Отандық БАҚ тұрғанда, Собчакқа неге "тақ" ұсынылды

7746

Ксения Собчак өзіне соттың "ерекше" жағдай жасағаны үшін әріптестерінен кешірім сұраудан бас тартты.

Отандық БАҚ тұрғанда, Собчакқа неге "тақ" ұсынылды Фото: Жоғарғы сот

Inbusiness.kz кеше Ресей журналисі, тележүргізуші Ксения Собчактың экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотына арнайы келуіне байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның пікірін жариялаған болатын.

Ақпарат министрі ресейлік БАҚ өкілін арнайы шақырмағанын, оның келгенін ақпарат құралдарынан естіп-білгенін жеткізді.

Сонымен бірге сот процесіне қатысқан журналистер Собчактың ерекше "артықшылықтарға" ие болғанына кейістік білдіруде.

Қазақстандық медиа қызметкерлері назар аударғандай, Ксения Собчак – сот залында отыруға орындық ұсынылған БАҚ-тың жалғыз өкілі болды. Ал, отандық журналистердің барлығына бірнеше сағат бойы қалшиып, тіктен тік тұруға тура келді, өйткені барлығы отырса, залда орын жетпей қалуы мүмкін көрінеді.

"Ең құрығанда, сот залының бір бұрышында ұйлығып тұруға құқығымыз барын әзер дәлелдеп, соған қол жеткізген күніміз еске түсті. Екінші күні әріптестеріме осы құқығын қорғау үшін тіпті сот әкімшілігіне полиция шақыртуға тура келген болатын. Ал енді, тіпті Қазақстан азаматы болып табылмайтын, яғни сот процесіне еш қатысы жоқ әлдебір адам келді де, оп-оңай орындыққа жайғасып алды. Мен әрине, Собчактың қарапайым адам еместігін түсінемін, бірақ ала қойды бөле қырқу, журналистерге осылай қарау қаншалықты әділетті?", – деп іштегі қыжылын жеткізді журналист Әсем Ғұмарова.  

Өзге журналистер әкімшілік қызметкерінің сот отырысына келген Собчактың алдында зыр жүгіріп, арнайы орындық әкеп бергенін байқапты.

Бұл тосын жайтқан Kursiv.media да назар аудартты. Ол сот талқылауына қатысқан қазақстандық тілшілердің Мәскеуден келген қонаққа соттың ерекше қарағанына айран-асыр болғанын жазады. Өйткені қазақстандық журналистерге бірнеше сағат бойы залда тік тұрып тұруға, немесе баспасөз орталығында теледидардан қарауға кетуге тура келді. Тек жалғыз адамға ғана бөле-жара орын сайланды.   

"Ксения Собчак Қазақстандағы Бишімбаев ісін қарап жатқан соттың "құрметті қонағына" айналды. Қазақстандық журналистердің атап өтуінше, Собчакпен бірге өзгелердің лифтіге қатар кіруіне тосқауыл қойылған: мәскеулік қонақ кіре сала, сот өкілі кіреберісті жаба қойған. Дәретханаға да Собчакпен бірге басқалардың қоса кіруіне жол берілмеді. Сондай-ақ қазақстандық журналистерге бұл жолы сот дәлізімен тек баспасөз қызметі қызметкерлерінің ере жүрсе ғана қозғалуына рұқсат етілді", – деп хабарлады Kursiv.media.

"Собчак кедергісіз, тып-тыныш өтіп кетуі үшін мені дәлізден қуып шықты. Сот қызметкері оны өз денелерімен жауып, тосқауылдап жүрді", – дейді журналистердің бірі.

"Курсив" тілшісі Адель Жанбированың айтуынша, Собчак келгенге дейін сот ғимаратында "әдеттегі ахуал" үстемдік құрған еді. Алайда ол келгеннен кейін "толқулар" басталған: Собчактың өз өкілдері оған жан жуытпай, барлық жерде жолды тазалаумен болды.

"Отырыста бірінші үзілістен кейін Ксения Собчак келді. Сол-ақ екен, толқу басталды. Оның өкілдері оның жолын тазалаумен болды. Собчактың өзі көзін көзілдірікпен тұмшалап, сазарған бетпен топты жарып алға өтті. Соңғы үзілістен кейін ол жоқ болып кетті. Жұрттың айтуынша, кетіп қалған. Жеке өзім оның отырысқа қатысуынан қандай да бір кедергіге тап болған жоқпын, бірақ әріптестерім солай болғанын айтады", – деді Адель.

Журналист Диана Матвеева аяқтары талған қазақстандық журналистердің еденге жайғасуға мәжбүр болғанын еске салды. Залда бір розетка болды, соның жанында журналистер құрылғыларын қосып, тізе бүгіп отырды.

Ақпарат құралдары өкілдерінің: "Бұл шектеу шаралары РФ президенттігіне экс-кандидат, журналист Ксения Собчактың сапарымен байланысты ма?" деген сұрағына сот өкілі  түсініктеме беруден бас тартыпты.

Өзінен кем санады ма, кім білсін, өз кезегінде Ксения Собчак та қазақстандық әріптестеріне түсініктеме беруден, тіпті жай тілдесуден басын ала қашты. Ресейлік журналист сот залында Бішімбаев ісіндегі зардап шеккен тараптың туысқандарының қасына, адвокаттардың артында жайғасып алды.

Бұл ретте қазақстандық журналистердің көбіне арт жақтағы қалқаның артына ығысып, сол жақтан бақылап, тың тыңдауға тура келді.

Ulysmedia хабарлауынша, Астана сотының баспасөз қызметінің қызметкері сот процесіне қатысу үшін РФ президенттігіне экс-кандидаттың Қазақстанның Жоғарғы сотында "БАҚ өкілі" ретінде аккредиттелгенін растады.  

"Ресейлік белгілі журналист Ксения Собчак ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысына БАҚ өкілі ретінде аккредиттелген. Мұны Астана қаласының баспасөз қызметі растады: "Ия, ол Жоғарғы сот арқылы аккредитациядан өтті", – деп жауап қатты қалалық сот баспасөз қызметінің қызметкері", – деп мәлім етті Ulysmedia.kz.

Тағы бір тосын жайт сол, Бишімбаевқа үкім шығаратын алқабилердің бет-жүзі бейнеленген фотосуретті "КТК" телеарнасының журналистері жариялап қойып, заң бұзғаннан кейін, 10 сәуірден бері сот залына журналистердің кіруіне тыйым салып тасталған еді. Содан бері қазақстандық медиа өкілдеріне баспасөз орталығындағы теледидардан трансляцияны қарауға тура келген.

Алайда Ксения Собчак Қазақстанға сапарлап, сот отырысына қатысқан күні, 22 сәуірде ол тыйым еш түсіндірусіз жойыла салынды. Тиісінше, БАҚ өкілдеріне залға кіруге қайтадан рұқсат етілді.   

Кейбір деректер бойынша ресейлік тележүргізуші Бишімбаевтың ісі туралы арнайы репортаж түсіру үшін арнайы келіпті. Әлеуметтік желіде "Собчактың Бишімбаевтың өзімен сұхбаттасуы ұйымдастырылады екен" деген болжам тарады.

Өйткені Бишімбаевтың ісі тек қазақстандықтарды ғана емес, ресейліктерді де күнделікті қуқы тірліктен алаңдататын өзіндік "телехикаяға" айналды. Ақпарат агенттіктерінде, әлеуметтік желіде жүргізілетін тікелей трансляцияны көршінің тұрғындары да тамашалауда. Өз әйелін өлтіріп алғаны үшін айыпталып жатқан экс-министрді Қазақстанның қалай соттап жатқаны оларға да қызықты.  

Артынша ресейлік журналист әйел Бишімбаевтың сотынан көл-көсір әсер алғанын мәлімдеді. Бұл ретте Собчак қазақстандық әріптестері оның сот процесіндегі "ерекше" жағдайын дұрыс түсінбегенін айтты.

Алайда жалғыз өзі ғана жайғасқаны үшін ақталып, не кешірім сұрап жатпады.

"Қазақстандық және ресейлік ақпарат құралдары Қазақстанның экс-министрі Бишімбаевтың үстінен жүріп жатқан соттағы менің "привилегиялы", артықшылықты жағдайым туралы жаза бастады. Менің қорғаушыларға арналған орынға отырғанымды көре қалыпты. Қалған журналистердің бәрі аяғынан тік тұрды дейді. Достар, сізге айтайын, мен бұл тақырыппен бұрыннан айналысудамын: Салтанаттың өлтірілуі туралы алғашқы күннен бері жазып келеміз", –деді Ксения Собчак, Telegram-дағы жазбаларын меңзеп.

Ол өз командасының аталған іс туралы "үлкен хикая" (большая история) түсіріп жатқанын хабарлады. Бірақ оны кім қаржыландырып жатқанын айтпады, тек "тәуелсіз журналист екеніне, бұл іс бойынша ешкіммен байланысты еместігіне" сендіріп бақты.

"Бізді сотқа тараптардың ешқайсысы – айыптаушы тарап та, қорғанушылар да шақырған жоқ. Мен Жоғарғы сот арқылы аккредиттелу рәсімінен өттім. Оның баспасөз хатшысымен менің командам байланыста болды. Бізді залда қайда отырғызса, сол жерге жайғастық. Бүгін шын мәнінде адам сенгісіз, керемет отырыс болды! Алған әсеріміз туралы кейінірек міндетті түрде әңгімелейміз", – деді Ксения Собчак.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу