заңның 19-1-бабының 1-тармағына сәйкес, ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторын Үкімет айқындайды, оған ғарыштық байланыс жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктеледі. Жаңа заң жобасында осы 19-1-бапты жою ұсынылған.

Үкіметтің 2016 жылғы 13 желтоқсандағы №795 қаулысымен "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ-ы – ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы болып бекітілді.

Антимонополистердің айтуынша, бұл мәртебе компанияның өзіне нұқсан келтіреді және ол оны шектейді. Өйткені Кәсіпкерлік кодекстің 193-бабының 1-тармағына сәйкес, нарық субъектісіне бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және сатып алуға айрықша немесе басым құқық беру – "арнайы құқық" болып табылады. Өз кезегінде монополияға қарсы агенттік Арнайы құқық субъектілерінің тізілім-реестрінің жобасын құрды. Оған әрине, "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ-ы да қосылды.

Кәсіпкерлік кодексінің 193-бабының 6-тармағына сай, осы тізілімге енгізілген операторларға қызметтің өзге түрлерімен айналысуға қатаң тыйым салынады.  

"Республикалық ғарыштық байланыс орталығының" мәліметінше, оған қызметтің басқа түрлерін орындауға тыйым салынғандықтан, ғарыштық байланыс қызметін жүзеге асыру процесінде кедергілер туындаған.

Мысалы, Президент тапсырмасымен әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілген "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасында "VI бағыт" деген бар. Оның аясында елде сапалы интернетті және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін іс-шаралар жүзеге асырылады. Соның ішінде Starlink сияқты төмен орбиталық спутниктік жүйелер құру арқылы қиянда орналасқан, әрі халқы аз ауылдарға интернет жеткізілмек.

Ұлттық жобаны орындау мақсатында, Цифрлық даму вице-министрлері "Төмен орбиталық спутниктік жүйелер арқылы шалғай және халқы аз елді мекендердің интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету" жөніндегі Жол картасын бекітті. Аталған орталық бұл жобаның "жауапты теңорындаушысы" болып табылады.

Төмен орбиталық жерсерік жүйелерін құру үшін Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында шетелдік әріптестермен бірге "бірлескен кәсіпорындар" құрылмақ. Оған "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" да жұмылдырылады. Ол жерсерік жүйелерін құру және олардың негізінде телекоммуникациялық қызметтерді, телепорт қызметтерін ұйымдастыру үшін технологиялық инфрақұрылымды ұсынады. Техникалық тапсырмалары мен техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлейді.

Алайда заңдарда қарастырылған шектеулер аталған стратегиялық мақсаттарды толыққанды орындауына мүмкіндік бермей тұрған көрінеді.

Сондықтан антимонополиялық агенттік "Кодекстің ұлттық ғарыштық байланыс жүйесі операторының қызметін регламенттейтін 19-1-бабын алып тастауды және операторды бәсекелестік ортаға беруді орынды" деп санайды.

Бұл ретте ведомствоның сендіруінше, орталық өз қызметін тоқтатпайды және осындай қызметтерді ұсына бастайтын барлық кәсіпкерлік субъектілерімен тең дәрежеде тендерлерге қатысады, осы қызметтерді заңнамада белгіленген тәртіппен ұсынуды жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу