Қазақстанда Салық кодексі 5 жылда 54 рет өзгертілді - сарапшы

1626

2009 жылдан бастап Салық кодексі 111 ілеспе заңдармен өзгертілді, яғни бұл жылына шамамен 16 заң, барлығы 2300-ден астам бапқа түзетулер енгізілді деген сөз. 

Қазақстанда  Салық кодексі 5 жылда 54 рет өзгертілді - сарапшы Фото: inbusiness.kz

Жақында TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының қолдауымен дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген "Учет" компаниялар бірлестігінің басшысы Максим Барышев жиналған қауымның назарын салық мәселелеріне аударды.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда Салық кодексі 54 рет өзгертуге ұшыраған. Салық жүктемесі тек қолданылатын нормалар тұрғысынан ғана емес, нақты тәжірибе тұрғысынан да нашарлады. Заңдарды қайта жазудан ауыз толтырып айтарлық нәтиже шыққан жоқ, қайта кәсіпкерлер мен отандық бизнес жаңа проблемаларға тап болды. 

Мұндай тұжырымдаманы тәуелсіз аудитор Ғалия Нүри де растап отыр. Сарапшы ұсынған мәліметтерге сенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексі 111 ілеспе заңдармен өзгертілді, яғни бұл жылына шамамен 16 заң, барлығы 2300-ден астам бапқа түзетулер енгізілді деген сөз. Нәтижесінде Заңнамадағы мұндай тұрақсыздық, әсіресе,  кәсіпкерлердің қалтасына ауыр тиетіні сөзсіз.

"Жыл сайын ҚР Салық заңнамасына өзгерістер енгізіледі. Кейбір түзетулердің кәсіпкерлердің есебі мен қызметіне әсерін бірден "бағалай" аламыз, ал бір қарағанда мардымсыз көрінген шараның да артында түбегейлі бетбұрыс тұруы мүмкін екенін жиі түсіне бермейміз. Салық заңнамасындағы тұрақты өзгерістер кәсіпкерлерге жаңалықтарды үнемі зерделеп отыруға қосымша қаражат бөлуге мәжбүр етеді: Заңнаманы бұзбау үшін кеңесшілер, аудиторлар, заңгерлерді жалдауға тура келеді. Оларды үнемі біліктілікті арттыру курстарына жіберу керектігін де ескерген жөн. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қаржы-шаруашылық қызметті (бизнестің қаржылық моделін құру) тиімді жүргізу қиынға соғады, өйткені ұзақ мерзімді жоспарлауды тұрақсыздық аясында жүзеге асыру мүмкін емес", - дейді сарапшы.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров салық саласындағы тұрақсыздық, әсіресе, шалғай ауылдардағы шаруашылық иелеріне, жалпы шағын бизнес өкілдеріне қатты әсер ететінін айтты. Өйткені ауылдарды білікті маман – бухгалтерлер тапшы, оған қоса кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің оған қаражаты да жете бермейді, ал өздігімен төленетін алымдарды есептеу де қиын. Сондықтан жаңа Заңнаманы бәріне бірдей түсінікті етіп, қарапайым тілмен жазу керек, ауыл шаруашылығы өкілдеріне жалпыға бірдей ортақ бір салықты бекіту керек деген ойын жеткізді.

"Бірыңғай агросалық енгізу керек. Гектар бойынша тариф бекітілсе, фермер өзінің жер аумағының ауданына сол көрсеткішті көбейте салады – оңай әрі тиімді, яғни кәсіпкер мен салық органдарымен байланысы тоқтатылады, ал бұл өз кезегінде жемқорлықтың алдын алуға жол ашады", - деді Айдарбек Ходжаназаров. 

Сонымен қатар, Максим Барышев жалақыға салынатын салықтың жылдан-жылға өсіп жатқанын, салдарынан кәсіпкерлер қызметкерлерді заңды түрде жұмысқа алудан бас тартып, қолма-қол жалақы төлеуді жөн көретінін айтады. 

"Макроэкономистер салық жинаудың қаржылық әдістерін қарастырған кезде биліктің ғана мүддесін көздейді, яғни бюджетке қаражат түсу жолын ғана назарға алады. Ал біз, кәсіпкерлер ретінде, әрбір салықтың кәсіпорынға әсерін зерделейміз. Мысалы жалақыға салынатын салықтың жылдан-жылға өсіп жатқанын байқадық, қазір көрсеткіш 32%-ды құрайды, алайда түрлі алымдардың мөлшерінің артуына байланысты болашақта (5 жыл ішінде – ред.) оның көрсеткіші 40-41%-ға дейін жетуі мүмкін.  Бізде корпоративтік табыс салығы 20%, оған жанағы жалақыға төленетін 32%-ды қосыңыз. Әрине, кез-келген кәсіпкер таза табыстың 20 пайызын салық ретінде төлеу бюджетке 32 пайыз салым салудан анағұрлым тиімді екенін түсінеді. Сондықтан ол қарамағындағы адамдарды ресми түрде жұмысқа алмайды не салықты аз төлеу үшін ең төменгі жалақыны белгілейді. Осыдан жалақыны қолма-қол төлеу үрдісі етек жайған. Биыл 20%-дық ставкамен бірыңғай жалақы салығы енгізілді, бірақ ол оңайтылған декларация негізінде салық төлейтін ШОС субьектілеріне ғана қатысты болып отыр. Жоғарыда айтылған "бизнес схеманы" айналып өту үшін дәл осы салық түрін бизнестің барлық санаты үшін енгізу керек деп ойлаймын", - деді сарапшы. 

Дегенмен сарапшылар соңғы жылдары қабылданған бөлшек салыққа дән риза. Бұл режим 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды және басында 2 жылға есептелген болатын, бірақ биыл қайта күшіне енді. 

"Бөлшек салығы – бірыңғай жеңілдікті мөлшерлемемен және ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатуды көздейтін бөлшек салық режимін енгізу экономиканың пандемиядан ең көп зардап шеккен секторларында жұмыс істейтін бизнес субъектілері үшін уақытша және қажетті қолдау шарасы ретінде қабылданды және оларға салық салуды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Ғалия Нүри.

Мемлекет басшысының Жолдауында кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық – бөлшек салығы аясын кеңейту тапсырылды. 

Қазақстан салық нормалары бойынша Дүниежүзілік банкпен бірлесіп PwC жүргізген "Paying Taxes 2019" зерттеуінде 56-шы орынды иеленді. Зерттеу 14 жыл бойы жүргізіліп келеді. "Paying Taxes 2019" зерттеуі әлемнің 190 елі бойынша салық заңнамасы мен қолдану практикасының талдауын ұсынады. Тәуелсіз аудитор Қазақстандағы салық жүйесінің ауыртпалығын өзге елдермен салыстыра отырып, орташа деп бағалады. Біздің жүйеге тек тұрақтылық жетіспейтінін алға тартты. 

"Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанның жалпы салық ставкасы 29,4%-ды құрайды, бұл компания пайдасындағы салықтар мен жарналардың үлес салмағын білдіреді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Қазақстанның бұл көрсеткішін (29,4%) басқа юрисдикциялармен салыстырар болсақ, ол Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері бойынша (32,8%), сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ("ЭЫДҰ")  елдері бойынша орташа мәннен едәуір төмен (40,2%)", - деп түйіндеді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу