Мәжіліс екінші сессияның жұмысын қорытындылады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
1664

Жұма күні қос шатырлы парламенттің депутаттары бірлескен отырысқа жиналады.

Мәжіліс екінші сессияның жұмысын қорытындылады

Сәрсенбі күні мәжіліс депутаттары биылғы "парламенттік жылдың" соңғы пленарлық отырысына жиналды. Алдағы 30 маусымда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар салтанатты түрде сессияны жауып, екі айға демалысқа және өңірлердегі сайлаушылармен кездесуге кетеді.

Демалыс алдындағы жиналыс болғандықтан ба, бұл пленарлық отырыс бар болғаны 45 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде мәжілісмендер "Конституция нормаларына сәйкестендіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сенат депутаттары енгізген түзетулерін мақұлдады. Бұл террористік қылмыс және мемлекет мүддесіне аса ауыр зиян келтірген қылмыс жасағаны үшін қосымша жаза түрі ретінде азаматтықтан айыру көзделген түзетулер.  Сенаторлар өз ұсыныстарында азаматтық мәселерді қозғамады, тек прокуратураның өкілеттігі жөнінде азаматтық-іс жүргізу кодексінің кейбір нормаларын нақтылады.  Мәжілісмендер түзетулерді мақұлдады, осылайша заң қабылданды. Енді құжат президентке қол қоюға жіберіледі.

Сондай-ақ депутаттар Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер арасында қызметтік және азаматтық қару  алып жүру келісімін бекітуге қатысты қолдау білдірді.   ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов түсіндіріп өткендей, келісім ЕАЭО елдері шеңберінде қызметтік және азаматтық қаруды кіргізу және шығару тәртібін реттейді.

"Аталған құжат Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен үлгі бойынша бірыңғай құжат негізінде міндетті рұқсат алу тәртібін көздейді. ЕАЭО-ның барлық мүше мемлекеттері үшін өзара сауда бойынша орын ауыстыруға тыйым салынған және шектелген азаматтық және қызметтік қару түрлерінің бірыңғай тізімі жасалады, ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара ынтымақтастығы, оны ішінде берілген рұқсат құжаттары туралы ақпарат алмасу көзделген.  Келісімнің бекітілуі ЕАЭО-ға мүше елдердің уәкілетті мемлекеттік органдарына азаматтық және қызметтік қарудың айналымын жедел және толық деңгейде бақылауға мүмкіндік береді", – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр келісім бойынша рұқсат алу тәртібін жеңілдету мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. "Төрт елдің біріне аңшылық жасауға шығатын адамдар алдын-ала осы елге аңшылыққа шығуға рұқсат алады, бірақ есепке алып, бақылау үшін жолға шықпастан 10 күн бұрын рұқсат құжаттары мен негіздемелерді ұсынып аумақтық органды хабардар етеді. Мұндай жеңіл тәртіп аңшылық туризмін дамыту үшін жасалып отыр", – деп нақтылап берді ол.

Келісімді бекітуге қатысты мәжілісмендер қолдау білдірді. Сөз соңында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин осы сессияның жұмысын қорытындылады.  Ол сессияның "мағыналы да мазмұнды" болғанын айтты, мәжіліс 38 пленарлық отырыс өткізді, онда 226 мәселе қаралды. Сондай-ақ 16 үкіметтік сағат, 2 парламенттік тыңдалым, 25 дөңгелек үстел, 17 мәжіліс комитеттерінің көшпелі отырысы және 4 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. 

"Құрметті әріптестер, басынан бастап келіскеніміздей жұмыстың жаңа форматы енгізілді – қазір заң жобаларының барлығы енгізілгеннен кейін бірден мәжілістің ресми сайтында жарияланады.  Сондай-ақ депутаттық сауалдар да жарияланады, бұл жерде оларға берген мемлекеттік органдардың жауабы да орналастырылады. Жұмыс топтарының отырысында заң жобалары талқыланады және енді бұл талқылауға үкіметтік емес ұйымдар, парламентке кірмеген партия өкілдері, БАҚ өкілдерді де қатысады.

Сессия басталғалы барлық пленарлық отырыс, ал биылғы жылдың ақпан айынан бастап барлық үкімет сағаттары онлайн тәртібінде трансляциялануда. Аталмыш формат мәжіліс жұмысын барынша ашық етуге көмектесті деп ойлаймын", – деп мәлімдеді спикер.

Қалай болғанда да әзірге депутаттар қош айтыспады. Жұма күні олар парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жиналады, сол кезде екінші сессияны салтанатты түрде жабады.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу