Көлігі барларға тағы да күтпеген жаңалық

30478

Шенеуніктер мен депутаттар ақылы жолдардан ақша табудың тағы бір тәсілін тапты. 

Көлігі барларға тағы да күтпеген жаңалық Фото: uralskweek.kz

Ақылы жолдардан түсетін түсім артады, өйткені онымен заулаған әрбір автокөліктің орташа жылдамдығы есептеліп, одан асып кеткендеріне жаппай айыппұл салынады.

Тиісті нормалар "Жол жүрісі туралы" заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заңының, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заңының жобасында қарастырылған.

Мәжіліс бұл қос заңды да мақұлдап тастады. Дегенмен, біраз сұрақ жауапсыз қалды. Мысалы, депутат Ерлан Саиров аталған заңнамалық түзетулерді қызу қолдағанымен, көңіліндегі бір қыжылын жасырмады.

"Айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ең алдында тұр! Мысалы, теңгеге шақсақ, айыппұл Ресейде – 3 мың теңгеден, Беларусьте – 5 мың теңгеден басталады, Қазақстанда – 17 мың теңгеден басталады. Бұл профилактика емес, біздің азаматтарға қарсы қаржылық репрессия! Қазақстандағы бүгінгі гуманитарлық күрделі жағдайда, апаттар кезінде бұл айыппұлдар азаматтарды шаршатып, қажытып жатыр. Негізі, айыппұлды азайту керек еді", – деді Е.Саиров.

Бірақ Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айыппұл ешқандай азаймайтынын, керісінше, депутаттар әзірлеген қос заң жобасы аясында айыппұл ұлғаятынын хабарлады.

"Айыппұлдар қоғам тарапынан үнемі дау тудырады. Бірақ азайтылмайды. Өкінішке қарай, барлық қабылдаған шараларға қарамастан, республикада былтырғы жылы жол-көлік оқиғаларының саны артты. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жол апаты бірден 70%-ға көбейіп шыға келді. Ендеше біз қабылдап жатқан шаралар ахуалды тұрақтандыруға қауқарсыз болып тұр. Сөз болып отырған заң жобаларында айыппұлдар нысаналы түрде болса да, тек артады. Жол қозғалысы ережелерін дөрекі, анық, демонстративті түрде бұзатындарға, жылдамдықты қатты асырып жіберетіндерге айыппұлдар өсіріледі", – деді И.Лепеха.

Егер айыппұлдарды үсті-үстіне өсіріп, посткеңестік кеңістіктің алдына шықса да, бұл шаралар нәтиже бермесе, жол апаттары санын азайтпақ түгіл, жағдайды тұрақтандыра алмаса, онда репрессивті шараларды тыйып, басқа тиімді шаралар іздеген жөн болар? Халықты қажыту, әлеуметтік кернеуді арттыру билікке абырой әпере ме?

Ерлан Саировтың пікірінше, айналдырған 17 облыстың басым көпшілігін (11) жайлаған топан судан, қымбатшылықтан және басқа да күрделі ахуалдан еңсесі езілген халық астындағы жалғыз "темір тұлпары" үшін айыппұлдардың тағы өсетінін білсе, "қуана қоймасы анық".

Бірақ депутаттар айыппұлды Ішкі істер министрлігі бекітпейтінін, Парламент заңмен қабылдайтынын ұмытып кеткенге ұқсайды. Бәрі – өз қолында. Депутат Павел Казанцев те депутаттар бастамашы болған осы заңнамалық түзетулерді қос қолмен қолдағанымен, халыққа ұнамауы мүмкін бір түйткілге назар аудартты.

"Заңмен Қазақстанда "орташа жылдамдық" ұғымы енгізілгелі тұр. Бұл – республикалық маңызы бар жолдарда, автобандарда жылдамдық режимін бұзу фактілерін тіркеу тәсілі болады. Схема келесідей: трассамен келе жатқан әрбір көліктің жылдамдығы оның жолының екі учаскесінде тіркеледі. Соның негізінде көліктің сол аралықты қанша уақытта еңсергені есептеледі. Егер тез жүріп өтсе, онда көлік жолай жылдамдығын асырды деген сөз, тиісінше, айыппұл салынады. Осылайша, бұзушылықтың жаңа құрамы енгізіліп жатыр", ‒ деді ол.

Көліктердің әр телімде жылдамдығын тіркеу үшін "аркалар" орнатуға тура келмек. Оның бюджетке қаншаға түсетінін бірқатар табанды мәжілісмендер де анықтай алмады. Үкімет өкілдері тура жауаптан жалтарумен болды. Бұл жоба әлдебір олигархтың қалтасын қампайту үшін жүзеге асырылуы ғажап емес. Егер автоматты жүйе ақаулы болса, қаншама адам айыппұлмен нақақтан жазалауы мүмкін.

Алайда жаңа заң жобаларының бір авторы, депутат Екатерина Смышляева жылдамдық режимін бұзудың жаңа құрамы енгізілмейтінін, айыппұл қолданыстағы құрамдар аясында салынатынын айтты. Тек соған жол ашатын жаңа ұғым енгізіледі.

"Әріптестер: "жылдамдықты бақылаудың қолданыстағы шаралары жеткілікті емес пе?" деп жатыр. Заң жобасына сәйкес, орташа жылдамдық негізінен, республикалық трассаларда фиксацияланатын болады. Бірақ автобандарда тиісті аркалар тым сирек орналасқан. Содан аркаға таяп келгенде автокөліктер жылдамдығын орта есеппен 30%-ға төмендетеді. Салдарынан, аркалар жылдамдықты асыру оқиғаларын тіркемейді. Аркалар арасында жүргізушілер керісінше, жоғары жылдамдықпен айдайды. Патрульдік экипаж қарсы бетте ағып бара жатқан көлікті көрсе, құқық бұзушыны тоқтату үшін оралып, келесі жолаққа шығып та үлгермейді", – деді Смышляева.

Ол аркалар көмегімен жол жүрісін цифрландыру арқылы жолдағы "адами фактор", патрульдердің жемқорлығы жойылатынын жеткізді. Алайда мұны Ішкі істер министрінің орынбасары жоққа шығарды.

"Біз жолдардағы дәстүрлі бақылау түрлерін алып тастауды жоспарлап отырған жоқпыз. Трассаларда автопатрульдеріміздің бәрі қалады! Олар да жылдамдықты өлшеумен айналысады. Бізде мысалы, бір ғана республикалық жолдардың ұзындығы 25 мың шақырымнан асады. Қала сыртындағы трассаларға 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері қызмет көрсетеді. Олар үш ауысыммен жұмыс істейді. Әрбір автопатрульге 50-ден 100 шақырымға дейінгі учаске тиесілі. Ал, мына аркалар жай ғана қосымша көз болады", – деді Игорь Лепеха.

Оның айтуынша, автопатрульдер "Кибер-шериф", "Ekin Patrol G2" сияқты фиксация құралдарымен жарақтануда, олар жолай өткен көліктердің жылдамдығын автоматты түрде тіркейді.

Сондай-ақ қолданыстағы аркаларда 40-тан астам жылдамдық өлшегіш орнатылды. ІІМ өкілі депутаттық заң жобаларындағы "орташа жылдамдыққа" қатысты жаңалықты қызу құптады.

"Ол неге керек деген сөздер айтылуда. Қазақстанда жолдар ұзын. Біз мысалы, "Астана–Бурабай" трассасында тұрып, 14 күн бақыладық. Сонда анықталғаны: жүргізушілер аркаға жақын қалғанда жылдамдығын күрт түсіреді, өткен соң күрт арттырады. Екі апта ішінде ғана осындай 3 800 фактіні әшкереледік. Соның ішінде 500 жағдайда жүргізушілер сағатына 170–180, тағы 62 фактіде – 190 шақырым, 11 фактіде – 200 километр жылдамдықпен айдаған. Егер жол телімін жүріп өтудің орташа жылдамдығы ескерілетінін білсе, жүргізушілердің 200 шақырым жылдамдықпен жүйткуге құлқы қалмайды. Өйткені айыппұл арқаламау үшін келесі арқаға таяғанда, жарты сағат немесе бір сағат аялдап тұруға тура келеді", – деген сенімде И.Лепеха.

Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев арка орнатылатын ақылы жолдар алда тек арта беретінін айтты.

"Қазіргі кезде Қазақстанда 17 ақылы автомобиль жолы бар. Олардың жалпы ұзындығы 3 200 шақырымнан асады. Бұл ақылы жолдарда бақылаудың 94 аркасы орнатылған. Олар әрбір автокөліктің жолды жүріп өтуінің орташа жылдамдығын есептеу мүмкіндігіне ие. Сондықтан қолданыстағы осы ақылы жолдарға орташа жылдамдықты өлшеп, есептейтін жабдықтар орнату үшін бюджеттен қосымша қаражат талап етілмеуге тиіс. Бірақ басқа да жолдарда ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр. Таяу уақытта оларда орташа жылдамдықты бақылайтын шамамен 100 арка қойылады", – деді көлік вице-министрі.

Депутат Самат Мұсабаев бұл жаңалық трассаларда кептеліс туғызуы мүмкін дейді.

"Орташа жылдамдықты есептеуге біздің жолдарымыз дайын ба? Мысалы, трассаларда кептеліс туындайтындықтан, демалыс күндері барлық шлагбаумды ашып тастайды. Олай болмаса, жүздеген, мыңдаған көлік келіп тоқтайды. Көліктерді тездетіп өткізу үшін жолдарды ашып тастап, ешқандай ақша да төленбейді. Егер тыйым салып, тосқауыл қойылса, ертең жолдарымызда тығындалады да қалады. Айталық, "Астана–Бурабай" автобаны үш жолақты, ары қарай Көкшетауға дейін екі жолақ қана. Орташа жылдамдық бойынша біз кішкене ертерек қимылдап кеткен сияқтымыз", – деді мәжілісмен.

Ішкі істер министрінің орынбасары И.Лепеханың айтуынша, халықтың ашуын, әлеуметтік дүмпуді туғызбау үшін жаңа тетік жаппай емес, алдымен бірнеше учаскеде енгізіледі. Содан кейін халық үйренгенде, бірте-бірте барлық республикалық трассаларға таратылмақ.

Айтпақшы, заң авторлары да, Үкімет өкілдері де аркалардың қанша тұратынын сол бойы айтпады.

"Әріптестерім, депутаттар аркаларды орнату құнын қайта-қайта сұрап қоймайды. Тағы да қайталап айтамын, бұлар – орташа жылдамдықты ғана емес, әр көліктің ақы төлеуін де бақылайтын көпфункционалды құрылғы. Неге сіздер басқаша сұрамайсыздар: экономика үшін адам өмірі қаншалықты қымбат? Бұл жан басына шаққанда ЖІӨ-нің 70 пайызын құрайды. Экономика жылына жол апаттарынан триллион теңгеден артық шығын шегеді. Оның жанында аркаларға жұмсалатын шығын түкке тұрмайды", – деп жалтарды Мәжіліс депутаты Е.Смышляева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу