Миллиардтаған қаржының Қазақстаннан қалай әкетіліп жатқаны анықталды

13763

Биылғы жылдың басты бір жаңалығы – 90-шы жылдардан бері жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге кеткен активтердің мемлекетке қайтарыла бастауы болды.  

Миллиардтаған қаржының Қазақстаннан қалай әкетіліп жатқаны анықталды Фото: canva.com

Қанды қаңтар оқиғаларынан кейін, былтыр тиісті бастама көтерілген еді. Алайда бұл іске тек биыл ғана серпін берілді. Билікке жақын сарапшылар жеке әңгімеде айтқанындай, аталған президенттік тапсырманы сөзбұйдаға салып, соңын сиырқұйымшақтандырып құртуға талпыныстар болыпты. Президенттің өзі жеке бақылауына алған соң іс ілгерілеген екен.

Мысалы, 2023 жылғы 19 сәуірде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдеріне заңсыз шығарылған активтерді қайтару, яғни әділеттілікті қалпына келтіру – "уақытша міндет еместігін", керісінше, бұлар – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары болатынын қатаң ескертуге тура келді.

Осыдан кейін үш ай өткен соң ғана ел Парламенті әзер дегенде "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" және оған ілеспе заң жобаларды қабылдай алды. Бұл заңнамалық өзгерістер топтамасына Мемлекет басшысы биылғы 12 шілдеде қол қойды. Құжаттың нормалары, ресми жария етілгендей, әкімшілік-билік ресурстарына иелік еткен немесе билік қолдауымен әрекет еткен олигархтарға қатысты қолданылады. Бұл ретте адал жұмыс істейтін инвесторларға еш нұқсан келмейтіні, олардың мүдделері толығымен қорғалатыны нықталды.

Осыдан кейін Қазақстанда заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия, сондай-ақ Бас прокуратура жанынан арнайы комитет құрылды. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, комитет шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін тіпті Жасанды интеллектті, IT технологияларды қолданады.

Сонымен, ресми дерекке сенсек, қазіргі кезде мемлекетке жалпы құны шамамен 1 триллион теңге тұратын құнды активтер – капитал, жылжымайтын және жылжитын қымбат мүлік, коммерциялық нысандар, акциялар, кәсіпорындар, жерлер, бағалы металдар мен асыл тастар қайтарылды.

Соның шамамен 600 миллион доллары басқа юрисдикциялардан – шетелден оралтылды. Мысалы, Лихтенштейннен – шамамен 260 миллион, Австриядан – 82 миллион, БАӘ-ден – 15 миллион, Гонконгтен – 2 миллион доллардың активі елге әкелінді.

Қынжылтатыны сол, капиталдың шетелге кетуі жалғасып жатқан көрінеді. Оның схемасы да жолға қойылған.

gov.kzФото: gov.kz

"Заңсыз шетелге шығарылған қаражатты мемлекетке қайтару бойынша комиссия кешенді түрде жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше тұлға реестрге енгізілді: ол тұлғалардың жиған байлығының қаншалықты заңды екенін тексеру үшін Бас прокуратураның арнайы комитеті тиісті жұмыстар жүргізуде. Министрлікте арнайы оффшорлық аймақтардың бекітілген тізімі бар. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады және тексеру барысында трансферттік баға белгілеу күшейтіледі", – деді Премьер-министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның байламынша, бұрынғы жылдары бақылау да, салалық заң да солқылдақ болды. Бұл салада пәрменді қадағалауға құзырлы органдар жіберілмеген. Оны тек Ұлттық банкке жүктей салыпты.

"Еліміздегі валюталық реттеу мен валюталық бақылау мәселесі Ұлттық банктің құзыретінде болған. Былтыр заңнамаға тиісті өзгерістер енгіздік: енді Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша қатысуда. Әйтпесе, бұған дейін Ұлттық банк тек мониторинг жүргізумен шектелген. Шетелге ақша қалай заңсыз әкетіледі? Экспорттық, импорттық операциялар бойынша шетелдік фирмалармен мәміле жасалады. Мәселен, қандай да бір мемлекеттен 100 миллион долларға Қазақстанға қондырғы әкелу үшін ақша жіберіледі. Бірақ қондырғы жоқ, әкелінбеген. Ақша толық аударылып қойылған. Дәл осындай жүздеген шарттар жылдар бойы жатыр: яғни ақша кетті, бірақ жабдықтар, өнімдер, басқасы жеткізілмейді", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Мұндай жағдайда қаржылық реттеушіден басқа құзыры жоқ Ұлттық банк не істей алады? Оның үстіне, Қаржы министрі: "Ұлттық банк сондай күмәнді келісімшарттарға автоматты түрде келісім бере бергенін" мәлім етті. Бұл құптаудың астарында бір шикілік жатуы мүмкін.

Жалпы, осы және басқа да жылдар бойы жолға қойылған тәсілмен Қазақстаннан қанша миллиард доллардың шетелге шығарылғаны белгісіз. Құжаттардың көбі сақталмаған, жойылған, өртелген. Құзырлы мекемелерде қаншама рет басшы мен ұжым ауысқан. Сайда саны, құмда ізі қалмапты.

Tax Justice Network халықаралық ұйымының бағалауынша, жыл сайын Қазақстаннан орта есеппен 212 миллион доллар (шамамен 100 миллиард теңге) капитал шығарылып отырады. Ұйым кейінгі 25 жылда Қазақстаннан түрлі оффшорларға шамамен 160 миллиард доллардан астам қаражат әкетілгені туралы болжамын хабарлады.

Бүгінде Қаржы министрлігі шетке шығарылған қаражаттар бойынша әрбір ірі мәмілеге сараптама жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 500 миллиард теңгеден астам мәміле бойынша ақпаратты министрлік Қаржылық мониторинг агенттігіне тапсырды: бұл ведомство жарты триллиондық мәмілелердің құрамында қылмыстық фактілердің бар-жоқтығын бағамдайды. Ұқсас фактілерді сараптау келесі жылы жалғасын таппақ.

Вице-премьер Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы ұлттық заңнамаға тағы да өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Оған сәйкес, бұдан былай шет мемлекеттермен арадағы сомасы 50 мың доллардан асатын ұсақ операциялар да мониторингке ілігеді. Сонда бұл шекке шетелде отырып, қазақстандықтардың жинағын жым-жылас ететін алаяқтар да ілігуі мүмкін.

Егер шетелге аударылатын қаражат көлемі 50 мың доллардан асса, онда Ұлттық банкі бұл туралы Қаржы министрлігін құлақтандырады. Өз кезегінде министрлік Ұлттық банкпен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Бірақ капиталдың оффшорларға аударылуымен күрес күрделі болып тұрғанын Қаржы министрі жасырмады. Таяуда Мәжіліс депутаттары Виргин, Кайман, Сейшел аралдары сияқты қаптаған оффшорлық аймақтармен Қазақстанның тіпті ақпарат алмасу туралы келісімінің де жоқтығына назар аудартқан еді. Олармен тиісті келісім қашан бекітіледі? Бұл сұраққа Үкімет өкілдері нақты жауап бере алмады.  

"Бізде оффшорлық аймақтарға байланысты тиісті құжат бар. Сол мемлекеттермен келісімшарт жасасу үшін келіссөз жүргізу, сөйтіп, ақшаны елге қайтару мәселесі комиссия аясында жүргізіліп жатыр.  Оның  барлық  деректерін  мен  айта  алмаймын.  Ондай  келісімдерді  жасау  үшін  алдымен  сол  елдердің шоттарында қазақстандық ақшаның болуы фактілері анықталуы керек", – деді Е.Жамаубаев.

Айтпақшы, Мәжілістің 6 желтоқсанда өткен жалпы отырысында осы мәселе кезекті рет көтерілген еді. Бірнеше депутат Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковтің атына депутаттық сауал жолдады.

"Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің құрылғанына 5 желтоқсанда екі ай толды. Сол екі айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен  қазақстандық  қоғам  мақұрым. Ел  Президенті  белгілеген  тапсырмаларды  орындау  бағытында  комитет қандай күш құрылымдарымен жұмыс істеп жатыр? Комитеттің  шетелдік  юрисдикциялармен,  халықаралық  іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкер жұмыс істейді? Өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Соңғы бір ашық ақпаратқа қарағанда, бұлар "Қазақстан халқына" қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жайлары бар", – делінген депутаттық сауалда.

Депсауалдың жарияланғанына екі аптадай уақыт өтті, Мәжіліске жауап әлі күнге түспепті.

Депутаттардың байламынша, бұл мекеме қоғам  алдына шығып,  комитеттің  құпия  емес  алғашқы  іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында ең құрыса 1 баспасөз конференциясын беретін уақыты жетті. Әйтпесе, "ұрланған активтерді елге қайтарады деген халықтың үзілмеген үміті мен сенімін күлпарша қылуы" мүмкін.

Бір қызығы, аталған комитетпен бірге құрылған комиссияға депсауал авторларының әріптесі де кіреді. Содан Мәжіліс депутаты, Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссиядағы төменгі палатаның жалғыз өкілі Мәди Такиев депутат әріптестеріне “Время” газеті арқылы сырттай жауап қатты.

"Осы уақыт ішінде комиссияның 2 отырысы өтті. Біріншісі негізінен ұйымдастырушылық сипатта болды. Екіншісінде біз Олигополия субъектілерінің реестрі бойынша айқындалдық. Бірақ ол тізілім – жабық. Тізімге кірген барлық тұлғалар мен компаниялар бойынша Бас прокуратура жұмысты бастады", – деп қысқа қайырды М.Такиев.

Оның мәліметінше, комиссия Бас прокуратура жанындағы арнайы комитеттің ұсынысын қарап, реестрге, яғни "қара тізімге" олигополияның бірқатар маңызды субъектілерін енгізді. Егер олардың сыбайлас, аффилирленген және бақылауындағы компаниялар мен тұлғаларды қоса есептесе, онда "жүздеген субъекті мен объекті қазірдің өзінде тексеріс орбитасына ілікті".

Депутаттың түсіндіруінше, олардың өз байлығын заңсыз тапқаны анықталса, онда активтерін мемлекетке ерікті немесе мәжбүрлі түрде алып қою тетіктері іске қосылмақ.

Мәди Такиев халықты, журналистерді аталған тізімге қандай компаниялардың, қандай олигархтардың кіргені, аты-жөні, активі және басқа да егжей-тегжейі қызықтыратынын, алайда ондай ақпаратты тіпті әріптес депутаттарға жеке жүздесуде де бере алмайтынын кесіп айтты: ақпаратты жарияламау туралы құжатқа қол қойып, сондай міндеттеме қабылдапты.  

Оның болжамынша, таяу арада комитеттің өзі елге есеп береді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу