Қазақстанда кедейшіліктің жаңа шегі белгіленетін болды

6788

Бүкіл әлемде тақыр кедейлер қатары артып келеді.  

Қазақстанда кедейшіліктің жаңа шегі белгіленетін болды Фото: inbusiness.kz

Жалпы, бұл ұғымның мағынасы кең. Дегенмен, БҰҰ оған жан басына шаққандағы табысы күніне 1,9 доллардан аспайтын, сонымен қатар ең қарапайым игіліктерге, атап айтқанда баспанаға, үйдегі дәретханаға, орталықтандырылған суға жарымаған, дәрігерге қаралып, білім алу мүмкіндігінен айырылған адамдарды жатқызады.

Сонымен, БҰҰ дерегінше, 2022 жылы дүниежүзіндегі 6 миллиардтан астам адам тұратын 111 тәуелсіз мемлекетте шамамен 1,2 миллиардтан астам адам "ыңыршағы айналған" кедейліктің азабын тартып жатқан.

Олардың саны тоқтаусыз өсуде: БҰҰ 2018 жылғы дерегінде жаһанда шамамен 736 миллион адам күніне 1,90 доллардан аз қаржыға тіршілік етуге мәжбүр екені айтылды.

Тұрмыс тауқыметін тартып, кедейлік қиыншылығын көрген адамдардың басым көпшілігі дүниежүзінің екі өңірінде: Оңтүстік Азияда және Африканың Сахарадан оңтүстігіне қарай орналасқан елдерінде тұрады.

Біріккен ұлттар ұйымы мемлекет бай, бақуытта болуы үшін басты алғышартты атады, бұл әрине, демократия мен бейбітшілік. Қайыршылықтың ең жоғарғы көрсеткіштері әскери, қарулы қақтығыстар өрті өршіген елдерде немесе экономикасы әлжуаз, жемқорлық пен диктатура жайлаған елдерге тән көрінеді.

Коррупция Қазақстанда да күшті. Дегенмен, халықаралық ұйымдар қазақ елін ауқаты орташадан жоғары мемлекеттер қатарына қосты. Әрине, кедейлер бізде де жетерлік.

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы" бұйрығының жобасын әзірлеп шықты. Құжат қабылданса, 2025 жылдан бастап, Қазақстанда тұрмысы нашар отбасылардың саны күрт өсуі мүмкін. Себебі, отбасы мүшелері шамамен жүз мың теңгеден аз табыс табатын отбасылар да кедей қатарына қосылып, мемлекеттен көмек ала алуы мүмкін.

"Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегі біріншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде; екіншіден, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік АӘК тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген медианды табыстың 50% мөлшерінде айқындалады", – делінген бұйрық жобасының орысша нұсқасында.

Айтпақшы, құжаттың мемлекеттік нұсқасы қате жазылған. Онда 2025 жылдан кейін де күнкөріс минимумы басты көрсеткіш болып қала беретіні көрсетілген: "2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік АӘК тағайындауға жүгінген тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде айқындалады". Осылайша, Тамара Дүйсенованың командасы қазақтілділерге қате ақпарат ұсынып, жаңылыстырып отыр.  

Жаңа бұйрықты барлық облыстар мен мегаполистердің әкімдіктері, олардағы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшылыққа алады. Республикада ең төмен күнкөріс деңгейі 2023 жылы – 40 567 теңгені ғана құрайды (әр өңірдің өз күнкөріс шегі бар және біразында бұдан да аз). Мұның жетпіс пайызы 28 396 теңгеге тең. Қазақстандықтар мұны азсынады.  

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жыл қорытындысында Қазақстан инфляция рекордтық 20,3% жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 25,3% шарықтады. Ал өзге тауарлардың құны 19,4% көтерілген. Ақылы қызметтер де 14,1% өсті.

"Біздің Таразда 2023 жылғы бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті есептеуге арналған кедейшілік шегі 30 340 теңге көлемінде ғана белгіленді. 2022 жылдың 4-ші тоқсанында 30 243 теңге болған. Яғни, тиын-тебен қосылды. Мұны қай арсыз есептегені белгісіз. Халықты тауарлардың, тамақтың қымбатшылығы жан-жақтан қысып жатыр. Сонда 97 теңгесі не мазағы? Ең құрығанда, ала қойды бөле қырықпай, Маңғыстаудағы сияқты 40 мыңға жеткізбей ме? Әділдікті талап етеміз. Біз де мемлекетті өркендетуге маңғыстаулықтармен тең үлес қосып жатырмыз. Азық-түліктің көбі импорттық, бүкіл өңірде қымбат. Әділетті Қазақстанды құрамыз деп жаһанға жар салды, шынында кері құлдилап бара жатқан жоқ па?", – деп ашынады тараздық тұрғын Айман апа.

Ол егер "еститін мемлекеттің" шенеуніктері естімеген сыңай таныта беретін болса, елордаға сапарлап, тікелей Ақордаға баруға мәжбүр болатынын хабарлады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасының мүшелеріне шаққандағы табыс күнкөріс минимумының 70%-ынан аспауға тиістігін түсіндірді. Отбасының табысы тоқсан сайын тексеріліп тұрады. Егер келесі тоқсанда табысы ең құрығанда бір теңгеге артып түссе, көмек ары қарай тағайындалмайды. Салдарынан, АӘК алатындар күнкөріс шегінің тым төмендігінен қауіптенеді, оның шекарасынан асып кетемін деп қорқады.

Министрлік мамандары өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейін Ұлттық статистика бюросы есептейтінін ескертті. Соның сарапшылары тоқсан сайын бұл көрсеткішті құбылтып тұрады. Ең төмен күнкөріс деңгейі екі бөліктен тұрады: азық-түлік бөлігінің үлесі – 55% және 43 түрлі өнім бағасына тәуелді. Азық-түліктік емес бөлігінің үлесі – 45%, оған халық кең тұтынатын тауарлар мен қызметтер кіреді. Мысалы, Таразда көп тауар Маңғыстауға қарағанда арзан саналады екен.

"Азық-түлік себетіне кіретін тауарлардың бағасына қарай әр өңірде төл ең төмен күнкөріс (ЕТК) деңгейінің мөлшері белгіленеді. Биылғы 1 тоқсанда ең жоғарғы ЕТК деңгейі, тиісінше, ең жоғарғы кедейшілік шегі Маңғыстау облысында тіркелді: ЕТК деңгейі – 57 411 теңге, кедейшілік шегі – 40 188 теңге. Одан кейін Астана тұр: ЕТК деңгейі – 50 378 теңге, кедейшілік шегі – 35 265 теңге. Ал  Алматы қаласында тиісінше – 48 171 және 33 720 теңге. Ең төменгі көрсеткіштер Қызылорда облысында: ЕТК деңгейі – 41 187 теңге, КШ – 28 831 теңге. БҚОда ЕТК деңгейі – 41 719 теңге, КШ – 29 203 теңге, Ақтөбе облысында ЕТК деңгейі – 42 457 теңге, КШ – 29 720 теңге, Түркістан облысында ЕТК деңгейі – 42 654 теңге, КШ – 29 858 теңге. Бұл ретте АӘК көлемі отбасы мүшелерінің жиынтық табысы мен өңірлік кедейшілік шегіне қарай әр отбасы үшін жеке есептелетінін еске саламыз", – деп түсіндірді министрлік.

Көпбалалы Айман апаның жағдайын түсіндірген министрлік мамандары ақпараттық жүйенің деректеріне жүгініп, биылғы бірінші тоқсанда оларға АӘК тағайындалғанын мәлім етті. Осы мақсатта отбасының 2022 жылғы соңғы үш айдағы табысы назарға алыныпты: ол 547 221 теңгені құраған. Оның ішінде 305 280 теңге – көпбалалы ана ретінде алған арнайы мемлекеттік жәрдемақы. Бала 1,5 жасқа дейін төленетін сәби күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы түрінде – 84 906 теңге төленіпті. Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасағаны үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы – 157 035 теңге болған.

547 221 теңгені үш айға бөлгенде айына 182 407 теңгеден шығады. Отбасыда 10 адам бар, сонда әрқайсысына шаққанда айына небары 18 240 теңгеден тиеді. Яғни, бұл отбасы кедей саналады.

Ал АӘК қалай есептелген? Министрліктің мамандары биылғы бірінші тоқсанға арналған кедейшілік шегінен, яғни 30 340 теңгеден аталған отбасының әр мүшесіне келетін табысты шегерген: 30 340 теңге – 18 240 теңге = 12 100 теңге. Тиісінше, Айман апаның отбасындағы әрбір мүшеге 12 100 теңгеден есептелді. Нәтижесінде, бұл отбасыға айына 121 000 теңгеден (тоқсанға 363 000 теңге) аударылыпты. Яғни, осы аралықта көпбалалы отбасы мемлекеттен 910 мың теңгедей көмек ала алды. 

Бұдан бұрын министр Тамара Дүйсенова түсіндіргендей, Қазақстан АӘК тағайындау үшін қажетті кедейшілік шегін 2025 жылдан бастап қазіргідей күнкөріс минимумына емес, медианды табысқа сәйкес есептеуге көшеді. Салыстырсақ, ең төмен күнкөріс деңгейі 2023 жылы – 40 567 теңге, ал медианды-орташа табыс – шамамен 204 мың теңгеге барабар. Оның жартысы қазірдің өзінде жүз мың теңгедей.

Ендеше алдағы уақытта Қазақстан кедей тұрғындарды қолдаудың АҚШ, Канада, Швеция, Норвегия сияқты дамыған елдердің тәжірибесін қабылдап, бұқараның өмірін біршама жақсартуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу