Қырым биыл қалың туристік ағыннан қағылды

3066

Ресейліктердің бұл түбекке деген қызығушылығы жыл өткен сайын құлдырап барады.

Қырым биыл қалың туристік ағыннан қағылды Фото: Ашық дереккөзден

Кремлдің саясатын қолдайтын "Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы" (ВЦИОМ) биылғы жазда РФ халқының қайда демалатынын анықтап, әлеуметтік зерттеуін жариялады.

Қысқаша айтқанда, ресейліктердің 51%-ы 2023 жылы ешқайда демалмайды, үйлерінде қалады. Тағы 29%-ы жазды саяжайда өткізеді. Осылайша, жыл өткен сайын деградация шыңырауына құлап бара жатқан солтүстік көршінің халқының басым көпшілігі — 80%-ы үшін шетел түгіл, өз отаны бойынша сапарлау қолжетімсіз арман болып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жарайды, сонда қалған 20 пайызы бүкіл әлемді армансыз шарлап, шетелдік ең жақсы жағажайларда, ләззат теңізінде шалқитын болар? Жоқ. ВЦИОМ анықтағандай, осы жиырма пайыз ресейліктердің 75%-дан астамы тек Ресейді және Украинаның оккупацияланған аумағын аралайды. Нақтылағанда, 22%-ы – Қырымды, 14%-ы – Байкалды (Байкөл), тағы 14%-ы – Алтайды, 11%-ы – Краснодар өлкесін, 11%-ы – Ленинград облысын таңдады.

Осылайша, ресейліктердің жалпы санының 4 пайызы ғана шетелде тынығуды жоспарлап отырған көрінеді. Бір ескеретін жайт, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ресейлік туристерді тартуға бағдарланған. Ал олар өз елінен сыртқа шықпайтын болып барады. Ендеше біздің туризмге жауапты шенеуніктері соларға шектен тыс үміт артса, сазға отыруы мүмкін.

Назар аударатын мәселе, ВЦИОМ дерегінше, биыл Қырымда демалуға ынтыққан ресейліктер қатары былтырғыдан тағы 4%-ға кеміді. Өйткені ресейліктер биылғы жазда Қырым түбегінде әскери ұрыс қимылдары өрістеуі мүмкін деп қорқады. Яғни, бұрынғыдай "Қырым біздікі" деген берік сенім енді жоқ.

"Соңғы жылдардағы динамика көрсеткендей, ресейліктер ішкі туризмге көбірек ден қоя бастады. Бұл ретте дәстүрлі емес жазғы туристік маршруттар танымал болуда: оңтүстік бағыттарды Ресейдің өзге өңірлерінде саяхаттау ауыстырып жатыр", – деп түсіндірді Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мамандары.

Қырымға деген ресейліктердің қызығушылығының құлдырауы Украина үшін жақсы: онда Путин бұл түбектен айрылып қалудан бұрынғыдай қорықпайды. Кезінде өзі "орыс әлемі үшін киелі, сакральды мекен" деп жариялаған Қырымға енді таскенедей жабыспауы, Украинаның оған шабуылына қарсы ядролық қаруын қолданбауы мүмкін.

The Washington Post та ресейлік саяхатшылардың Қырымға ынта, құлшынысы кемігеніне назар аудартады. Оның байламынша, "соғыс өрті Қырымға жақындаған сайын ресейлік оккупанттар керісінше, бұл жарты аралды мейлінше көп туристке толтыруға тырысуда".

Бірақ көрініс басқаша екен: америкалық басылым Қырымның оңтүстік жағалауындағы танымал курорт қала Алуштада, туристердің сүйікті бір орны саналатын жағажайдың жартылай бос жатқаны бейнеленген фотоны жариялады. Фото биылғы маусым айының соңында, яғни туристік маусымның қызған шағында түсірілген.

"Ресей 2014 жылы Украинадан заңсыз тартып алып, аннексиялаған Қырым кейінгі айларда дрондардың соққысына ұшырады. Қара теңіздегі бұл түбекте орналасқан ресейлік әскери теңіз объектілеріне, теміржолдарға, мұнай базаларына және басқасына бірнеше рет шабуыл жасалды. Украинаның контршабуылды жандандырғанына, Киевтің түбекті азат етуі мүмкіндігіне, тұрақсыздықтың өршігеніне қарамастан, оккупациялық билік туристерді белсенді шақырып, олардың алаңдауына себеп жоқтығына табандауда. Ресейлік әлеуметтік желілер Қырымдағы арзан жолдамалардың және жалға берілетін баспананың жарнамасына толы. Оның бәрі жазғы демалысты Қырымда өткізуге үндейді. Орыстар үшін Қырым патша заманынан бері теңіздің ар жағындағы сүйікті санаторий болатын. Оны А.Чехов өз туындыларында дәріптеген", – деп жазды Уашингтон пост.

Бірақ оның бәрі тарихтың еншісінде қала бастағанға ұқсайды. Америкалық басылым Мәскеу бастаған соғыс Қырымның туризмін күл-талқан еткелі тұр деген сенімде.

Негізсіз емес. Түбекті Ресеймен жалғайтын Керчь көпірін кесіп өту қиындады: РФ тарапы көпірдің жарылуынан қорқып, өткен-кеткен көліктердің бәрін кіреберісте мұқият тексеруге кірісті. Салдарынан көпірдің өткізу қабілеті еселеп төмендеді, ұзынсонар кезектер қалыптасуда. Осыған орай В.Путин Үкіметке туристерді, жолаушылар ағынын Ресейден Қырымға құрлық арқылы, яғни Украинаның өздері басып алған Запоржье өңірі арқылы қайта бағыттауды ұсынды. Ол жақта қырғын соғыс жүріп жатқанын қария лидер түсіне алмаса керек.

Оның үстіне ұрыс қимылдарының өрістеуі сыртында, биылғы маусымда Кахов су қоймасының күйреуі Қырымды ішінара ауызсусыз қалдырғалы тұр.

Қырымның оккупациялық басшысы Сергей Аксенов туристерге еш қауіп жоқтығына сендіріп бағуда. Жергілікті телеарнаға сұхбатында ол қарсыластың беспилотниктерін қашықтан анықтайтын жаңа жабдықтардың әкелінгенін алға тартты. Оның айтуынша, туристік маусым жоспар бойынша жүріп жатыр. 

Бірақ деректер мұны жоққа шығарады. Ресейлік Островок.Ру онлайн-брондау порталының мәліметінше, биылғы жылы қонақүйлердегі барлық броньдардың небары 1 пайызы ғана Қырымға тиесілі. 2022 жылы, соғыс қызған шақтың өзінде бұл үлес 3 пайыз болған. Ал кең ауқымды соғысқа дейінгі жылдары 19 пайыздан асты.

Ресми деректерге сәйкес, 2022 жылдың өзінде қырымдық туристік компаниялардың 60% шығынды болды. Олардың жиынтықты шығыны 1 миллиард рублге жуықтаған. Түбектің туризм табысы былтыр 30 пайызға, үштен бірге құлдырады. 

"Биыл Қырымда шынында да ресейліктер әдеттегіден аз. Көпшілігін майданнан жеткен хабарлар шошытты. Оның көбі әрине, "фейктер". Бірақ ресейліктердің жоспарын өзгертуіне соның өзі жеткілікті болды. Дегенмен, жағажайларда адамдар жеткілікті. Арасында жергілікті тұрғындар басым", — дейді Ялтадағы гид Никита Крымский журналист Наталья Аббакумовамен әңгімесінде.

Ал қырымдық туркомпанияның маркетинг жөніндегі менеджері Аннаның айтуынша, ресейліктер бүгінде жаңалықтарды мұқият оқиды, қоңырау шалып, қауіпсіздік жайы қалай болатынына алаңдайды. Көптеген клиенттер биылғы жаздағы брондарын жоюға соңғы сәтте шешім қабылдаған. Оның үстіне енді Ресейден Қырымға ұшақтар ұшпайды. Бұрын Мәскеу Қырымды Ресейге кіріктіру үшін авиақатынасты дотациялайтын. Арзан авиабилеттер миллиондаған ресейліктің Қырымға ағылуына ықпал етті.

Қазіргі кезде РЖД Қырымға Керчь көпірі арқылы қатынайтын пойыздарының санын арттырыпты. Бірақ көпірде ресейлік арнайы органдар вагондарды қосымша тексеретін бекеттер санын көбейтіп жатыр. Бұл да қозғалыс жылдамдығына, көпірдің өткізу қабілетіне кері әсер етеді. Соның кесірінен, Ресейден Қырымға жету 2–3 күнге созылып кетті.

Аннаның айтуынша, биыл "барлығы қосылған" жүйесінде жұмыс істейтін көптеген қырымдық қонақүйлер бағасын түсіруге мәжбүр болды. Тағы бір үлкен бөлігі биылғы жазда сол бойы ашылмаған.

Қорқыныштысы сол, Уашингтон посттың және жергілікті журналистердің жазуынша, билік Қырымдағы ахуалдың "қалыпты" бейнесін сомдау үшін ондағы лагерлерге балаларды лек-лекпен аттандыруда. Мысалы, Украина қолдайтын "Ресейлік еріктілер корпусы" Белгород облысына кіргенде ондағы қалалардан эвакуацияланған балаларды Мәскеу қырымдық Евпатория курорт қаласына жолдаған.

Биылғы мамырда Қазақстанда да осыған қатысты жанжал туындады. Ресейлік "Русский дом" ұйымы қазақстандық балалар арасында конкурс өткізіп, оның жеңімпазы атанған 10 баланы тынышы кеткен Қырымға тынығуға жіберді. Бұған ата-аналары келісім беріпті.

Бірақ Оқу-ағарту министрлігі бұдан былай білім басқармаларының рұқсатынсыз, шетелдік олимпиадаларға қатысушы оқушылардың топпен шетелге шығуына тыйым салуға ниетті. Әйтпесе, еліміздегі қаптаған ресейлік ұйымдар тағы қаншама қазақстандық өренді Қырымға тоғытуы мүмкін. Ресейлік ұйымдарға елімізде, қазақстандық жас ұрпақ арасында жарыс өткізуіне билік тыйым сала алмады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу