Несиесі көп адамдарға кредит беруге тыйым салу ұсынылды

6639

Қазақстанда қажетсіз несие ала беретін "кредитоголик" адамдар пайда болды.  

Несиесі көп адамдарға кредит беруге тыйым салу ұсынылды

Қазақстандықтар қарыз алу жөнінен үздіксіз рекорд орнатуда. Тура он жыл бұрын, 2011 жылы жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 2,29 триллион теңгені құрады. Соның 990 миллиарды – кепілсіз тұтынушылық несие болыпты. Содан бері бұл көрсеткіш тек өсе берді. Мысалы, 2017 жылы – 4,49 трлн, 2018 жылы – 5,18 трлн, 2019 жылы – 6,38 трлн, 2020 жылы – 7,16 трлн теңге. Яғни тіпті дағдарыстар мен пандемия кезінде де тоқтамады. Қайта "басқа шауып, төске өрлеп" барады. 2021 жылғы 10 ай ішінде қазақстандықтардың алған кредитінің жалпы көлемі 9,93 триллион теңгеге жетті. Соның 5,77 триллионы – тұтынушылық мақсаттағы кредит.

Несиеқұмарды лудоманға теңестірген абзал

Сарапшылардың байламынша, борышкерлерді үшке бөлуге болады: бірінші тобы – тіршілігін жалғастыру үшін борышқа батуға мәжбүр. Олар азық-түлік сатып алу үшін келесі жалақыға не жәрдеақыға дейін микронесие алуды әдетке айналдырған. Кейбір ауылдарда шағын несиені тіпті дүкенде рәсімдей береді. Азаматтардың келесі тобы кредитті алуға жауапты қарайды, жеті рет есептеп, бір рет рәсімдейді. Үшінші тобы – несиені қажетті-қажетсіз ала береді. Банк қызметкерлері қазақстандықтардың той-банкет өткізу, саяхаттау, тон-ішік сатып алу, тіпті кітап шығару үшін несие сұрайтынын айтып жүр. "Кредитімді мемлекет кешіріп береді" деген үмітпен алатындар да жетерлік.

Бұдан бөлек, елімізде психологтар "кредитоголик" деп атайтын топ пайда болған. Елорда тұрғыны Назгүл Айдарбек өзін "жаны жайсаң, жомарт" адам санайды.

"Достарым, ағайын-туыстарым көмек сұрап, жүгінсе, меселін қайтара алмаймын. Қолымда барын беремін, болмаса, кредит аламын. Кейінгі бес жылда 27 несие алдым. Кейбірін әлі күнге төлеп жатырмын. Ең бастысы, адамдардың қуанғанын көргенде бір марқайып қаламын. Әрине, сенімді алдайтындар да болады. Өткенде бір танысым тамақ ішуге, балаларды асырауға қаражаты жоқтығын айтып, жылады. Қарыз алып, көмектескенмін. Артынан Ресейдің курортына қыдырып кеткенін естігенде, қапаландым. Өзім барынша қарапайым өмір сүруге тырысамын. Коммуналдық қызметтерге қарыз болып қалғанмын, балам сыйақысымен жауып берді", – дейді ол.

Назгүл апайдың несиелерін ұлттық компанияда істейтін ұлы Болат өтеп беріп отырады екен. Шешесіне "Бұдан былай несие алма! Алсаң, төлемеймін" деп бірнеше рет ескертіпті. Бірақ артынан алғанын естіп, амалсыз өтеуге кіріседі.

Ел арасында сұрастырса, "кредитоголик" нышандары да, қаптаған несиесі де бар адамдарды көптеп табуға болады. Айталық, заң талабы бойынша лудомандардың үстінен жұбайы, ата-анасы, не ағайын-туысы сотқа шағымданып, оның әрі қарай ойнауына тыйым салғыза алса, онда елдегі бірде бір казино не букмекерлік кеңсе ол адамнан ставка қабылдай алмайды. Ұқсас тыйымды несиеқұмарларға да қолданса, артық болмас еді.

Несие тарихы нашар адамдарға кредит рәсімделуде

Қаржыгер Ольга Королева өзі куә болған бір деректі баяндады. Оның байламынша, әсіресе ауыл-аймақта микронесие ұйымдары қанат жайғалы бұқараның борыш батпағына батуы мәселесі ушығып кетті.

"Мен бірнеше лицензиясы бар МҚҰ-лардан бір мезгілде ірі сомада 12 заем ала алған адамды білемін. Сорақысы сол, ол адамның кредиттік тарихы он жылдан артық уақыттан бері бүлінген. Еш жерде ресми жұмыс істемейді, зейнетақы қорына жарна аудармайды. Мұндай жағдайда үлкен сомадағы қарызды қайтара алмайтынын түсіну үшін қаржыгер болудың қажеті жоқ. Ол төлемеді. Әртүрлі айыппұлдар, өсімпұлдар, комиссиялар қосылып, берешегі еселеп ұлғайды. Коллекторлар оның өзін ғана емес, туған-туысын, тіпті көршілерін мазалап, әбден зәрезап етті", – дейді О. Королева.

Ақыр соңында борышкердің жолы болып, мұрагер ретінде қомақты мұраға қол жеткізеді. Қолына түскен мирасын сатып, түскен қаражатқа барлық он екі заемын өтеген.

"Осы орайда қарызын "жапқаннан" кейін әлгі барлық МҚҰ-лардан "борыштың өтелгені және ол енді жаңа заем ала алатыны" туралы смс-хабарламалар келген. Масқара ғой! Ол хабарламаларды өз көзіммен көрдім. Мұны қарызқұмарлар алдан ашылған жаңа мүмкіндік санап, несиелер алуға кірісуі мүмкін. Мұндай сорақылыққа билік неге жол береді? Мысалы, көлік жүргізушісі жол жүрісі ережелерін бұза берсе, ол белгілі бір мерзімге жүргізу куәлігінен айрылады. Ал кредиттік тарихы нашар клиенттерге жаңа заем алуға рұқсат етіледі. Биліктің осы саясаты халықтың шектен тыс кредит алуына соқтырды. Содан кейін олар қалың топ болып, митингке шығып, кредиттік рақымшылық талап ете беруі мүмкін", – деп болжады ол.

Қаржыгерлер қаптатып несие алып, оларды төлеуден бас тартқан адамдарға борышын өтегеннен кейін де ең кемі 1-3 жыл аралығында жаңа несие алуына тыйым салуды ұсынады.

Қаржыгер Ерасыл Марат бір жайтқа назар аудартады. Былтырдан бері қаржы ұйымдарына төлеуді кешіктіру мерзімі 90 күннен асып кеткен жағдайда жеке тұлғалардың кредиттері бойынша сыйақы, өсімпұл, айыппұл есептеуге тыйым салынған болатын. Бұл талап Қазақстан азаматтарына берілген кепілсіз тұтынушылық кредиттерге ғана таралады. Ендеше кредитінің өсуі үш айдан кейін тоқтап, әрі қарай "қатырылатынын" түсінген кейбір адам оған бас қатыруды қойып, батыл түрде келесі несиені рәсімдеуі ықтимал.

"Тоқаев тапсырмасынан кейін заңнамаға түзетулер енгізіп, 2020 жылдан бастап, табысы төмен азаматтарға кепілсіз кредит беруге тыйым салынғаны мәлім. Бұл тыйым соңғы 3-12 айдағы отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы күнкөріс шегінен (2021 жылы – 34 302 теңге, 2022 жылы – 36 018 теңге) төмен азаматтар санатына қатысты. Жұмыссыз адамдардың кредиттік өтініштерін мақұлдауға да рұқсат етілмейді. Алайда заңның бұл талабы орындала бермейді. Мысалы, МҚҰ-лар да, банктер де гарант тапса, бұл санаттағы адамдарға несие бере береді", – дейді қаржыгер.

Қаржылық реттеуші "кредитоголиктер" проблемасына назар аударып отырған жоқ. Ал қазақстандықтардың шектен тыс кредит алуына тосқауыл қою үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді деп санайды.

"Тұтынушылық несиелендірудегі тәуекелдерді азайту үшін агенттік банктер мен МҚҰ-лар үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін міндетті түрде бағалау жөнінде талап енгізді. Кірісі төменгі күнкөріс шегінен төмендерге қарыз беруге тыйым енгізілді. Борыш жүктемесі заемшының айлық кірісінің 50%-ынан аспайтын деңгейде шектелді. Биылғы 1 қазаннан бастап азаматтардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті, ортақ тәртібі заң жүзінде енгізілді. Енді банктер мен МҚҰ-лар проблемалы борышкерлердің қаржылық жағдайын жеке тәртіппен бағалауға және мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау шарттарын айқындауға міндетті болады", – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Бұрын қаржы ұйымдары ортақ стандарттарын қолданатын, сөйтіп берешегін әрі қарай төлей алмайтынын жеткізіп, оны азайтуды немесе өтеудің жеңілдеу кестесін құруды өтінген клиенттерінің бетін қайтаратын. Заңнамалық жаңа нормаларға сәйкес, енді олар әр азаматтың жағдайын жеке талдап, жеке шешім қабылдауға тиіс. Бірақ бұл шара борыш батпағына батушылар қатарын көбейтпесе, азайта алмасы даусыз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу