Кеден жақтағы теріс құбылыстар кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтіруде

3363

Шекарадағы түсініксіз жағдайлар бизнесмендердің шағымдануына себеп болды. 

Кеден жақтағы теріс құбылыстар кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтіруде

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, осы аптада "Нұр Жолы" өткізу бекетінде 25 көлік (электронды кезекке 7 мың 62 көлік жазылған), "Алакөлде" – 22, ал "Бақтыда" – 147 көліктен құралған кептеліс болыпты. Бұл ретте Inbusiness.kz шекараны уақытында кесіп өте алмаған экспорттаушылардың шығын шегетіні туралы талай мәселе көтерді.

Бірақ кәсіпкерлер кеденде бұдан басқа да жайттарға кезігіп жатқан көрінеді. Мысалы, халықаралық тасымалдаушы компанияның өкілі Елена Лекарева өздері жолыққан оқиғаны баяндап берді.

"Біз шетелден біртұтас емес, құрама жүктерді тасимыз. Яғни, бір фурамен әртүрлі қалада орналасқан бірнеше клиенттің жүгін жеткіземіз. Шекараны кесіп өткенде, кедендегілер көлігімізге пломба салып тастады. Оның мәнісін сұрасақ, тапсырыс берушілеріңіздің бірі коронавирус бойынша "қызыл аймақта" орналасқан дегенді айтты. Ол тапсырушымыз Алматыда. Енді оған жеткенше, көліктің жүк бөлігін ашпауымыз керек. Бұл бізге әрине жарамайды. Сондықтан бізге Алматыға дейінгі жолда, әрбір қаладағы басқа клиенттерге тоқтап, жүкті түсірген сайын салық қызметінің өкілін шақыруға тура келеді: ол келіп, пломбаны алып, біздің жүкті тапсыруымызды күтіп, соңынан басқа пломба қояды", – дейді ол.

Яғни, әрбір қалада осылай жасауы керек. Басқа жол жоқ деседі.

"Бұл бізге өте ыңғайсыз. Өйткені салықшылар түнде немесе демалыс күндері жүк түсіруді бақылауға барудан бас тартады. Жұмыс күндері асықпай, жайбасарлық танытады. Салдарынан, біз уақыт жоғалтамыз. Әрбір клиентпен жеткізу уақытын бекітіп, жеке келісімшарт жасасқанбыз. Жүкті жеткізуді кешіктірсек, олар бізге айыппұл салады. Неге мұндайды тасымалдаушыларға ертерек ескертпейді? Соның кесірінен бар қиындық бізге жүктеледі. Мемлекет қандай да бір өңірді қызыл аймаққа жатқызған сайын біз шығын шегетін боламыз", – дейді тасымалдаушы өкілі.

Көкөністер мен жеміс-жидектер тасуға маманданған "ЕуроазияТранс" компаниясының директоры Андрей Моисеев "Бақты" кедендік бекетіндегі қиындықтарды атады.   

"Қазіргі кезде бұл кедендік бекетке "алдын ала ақпарат" деген түспей жатыр. Ол ақпарат контракті бойынша тауарлардың құнын растау үшін қажет. Осы мәселе бойынша біз Мемкірістер комитетінің төрағасына жүгіндік. Ол өз жауабында Қытайдың "Tacheng" кедендік бекетінен біздің "Бақты" кеден бекетіне деректердің түсуінде проблема туындағанын хабарлады. Оны ҚХР-дың Мемлекеттік кеден басқармасы шешуге тырысуда. Қазақстандық кеден алдын ала ақпарат болмағандықтан контракт бойынша тауарлар құнын растаудан бас тартып отыр. Қазіргі цифрландыру дәуірінде бұл нағыз нонсенс! Бақылау мен мониторингке арналған жүйенің ақауы кесірінен бизнестің қалыпты жұмысы дағдарды", – деп күйіп-піседі кәсіпкер.

Бүгінде бұл компания проблеманың шешілмей, ұзауы кесірінен қып-қызыл шығынға батуда екен. Бұлай бара берсе, болжанбаған шығысы еселеп артқан тасымалдаушы компаниялар жабылып тынуы ғажап емес.

Ал бірқатар тасымалдаушылар Қытаймен шекарада көлікті ақшаға өткізіп беруші топтар қимылдап жатқанына шағымдануда. Олардың қызметіне жүгінбесе, ұзақ кезек күтуге тура келетін көрінеді.

"Мұндай алаңдатарлық жағдайға қазақ-қытай шекарасындағы "Достық" кеден бекетінде жолықтық. Оның жанында заңсыз бизнеспен айналысатын ұйымдасқан топтар әрекет етуде. Бұл адамдар заңда бекітілген өкілеттіктері болмаса да, жүргізушілерінде Қытай визасы жоқ көліктерді Қазақстаннан Қытайға айдап өткізумен айналысады. Осы қызметі үшін әр көліктен 300 доллардан жинайды. Тіпті құжаттары түгел тасымалдаушыны да олар өздерінің делдалдық көмегіне жүгінуге мәжбүрлейді", – дейді тасымалдаушы компаниялардың бірінің басшысы Айбек Баймаханов.

Топ өкілдері жүргізушіні қорқытып, егер көмектен бас тартса, Қытай аумағына кедергісіз өте алмайтынын мәлімдейді.

"Олар шекарашылармен және кеденшілермен байланысы барына меңзейді. Біздің компаниямен келісімшарт бекіткен жүргізуші біздің жүк көлігімен кеден бекетіне таяғанда, оған осы делдалдар жетіп келген. Бірақ жүргізушіміздің қолында шекараны кесіп өтуге мүмкіндік беретін, лайықты түрде рәсімделген рұқсаттары бар. "Перегонщиктер" оған доқ көрсетіп, олардың қатысуынсыз шекарадан өтпеуге кеңес береді. Себебі, бұл аумақта тек солардың тобы ғана осы іспен шұғылданатын көрінеді. Біздің жүргізуші барлық қажетті құжаттары мен визасы қолында екенін, сондықтан олардың жәрдемін қажетсінбейтінін, оларға ақша төлеу ниеті жоқтығын айтқан. Мұны ести сала, әлгілер моральдық, психологиялық қысым көрсетіп, қорқыта бастайды. Тек жүргізуші сол кедендік бекетте біздің компанияның мүддесін қорғайтын кедендік брокерге хабарласқаннан кейін ғана әлгілердің мысы басылды", – дейді бизнесмен.

Ол шекара жанында қысымға ұшырайтын жүргізушілерге сондағы билік өкілдері ешқандай араша түспейтініне, оқиғаға бей-жай қарап жүре беретініне назаланады.

Соған қарағанда, кеден жақты тәртіпке келтіріп, пандемия кезінде бой көтерген теріс құбылыстарға тосқауыл қоятын шаралар қажеттей.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу