Мұнай бағасын құлдыратқан Ресей серіктеріне кесірін тигізуде

4510

Бұл Қазақстанның бюджетін толтыру ісін қиындатады. 

Мұнай бағасын құлдыратқан Ресей серіктеріне кесірін тигізуде Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Үкіметі 2023 жылғы бюджетті жоспарлау кезінде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 1 баррелі үшін 85 долларды құрайды деп белгілеген болатын. Brent құны болса, 76 долларлық межеге дейін құлдырады. Сарапшылар бұған Ресейді айыптады.

Ресейлік Neftegaz мамандандырылған порталының хабарлауынша, РФ мұнайының теңіз экспорты жоғарғы деңгейде қалды. Бұдан бұрын, 2023 жылғы ақпанда Мәскеу ОПЕК+ аясында қара алтын өндірісін тәулігіне 500 мың баррельге азайтуға міндеттеме алған болатын.

Содан Ресей мұнай өндірісін ерікті түрде қысқарту туралы міндеттемесін сақтамады деген күдікке ілікті. Бұл туралы танкерлердің қозғалыс деректеріне сүйеніп, Bloomberg агенттігі хабарлады. Оның мәліметінше, бір апта ішінде Ресейден жаһандық нарыққа теңіз арқылы тасылған мұнай экспортының көлемі тәулігіне 3,6 млн баррелді құрады. Алдыңғы аптамен салыстырғанда шамалы азайған, бірақ бұл міндеттемені орындауымен емес, "Мурманск және Новороссийск порттарындағы танкерлік рейстер кестесімен байланысты" болды.

"Бұл ретте РФ теңіз жеткізілімдерінің 4 аптадағы орташа көрсеткіштерінің өзі тәулігіне 3,63 миллион баррелге дейін жетті. Осы арқылы тасымал азайған апталардың орны толтырылды. Жеткізілімдер көлемі Bloomberg деректерді жинауды бастаған 2022 жылдың басынан бері ең жоғарғы деңгейге шықты. Ресейлік мұнай толық дерлік Қытай мен Үндістанға бағытталатындықтан, Азияға жеткізілімдер көлемі де жаңа максимумға дейін шығандады. 2023 жылғы 5 мамырды қоса алғанда, бір апта ішінде ҚХР мен Үндістанға, сондай-ақ Түркияға бет алған танкерлерге, бұған қоса ақырғы жеткізу пунктін көрсетпеген кемелерге тиелген қара алтынның жиынтықты көлемі тәулігіне рекордтық 3,37 миллион баррелді құрады. Ал 4 аптадағы орташа көрсеткіш – тәулігіне 3,55 млн баррель болды. Бұл да тарихи максимум болып табылады", – деп мәлім етті Блумберг.

Бұдан бөлек, РФ теңіз арқылы Еуропаға тәулігіне 83 мың баррель мұнай жеткізіп тұрады. Оның бәрін ЕО эмбаргосын сақтаудан босатылған Болгария сатып алады. Сонымен қатар Усть-Луга, Приморск сияқты Балтық теңізіндегі порттарынан да тәулігіне 1,77 миллион баррель, ал Тынық мұхиттағы Козьмино портынан тәулігіне 1,24 миллион баррель мұнай жөнелтіп жатыр. Онда жеткізілім 10 мың тоннаға ғана кеміген. Арктикалық жөнелтілімдері тәулігіне 290 мыңнан 143 мың баррелге азайыпты.

Қалай болғанда, Bloomberg Мәскеу өндірісті елеулі қысқартуға уәде еткеніне қарамастан, ресейлік мұнай нарыққа бұрынғыға жуық көлемде жеткізіліп жатқанына назар аудартты. Арсыздығы сол, РФ қара алтын шығару көлемін тәулігіне 500 мың баррелге қысқарту жоспарын бастапқыда наурызға ғана белгілеген. Артынша оны шілдеге, содан соң тіпті 2023 жылдың соңына дейін ұзартқанын жаһанға жар сала мәлімдеді. Енді оны іс жүзінде орындамай отырғаны әшкереленді.

Фото: snip1.ru

РФ вице-премьері Александр Новак Ресейдің мұнай өндірісін қысқарту жоспарын бұзғаны туралы халықаралық сарапшылардың тұжырымын жоққа шығарды. 

"Ресей өндірісті қысқарту жөніндегі ерікті міндеттемесіне толық берік және орындап жатқанын растайды. РФ 2023 жылғы ақпан деңгейімен салыстырғанда мұнай өндірісін 500 мың баррелге төмендетеді. Ақпарат құралдары теңіз жөнелтілімдерінің мониторингі деректеріне жүгініп, ресейлік мұнай экспортының өскенін жазуда. Бірақ сарапшылар Еуроодаққа құбыр арқылы жеткізудің елеулі, яғни үштен екіге қысқарғанын ескермеді", — деді А.Новак.

Алайда мұны да сарапшылар жоққа шығарды: Еуропаға жеткізілімдер РФ міндеттеме алғанға дейін қысқарған. Сонымен қатар теңіз арқылы жеткізілімдердің күрт өсуі оны ішінара болса да өтеді.

Ресейлік экономист Евгений Романенконың айтуынша, Ресей берген сөзінде тұрмады және бұрын уәде еткендей, мұнай өндірісін жарты миллион баррельге азайтпады.

"Бұл соңғы кезде әлемдегі мұнай бағасының күрт құлдырауына соқтырды. Өйткені ОПЕК+ биыл қара алтын өндіру көлемін қысқарту туралы шешім қабылдағаннан кейін сарапшылар мұнай бөшкесінің бағасы 90, тіпті 100 долларға дейін шығандайды деп күткен. Бірақ ол болмады. Қазіргі кезде мұнай баррелі небары 76 доллар айналасында ғана саудалануда. Бұған Ресейдің мұнай өндірісін кемітпеуі кесірін тигізді деген байлам бар. Оның үстіне таяуда Росстат Ресейдегі мұнай мен газ өндірісіне қатысты статистиканы құпияландырып, бұдан әрі жариялаудан бас тартты. Мұнда да бір гәп бар. Біздің ойымызша, статистиканы жариялауды доғаруы көрсеткіштердің нашарлығымен емес, керісінше тым көптігімен байланысты", – деді Е.Романенко.

Ол мұнай-газ саласының мамандарына сілтеме жасай отырып, Ресейде қара алтын өндірісінің қысқаруы байқалмайтынын жеткізді. Экономист ОПЕК+ аясында, яғни жаһан жұртшылығының көзінше мұнай өндірісін төмендету туралы міндеттеме алып, айнала бере сөзден таюды және статистиканы жасырып қоюды "мемлекеттік деңгейдегі алаяқтық" деп бағалады.

"Мәскеу ОПЕК+ өзге мүшелері есебінен қара алтын құнын қымбаттатып, ал өзі құпия түрде нарыққа бұрынғы көлемде, тіпті одан да асырып, мұнай жеткізуін жалғастырды. Осы арқылы РФ арамза жолмен табыс тауып қалуға тырысуда. Қатты ортайып қалған бюджетті толтыру жолында енді ештеңеден тайынбайтын Мәскеу осы арқылы ОПЕК+ бойынша әріптестерін "лақтырып кетті" (кинул) деуге болады. Соның кесірінен әлемдік мұнай нарығын күйретті. Салдарынан РФ осы мұнай картелі арасында өзіне жау тауып алады", – деп алаңдады ресейлік экономист Евгений Романенко.

Фото: globalmsk.ru

Тағы бір ресейлік экономист Дмитрий Потапенконың да пікірі осы арнада тоғысты.

"Негізі, ойын ережелерін барынша қатаң сақтау керектігі жөнінде бәрінен қатты айғайлап айтатын, бірақ астыртын түрде ережені өзі бірінші болып бұзуға жанталасатын қатысушы кез келген картелден табылады. Сөйтіп ол қысқа мерзімді кезеңде ұтады: нарықта барынша көп өнім өткізеді, табыстағы ең көп үлесті де өзі қанжығалайды. Бұл жерде Ресей федерациясы соның жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Ол Кеңес одағының ісін қайталап, соның "лайықты мұрагері" екенін паш етті. Көпшілік біле бермес, бірақ КСРО Американы қуып жетіп, басып озу үшін осындай арамдыққа да барған. Біздің еліміз ережені бұзу арқылы дәл қазіргі, ағымдағы міндеттерді шеше алады. Бұл бұзушылыққа өзге "картельдестеріміз" көз жұма, немесе түсіністікпен қарауда", – деді Д.Потапенко.

Оның болжамынша, жазға қарай мұнай бағасы бәрібір қымбаттауға ден қояды. Себебі, біріншіден, әлемдік экономика қалпына келуде, мұнайға сұраныс артты. Екіншіден, РФ амалсыз, қара алтын өндірісін қысқартуға мәжбүр болады. Батыстық санкциялар толыққанды іске қосылып жатыр, олар мұнай-газ секторына да соққы беруде. Тиісінше, кен орындарын игеру, жабдықтау және қарапайым керек-жарақтан бастап, күрделі технологияға құрылған құрылғыларды, аппаратураларды жөндеу күрделі, тіпті мүмкін емес болып қалады. Дамыған елдердің компаниялары оларды Ресейге жеткізуден бас тартты.

"Мәскеудің санкцияларды ғана емес, арабтар үстемдік ететін ОПЕК+ аясындағы уағдаластықтарды сақтамауы өзінің басына таяқ болып тиюі мүмкін. Себебі, мұнай өндірісіндегі бастысы – жабдықтар. Олардың негізгі жеткізушісі – АҚШ. Ол Ресейден теріс айналды. Оны енді Мәскеудің серіктестері де жеткізуден ат-тонын ала қашады. Өйткені бұл олардың беделіне дақ түсіреді. Менің есептеуімше, ресейлік мұнай өнідірісі шамамен 3%-ға ғана төмендеді. Бірақ бұл басы ғана. Жабдықтың тапшылығы біздің елді бұл өндірісті төмендетуге бәрібір мәжбүр қылады. Жазға қарай мұнай бағасы 94 доллар межесіне дейін барып қалуы мүмкін деп тұспалдаймыз", – деді Д.Потапенко.

Егер Ресей шынымен ОПЕК+ аясындағы міндеттемесін орындамай отырса, онда ол Қазақстанға да кесірін тигізуде. Себебі, қара алтынның төмен бағасы қазақстандық бюджетті ортайтып тастады. Бұл Үкіметке біраз әлеуметтік жоба, жоспарларын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу