"Қазатомөнеркәсіп" Канадаға жеткізілетін уранға қатысты пікір білдірді

1823

"Қазатомөнеркәсіптің" коммерция жөніндегі бас директорының айтуынша, уран жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін жеткізіледі, ешқандай кедергілер жоқ.  

"Қазатомөнеркәсіп" Канадаға жеткізілетін уранға қатысты пікір білдірді Фото: kazatomprom.kz.

Әзербайжан арқылы тауар тасымалдау квота арқылы емес, әр жеткізілім бойынша жеке қаралады, ал "Астық мәмлесінің" жабылуы Қара теңіз порттарында қиындықтар тудырмаған, деп жазады Inbusiness.kz.

Күні кеше ғана канадалық Cameco "Қазатомөнеркәсіппен" бірлесе өнім алатын  "Инкай" кен орнынан өзінің үлесін ала алмай жатқанын айтып шағым түсірген еді. "Қазатомөнеркәсіп" желтоқсан айының соңында Канадаға уранның бірінші партиясы жеткізілгені туралы хабарлады, екінші партия, сарапшылардың айтуынша, Әзербайжанның өз аумағынан қазақстандық уранды өткізуге құлықсыздығынан, екінші жағынан Қара теңіздегі жағдайға байланысты тағы да кешіктірілетін болды.

Алайда бүгін "Қазатомөнеркәсіп" журналистермен кездесуде мұндай тұжырымдамаларды жоққа шығарды және жоспар бойынша уранның екінші партиясы осы жылдың соңына дейін Канадаға жеткізілетінін айтты.

"Транскаспий көлік бағыты арқылы ешқандай мәселе туындаған жоқ. Біздің Әзербайжандағы, Грузиядағы әріптестерімізден жүкке қатысты шағым түскен жоқ. Қара теңізде "Астық мәмлесінің" жабылуына байланысты қиындықтар туындағанын естідік, бірақ дәл біздің жүгімізге қатысты кедергілер болған жоқ", — деді Дастан Ермекұлы.

Жалпы "Қазатомөнеркәсіп" басшылығы тәуекелдерді бағалау бағдарламасы шеңберінде Ресейге қарсы санкциялардың компания қызметіне әсерін талдайды. Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс нәтижесінде пайда болған нарықтық белгісіздік уранның спот бағасының және ұлттық валютаның айырбас бағамының айтарлықтай құбылмалылығына әкелгеніне қарамастан, компания басшылығы бүгінгі күнге дейін санкциялар Топтың қызметіне айтарлықтай әсер етпеген дейді.

"Болып жатқан геосаяси оқиғаларға байланысты біз көлік маршруттарына ерекше назар аудара бастадық. Осыған орай Санкт-Петербург қаласының порты арқылы жүретін біздің негізгі маршрутымыз штаттық режимде жұмыс істейтінін, осы маршрут бойынша дайын өнімді жеткізуге байланысты қандай да бір елеулі шектеулер байқалмайтынын атап өту маңызды", — деді "Қазатомөнеркәсіп" басқарма төрағасы Мұқанов Ержан.

Соған қарамастан, компанияда Ресей Федерациясының аумағынан тыс жерде өтетін және кәсіпорын 2018 жылдан бері табысты пайдаланып келе жатқан баламалы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, батыс конвертерлерінде своп-операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігін, сондай-ақ компанияның батыс конверсиялық кәсіпорындарында өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беретін қорлардың жеткілікті деңгейін қамтитын санкцияларға қарсы шараларды қолға алған.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу