Қырғызстанда неге журналистер топ-тобымен тұтқындалып жатыр?

4708

Оларға бүлік жасауға шақыруға қатысты ауыр айып тағылуы мүмкін.

Қырғызстанда неге журналистер топ-тобымен тұтқындалып жатыр? Фото: archive.bulak.kg

Көрші Қырғыз Республикасында сот құқық қорғау органдары ұстаған журналистерді тұтқындау туралы шешім шығарды.

Қырғыз ақпарат агенттіктері, мысалы, Бішкек қаласының Бірінші мамыр аудандық соты (Биринчи май райондук соту) журналистер Махаббат Тәжібекқызына және Азамат Ишенбековке "Бұқаралық тәртіпсіздіктерге шақыру" бабы бойынша айып таққанын хабарлады.

Жалпы алғанда, осы аптада ұсталған журналистердің саны 11-ге жетті. Бірінші мамыр аудандық соты олардың бәрін 2 ай мерзімге тұтқындауға шешім шығарды.

Қырғыздың Kloop журналистік зерттеулер порталының мәліметінше, темір торға тоғытылған ақпарат құралдарының өкілдері Temirov Life, "Айт Айт Десе" сияқты сайттар мен үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеген.

Олардың арасында Temirov Live директоры және Қырғызстаннан аласталған Болот Темировтың жұбайы Махаббат Тәжібек, журналистер Сапар Ақынбеков ("Айт Айт Десе"), Азамат Ишенбеков ("Айт Айт Десе"), Сайпидин Сұлтанәлиев ("Арча Медиа"), Ақтілек Қапаров ("Алға Медиа"),   Тыныстан Асыпбеков ("ПолитКлиника"), Мақсат Тәжібекұлы (Temirov Live), Жоодар Бузумов, Айке Бейшекеева (Temirov Live), Жұмабек Тұрдалиев, Ақыл Орозбеков бар.

Олардың бәріне сот билігі Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің "Бұқаралық тәртіпсіздіктер" аталатын 278-бабының 3-бөлімі бойынша, яғни "бұқаралық тәртіпсіздіктерге және билік өкілдерінің заңды талаптарына белсенді бағынбауға, тиісінше азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақырды" деген айып тақты. Бұл "төңкерісті ұйымдастырумен" теңестірілуі мүмкін. Аталған баптың 3-бөлімі бестен сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Қырғыз ақпарат құралдарының жазуынша, журналистерге не үшін мұндай тым ауыр айып таңылғаны белгісіз. Ресми түсініктеме берілмеген. Тек оларды лек-лектеп ұстап алып, сотқа жеткізген. Сол жерден олар жаппай абақтыға жабылды.

Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі "Айт Айт Десе", Temirov LIVE сияқты порталдардың беттерінде жарияланған материалдарға, контентке жүргізілген "сот-лингвистикалық сараптама" Қылмыстық кодекстің 278-бабы бойынша қылмыстық істер қозғауға себеп болғаны туралы мәлімдеме жасады. Бірақ әңгіме қандай материалдар туралы болып отырғанын тағы да нақтыламады.

Тұтқындаулар сонымен тыйылмауы да ғажап емес. "Айт Айт Десе" және Temirov Live тәуелсіз медианың бұрынғы және қазіргі журналистерінің үйіне күш құрылымдары тінтумен барды.  

Бұдан бөлек, қырғыздың танымал 24.kg ақпарат агенттігінің редакциясында да тінтулер жүргізілді. Құзырлы органдар редакциялық техниканы тәркілеген. Сондай-ақ оның бас директоры Әсел Оторбаеваны, екі шеф-редакторын – Антон Лымарьды және Махинур Ниязованы тергеуге алып кетті. Әзірше босатқан.

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті 24.kg ақпарат агенттігіндегі тінтулер де, тергеулер де "соғысты насихаттау туралы" басқа қылмыстық іс аясында ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді. Мәселенің қандай соғыс туралы екені айтылмады.

"Редакцияда тінту жүргізілді. Компьютерлер, ноутбуктар, электронды тасымалдағыштар және қылмыстық іс үшін маңызы бар басқа заттай айғақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген ресми хабарламада.

Халықаралық және қырғызстандық медиақауымдастық тәуелсіз ақпарат құралдары ортасында жасалған топалаңды, журналистерді тұтқындауды айыптады.

Олардың пікірінше, билікті өз қолдарында шоғырландырып жатқан шенділер осы арқылы тілшілердің аузына қақпақ қойғысы келеді.

"Жаппай тінтулер, тергеуге шақыртулар, топ-тобымен тұтқындаулар журналистерді қорқытуға бағытталуы мүмкін. "Тыйым салынған жерге тұмсықтарыңды сұқпаңдар, әйтпесе, барлығыңды осы күтіп тұр!" деген белгі. БАҚ – бұқара мен билік арасындағы көпір. Біздің бүкіл миссиямыз бен функцияларымыз соған құрылған. Ол көпірді бұзғаннан елге тек зиян келеді", – деген пікір білдірген "Платформа действий медиа Кыргызстана" ұйымының төрағасы Тамара Валиева кәсіби қызметі үшін ақпарат құралдарына қысым көрсетуді доғаруды сұрап, ел Президенті Садыр Жапаровқа қайрылды.

Журналистер билікті диалогқа шақырды.

Қырғызстанның Мемлекет басшысы оларға кеше кешке мемлекеттік "Кабар" агенттігіне сұхбат беру арқылы жауап қатты.

Садыр Жапаров тұтқындалғандарды "кәсіби журналист" деп санамайтынын жеткізді. Оларды әлеуметтік желілерді пайдаланатын және елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін түрлі мәліметтерді жариялай беретін блогерлер деп таниды. Президент кез келген құқықтық мемлекеттегі сияқты Қырғыз Республикасында да заң алдында жауапкершілік барын атап өтті.

"Біз жекелеген блогерлердің және белсенділердің жалған ақпарат пен фейктерді ашықтан ашық таратқанынан талай куә болдық. Өңірлік, діни және ұлтаралық араздықты қоздырудың, бейберекетсіздікке, Конституцияға қайшы істерге шақырудың қасақана немесе абайсызда жасалған талаптары болды. Қазіргі тынышы кеткен, аумалы-төкпелі заманда сөз бостандығы жауапкершілікпен қабыса жүруге тиіс. Тіпті демократиялық дамыған елдер де сөз бостандығын төл саяси мақсаттары немесе қоғамды тұрақсыздандыру үшін пайдаланатын адамдарға қарсы шектеулер енгізіп жатыр", – деді С.Жапаров.

Оның айтуынша, осыған байланысты Қырғызстан билігі "алдын алушы шараларды қабылдауға мәжбүр". Себебі, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты.

Сөз соңында қырғыз Президенті Садыр Жапаров ағат тұжырым жасамау үшін барлық тергеу іс-шараларының аяқталуын күтуді ұсынды.

Тәуелсіз БАҚ редакцияларында жаппай тінту жүргізіп, мүлкін тәркілеуге, сондай-ақ журналистерді тұтқындауларға қатысты АҚШ Мемлекеттік департаменті, сонымен қатар Ұлыбритания, Еуропалық Одақ делегациясы, Австрия, Бельгия, Финляндия, Франция, Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Португалия, Испания, Швеция елдерінің Қырғызстандағы елшіліктері алаңдаушылық білдіріп, жеке және бірлескен мәлімдемелер таратты.

Олар Қырғызстан билігін адам құқықтары саласында өз мойнына алған халықаралық міндеттемелерін сақтауға және журналистердің пікір білдіру бостандығын қорғауға, оларға кәсіби қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беруге үндеді.

Ақ үй өз мәлімдемесінде "еркін әрі тәуелсіз баспасөз ғана ұлттық қауіпсіздік пен бейбітшілікті, демократиялық институттардың тиімді жұмысын қамтамасыз ететініне" назар аудартты.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ ұйымы қалыптасқан жағдайға байланысты қырғызстандық СІМ-мен телефон арқылы сөйлесуге бастамашы болды. Бұл туралы көршінің сыртқы саясат ведомствосы хабарлады.

Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев пен ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі арнайы өкілі Тереза Рибейро "елдің ұлттық басымдықтары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес конструктивті ықпалдастық жасауға" келісіпті.

"Редакциялардағы тінтулер және қылмыстық тергеулер БАҚ бостандығына да, қоғамды қызықтыратын маңызды проблемаларды жариялауға да тежеу болуы мүмкін", – деп алаңдаушылық білдірді Тереза Рибейро.

Айтқандай, кеше Бішкектің Октябрь аудандық сотында Kloop Media-ны жою туралы сот отырысы басталды. Прокуратураның ұсынысымен бұл іске салық ликвидаторы жұмылдырылатын болады. Kloop Media адвокаты іске не себепті салық жоюшысының тартылғанын түсіне алмапты. Өйткені "прокуратураның "Клоопқа" қатысты талабының салыққа қатысы жоқ екен.

Kloop Media-ны жою туралы сотқа былтыр Бішкек қаласының прокуроры Эмильбек Абдыманнапов талап-арыз түсірген.

Оның арызында айтылғандай, "Клооп Медиа жарияланымдарының үлкен бөлігі мемлекеттік және миниципалдық органдарды дискредитациялауға бағытталған, теріс сыни сипатта болып келеді".

Алатаудың арғы бетіндегі ағайын елде болып жатқан кез келген өзгеріс қазақстандықтарды да елеңдететіні мәлім. Арты не болатынын уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу