Қазақстанда Жаңа жылдың орнына Наурыз мерекесін тойлау ұсынылды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Әли Бектаев осындай бастама көтерді.

Қазақстанда Жаңа жылдың орнына Наурыз мерекесін тойлау ұсынылды Фото: inbusiness.kz

Ол жаңажылдық шараларда ысырапшылдық басым болып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 

– Жаңа жылды қарсы алу жылдан-жылға күрделеніп, жай отбасылық мерекеден ауқымды материалдық шараға айналып бара жатқаны жасырын емес. Үлкен қалаларда, облыс, аудан, орталықтарында орнатылған алып шыршалар, мұз қалашықтары, атылған отшашулар мемлекет қазынасына салмақ түсіріп, тұрғын үй кешендерінде атылып жатқан пиротехникалар қуаттылығы жағынан адамға үрей тудырып, материалдық зақым келтіріп жатыр. Жаңажылдық сыйлық іздеп сабылып жүрген адамдардан сауда орталықтарында аяқ алып жүре алмайсың. Ал бағасы шарықтаған балалар ойыншықтарының басым көпшілігі шетелден келетіндігін, шетелдің дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, тілін, ділін, дінін насихаттайтындығын да жақсы білеміз. Өткізіліп жатқан ұжымдық корпоративтерді талдамай-ақ қояйық. Дегенмен, жаңажылдық шараларда ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқаны анық, – дейді Әли Бектаев.

Депутат Тәуелсіз Қазақстанда Жаңа жылды атап өтудің ерекше идеологиялық, әлеуметтік негізін қалыптастыратын уақыт келді деп есептейді.

– Елімізде 3 000 жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы терең дәстүрге ену керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының қарарына сәйкес, Халықаралық дәреже алған, ал UNESCO-ның шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген Наурыз мейрамы – халқымыздың қанына сінген, жанына жақын, рухына лайық мереке. Ел ішінде Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Осы күні бабаларымыз араларына жік түскен адамдарды бір дастарханнан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жандарды үйлендіріп, жеке отау еткен. Жетім-жесірлерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. "Бұл күні Самарқанның да көк тасы жібіген" деп, небір мықты бай-бағландар да елдің жағдайын жасауға, көмек көрсетуге ұмтылған. Дәл осы күндері бұлақтардың көзін ашып, тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Наурыз өте салысымен егіншілер егін егіп, малшылар төл алуға кірісіп, жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни, Наурыз – халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Бұл күн ежелден-ақ ынтымақ пен ырыс мейрамы. Президентіміз айтқандай, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символына айналуы тиіс, – деді ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Әли Бектаевтың айтуынша, мемлекетімізде балабақшадан бастап барлық оқу орындары мен еңбек ұжымдарында, әрбір отбасында Наурыз мерекесін дәріптейтін, дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіре білетін жалпыұлттық концепция қабылдау керек.

– Наурыз – көл-көсір дастархан жасап, жүздеген киіз үйлер тігіп, ысрапшылдыққа жол беретін мейрам емес, яғни әр отбасына, әр ауылға, әр өңірге рухани нәр беретін жаңашыл мерекеге айналуы керек. Наурыздың тарихын, рухани құндылығын, оның әр дәстүрінің символикалық мәнін, ізгі амалдарының тәрбиелік мағынасын, татулық пен бірліктің негізін зерттейтін, қалың бұқараға жеткізетін ғылыми орталық қалыптастыру маңызды. Әр жылдың экономикалық, статистикалық қорытындысы алдағы ақпан-наурыз айларында шығатындығын ескере отырып, Наурыз мерекесінің қарсаңында өткен жылды қорытындылап, еңбек ұжымдары мен еңбек озаттарын марапаттау дәстүрге айналуы тиіс. Тіпті, наурыз айы еңбек адамын дәріптеу айы болғаны дұрыс. Сонымен қатар, мереке қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесуді жалпы халықтық акцияға айналдыру қажет, – деп түйіндеді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу