Енді маңдайшаларда қазақ және орыс тілдері міндетті түрде қатар қолданылатын болады

17908

Қанат Шарлапаев басқаратын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы" №114 бұйрықты қабылдады.

Енді маңдайшаларда қазақ және орыс тілдері міндетті түрде қатар қолданылатын болады Фото: canva.com

Оған министрдің міндетін атқарушы ретінде өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан қол қойыпты.

"Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, онда хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат тек мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады", – деп жазылған қолданыстағы осы заңда.  

Бұл құжатқа сәйкес, маңдайшалардағы атаулар міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде қатар жазылатын болады. 2023 жылғы 26 желтоқсанда күшіне енген бұл жаңа бұйрық ғимараттарда мемлекеттік органдардың аталымын жаңаша жазу ережесін бекітті.

Осы мақсатта "Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларының" жаңа нұсқасы өмірге жолдама алды.

Қолданысқа енген жаңа қағидаларға сәйкес, бұл талапты Конституциямен, заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен мемлекеттің атынан:

  • мінез-құлықтың жалпыға ортақ қағидаларын белгілейтін актілерді шығаруға;
  • әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеуге;
  • мемлекет белгілеген жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген барлық мемлекеттік мекемелер қалтқысыз сақтап, орындауға міндетті болады.

Бұл талап жергілікті мәслихаттарға да, әкімдіктердің құрылымдық немесе ведомстволық бағыныстағы бөлімшелеріне де қатысты.

Жаңа Қағидалар маңдайшаларға қатысты бірқатар талапты бекітті.

  • Біріншіден, маңдайшаның орналастырылу орны меморганның немесе мемлекеттік мекеменің атауы және орналасқан жері туралы толық ақпаратты қамтуға тиіс.
  • Екіншіден, маңдайша ғимараттың қасбетінде, үй-жайға кіреберістен (есіктен) 10 метрден қашық емес жерде немесе меморган мен мекеме отырған бөлме шегінде орналасуы керек.
  • Үшіншіден, маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады.

Мұның бәрі техникалық сипаттамалар. Маңыздысы – басқа.

"Мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде ғана басқа тілдерде орналастырылады. Мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалып, орналастырылған жағдайда олар бір-бірінен жеке орналасқан әртүрлі маңдайша түрінде жасалады", – деп бекітілген жаңа Қағидаларда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу