Отандық туризмді дамытуды неден бастаймыз? – сарапшы пікірі

1211

Еліміздегі туристік бағыттарға апаратын жолдар мен қызмет көрсету сапасы көбіне-көп сын көтермей жатады. 

Отандық туризмді дамытуды неден бастаймыз? – сарапшы пікірі Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында елдің туристік әлеуетін пайдалану қажеттігі туралы баса айтты. Бұл салада қандай кедергілер кездеседі? Оның шешу жолы қандай? inbusiness.kz тілшісі осы мәселе бойынша сарапшының пікірін білді.  

Туризмді дамыту мәселесінің көтерілгеніне биыл бірінші жыл емес. Саладағы қордаланған дүниелермен қарапайым халық етене таныс. Елімізде көрікті жерлер жетерлік. Ол өңірлердің тұмса табиғаты шетелден артық болмаса, кем емес. Осы уақытқа дейін туристік әлеуетімізді толық пайдаланбауымызға не себеп?

"Кез келген елдің туризмінің дамуына инфрақұрылым жағдайы, сервис сапасы, баға кедергі келтіреді. Жалпы инфрақұрылымға жолдардың, қажетті ғимараттардың – қонақ үй, орналастыру орындарының және логистиканың дұрыс болуы жатады. Мәселен, Маңғыстауда жерасты мешіттері бар. Оған баратын жолдардың көбінде сапасы сын көтермей жатады. Осындай мәселелер бар. Кейбір жерлерде жататын орындар аз, салдарынан бәсеке жоқ. Бұл өз кезегінде бағаның жоғары болуына әкеледі. Мұны Көкшетау өңірінен, Бурабайдан көруге болады", - деді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің аға оқытушысы, туризм саласының сарапшысы Нұржан Әбдіразақ.

Сарапшы елімізде туристік менталитет әлі қалыптаспағанын жеткізді.

"Қазақстандықтардан неге саяхаттамайсыз деп сұрағанда көбінесе баратын жерлер қымбат деп жауап беріп жатады. Бұл адамдардың төлем қабілеттілік деңгейінде деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, Еуропа елдеріндегі адамдар өздерінің мемлекеттері ішінде саяхаттап жатады. Бізде мақсатты түрде ел ішіндегі өзге қалаға саяхат жасаймын деген менталитет қалыптаспаған", - деді ол.

Бұдан бөлек Нұржан Әбдіразақ құзырлы органдардың әзірлейтін стратегиялық құжаттары іс жүзінде дұрыс орындалмай жататынын баса айтты.

"Осы уақытқа дейін туризмге жауапты мемлекеттік органдардың әзірлейтін стратегиялық жоспары. Сол құжатта бәрін күшті ғып келтіреді, барлық жоспар жасап, проблемаларды көрсетеді. Бірақ іс жүзіне келгенде олар дұрыс орындалмай қалады. Неге? Себебі туризм экономиканың басым саласы ретінде қарастырылған жоқ. Өздеріңізге белгілі, бізде шикізатқа бағытталған экономика болды. Әлі де солай. Енді ғана туризмді экономиканың кіріс әкелетін саласы ретінде қарап жатыр. Бірақ соны біз 30 жыл бұрын түсінуіміз керек еді. Мәселен, туризм бүкіл әлем бойынша ең көп кіріс әкелетін салалардың қатарына кіреді", - деп атап өтті спикер.

Екіншіден, сол стратегиялық бағдарламаларды қарасақ, турист деп тек шетелдік туристер қарастырылып, соларға көңіл бөлінген, деп жалғастырады ол.

"Меніңше, бізге дәл қазір шетелдік туристерге қатты назар аударғаннан гөрі ішкі туристерді саяхаттауға ынталандыру керек. Пандемия да соны көрсетті", - деді эксперт.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ішкі туристер саны алдыңғы жылға қарағанда 1,7 млн адамға артқан. Сәйкесінше көрсеткіш 8,6 млн адамды құрап, рекорд тіркелген. 

Туризм саласының сарапшысы Нұржан Әбдіразақ мәселені шешу жолдары ретінде инфрақұрылымды дамыту қажеттігін, туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен гидтер көбею керектігін айтты. Бұдан басқа туризм дамымаған, бірақ әлеуеті бар өңірлерге көңіл бөлу керек екенін де жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу