Мектеп психологтарына тосын хабар

4683

Балаларды өзіне-өзі қол салуға талаптануға дейін жеткізгендер енді тоғыз жылға сотталып кетуі мүмкін. 

Мектеп психологтарына тосын хабар Фото: CogniFit Blog

БҰҰ дерегінше, қазіргі кезде мазасыздық пен депрессия әрбір 10 адамның біреуінде кездеседі. Бұл психикалық бұзушылық ушықса, депрессия өзіне-өзі қол салуға соқтыруы мүмкін.

Жаһандық ұйым дерегінше, бір жылда әлемде шамамен 800 мыңнан астам адам өзін өлтіреді екен. Дүниежүзінде 15–29 жастағылар арасында жиі кездесетін өлімнің себептері арасында суицид жол-көлік оқиғаларынан болатын қазадан кейінгі орынға шыққан.

Сондықтан Қазақстан алдында азаматтарды, соның ішінде жастарды өз өмірін қыршыннан қиюдан құтқарып қалу міндеті тұр.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда суицидтен болатын өлім-жітім көрсеткіші ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында елеулі төмендеді. Нақтылағанда, 2010 жылы республикада әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда өзін өлтіру саны 22,26 адамды құраса, ары қарай кеміді.

Жүз мың тұрғынға шаққанда суицидшілер саны республикада 2013 жылы – 20,67, 2014 жылы – 18,10, 2015 жылы – 16,52, 2016 жылы – 14,47, 2017 жылы – 14,77, 2018 жылы – 13,65, 2019 жылы – 12,82, 2020 жылы – 11,44, 2021 жылы – 11,10, 2022 жылы – 9,03 адамнан келді.

Бірақ бұл көрсеткіш қазіргі кезде Ақмола облысында (16,39), СҚО-да (13,79), БҚО-да (12,4), ШҚО-да (13,94), Абай облысында (12,44), онсыз да халқы шағын Ұлытау облысында (12,21), Қостанай облысында (11,99) және Павлодар облысында (11,25) жоғары болып қалды.

Қалай екені, себебі белгісіз, бірақ Ұлттық статбюро суицидті сәбилер арасында да тіркеді.

ҰСБ-ның ресми мәліметі бойынша Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда жасы бойынша өзін-өзі өлтіру деректері келесідей:

  • 1-4 жас аралығында – 0,92 адам;
  • 5-9 жас аралығында – 0,51;
  • 10-14 жас аралығында – 1,56;
  • 15-19 жас аралығында – 5,16;
  • 20-24 жас аралығында – 6,97;
  • 25-29 жас аралығында – 10,69;
  • 30-34 жас аралығында – 12,44;
  • 35-39 жас аралығында – 11,90;
  • 40-44 жас аралығында – 17,53;
  • 45-49 жас аралығында – 16,41;
  • 50-54 жас аралығында – 14,99;
  • 55-59 жас аралығында – 13,52;
  • 60-64 жас аралығында – 13,30;
  • 65-69 жас аралығында – 12,05;
  • 70-74 жас аралығында – 12,51;
  • 75-79 жас аралығында – 16,47;
  • 80-84 жас аралығында – 18,53;
  • 85 жастан кәрі қариялар арасында – 23,44 адам.

Бұл кесапаттың бетін қайтару үшін биылғы 2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Заң жаңа ғана күшіне енді.

Бұл заң аясында республикада жаңа жаза түрі енгізілді: оған сәйкес, бұдан былай адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, суицидке көндіру немесе соған ықпал ету де ауыр жаза болып табылады.

Айтпақшы, бұл абьюзерлерге де, буллерлерге де тікелей қатысты.

Сонымен, аталған заңның 105-бабына сәйкес, "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету", соның ішінде жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге оқталуға дейiн жеткiзу – 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не 3 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұдан бөлек:

  • дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгеше түрде тәуелдi адамға қатысты;
  • екі немесе одан көп адамға қатысты жасалған;
  • алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған;
  • телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет – бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не 5 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Егер бұл қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса және жәбірленуші дәрменсiз күйде болса, не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгеше түрде тәуелдi болса, сондай-ақ осы қылмыс 18-ге толмаған екі немесе одан көп адамға қатысты жасалса, онда жаза ауырлайды: айыпты бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады.

О баста суицидке және өзін-өзі өлтіруге талаптануға дейін жеткізу, соған көндіру үшін ең жоғарғы жаза "5 жылға" соттау болған. Парламент депутаттары оны күрт қатайтып, 9 жылға дейін ұлғайтты.

Жастар арасындағы суицидпен күресті Үкімет мектеп қабырғасында күшейтуге ниетті. Осыған байланысты білім ордаларындағы педагог-психологтердің штат санын арттырады. Қазіргі уақытта осы мақсатта мыңдаған кадр оқытылып жатыр екен, оқуын бітірген соң олар жаппай мектептерге бағытталады деп күтілуде.

Өйткені оқушылармен жұмыс істейтін психологтар тапшы.

"Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарындағы педагог-психологтердің штат санын ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда. "Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығың қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар" аясында әрбір 500 шәкіртке 1 педагог-психологтан келуін қамтамасыз ету талабы бекітілді. "Білім туралы" заңға толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес, директорларға басқару, әкімшілік және көмекші персоналдың бекітілген штат санының лимиті және көзделген қаражат шегінде қаржы жылы ішінде 1 рет штат санын қайта қарап, штат кестесін өзгертуіне мүмкіндік берілді", – деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.

Оның мәліметінше, еліміздің орта білім беру ұйымдарында жалпы саны 12 417 педагог-психолог қана жұмыс істейді. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда, балабақшаларда – 3 526, мектептерде – 8 236, колледжде – 655.

Соңғы үш жылда психологтардың  саны небары 403-ке ұлғайды: салыстырсақ, 2021 жылы жалпы саны 12 014 психолог болған (балабақшада – 3 102, мектепте – 8 315, колледжде – 597). Яғни, қарқынды өсім жоқ.

Амалсыздан, директорлар оқушылармен психологиялық-педагогикалық жұмыстар жүргізіп, әңгімелесуді пән мұғалімдеріне, сынып жетекшілеріне, әлеуметтік педагогтерге, тәрбие жөніндегі орынбасарларына (завуч) тапсыра салады. Бұл апайлар мен ағайлар әдетте оқушыларға ұрысады, сабаққа дайын болмағаны үшін жаман баға қояды. Жоғары сыныптағы бозбалалар мен бойжеткендер олардың тілін алмай, салғыласады, тіпті жағаласады. Ендеше бұл кісілермен оқушылардың кенет отыра қалып, сыр шертісуі, өз құпияларын, қорқыныштарын бөлісуі неғайбыл.

Сондықтан "нағыз", кәсіби психологтардың санын арттырып, тапшылығын жою күн тәртібінде тұр.

Ұлттық білім беру деректер қорының ақпаратына жүгінсек, мектептерде 229, мектепке дейінгі ұйымдарда – 2 029 педагог-психолог жетіспейді.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова елімізде "Педагогика және психология", "Психология" мамандығы бойынша 36 жоғары оқу орны маман даярлайтынын жеткізді. 2023–2024 оқу жылында 8 723 мемлекеттік грант бөлініп, кадр даярлануда. Соның ішінде "Педагогика және психология" мамандығы бойынша 6 702 студент – бакалавриатта, 1 512 маман – магистратурада, 267-сі – докторантурада оқып жатыр. "Психология" мамандығы бойынша 230 адам – бакалавриатта, тағы 12-сі – магистратура бағдарламаларында дайындалуда.

Олардың бәрі мектепке барса, тапшылық еңсерілер еді.

Сонымен қатар, "Педагогика және психология", "Психология" мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұнын медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері бірлесіп, жаңартты, өзектендірді. Оның ішінде "Суицидтік мінез-құлық психологиясы", "Суицидология және дағдарыстық психология", "Девиантты мінез-құлық психологиясы", "Психологиялық көмек", "Дағдарыстық психотерапия және суицидология", "Психологиялық кеңес беру негіздері", "Патопсихология негіздері" пәндері заманауи ғылыми-практикалық мазмұнда, тәжірибеде қолданылатын тәсілдер ескеріле отырып жаңартылған.

Тамара Дүйсенованың сендіруінше, қабылданған осы шаралар психолог мамандарды даярлау сапасына оң ықпалын тигізетін болады. Биліктің бұл шараларының нәтиже әкелген-әкелмегені суицидке қатысты кезекті статистикалық есеп жарияланғанда анықталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу