Павлодардағы "УПНК-ПВ" ЖШС: тың әдісті игеріп, 8 жылда табысқа жеткен өндіріс

728

Қыздырылған мұнай коксын өндіретін отандық кәсіпорын несиелерді мерзімінен бұрын өтеп, саладағы көшбасшылар қатарында танылуда.

Павлодардағы "УПНК-ПВ" ЖШС: тың әдісті игеріп, 8 жылда табысқа  жеткен өндіріс Фото: УПНК-ПВ

Қыздырылған мұнай коксын өндіретін отандық зауыт сегіз жыл бұрын Павлодар арнайы экономикалық аймағында іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сол кезде бұл таптырмас идея әрі ұтымды жоба екені кәсіпкерлік ортада аталған болатын. 8 жыл бұрын жаңадан құрылып,  өндіріс осы аралықта қалайша  табысқа шықты?

Жиырма жыл бойы Павлодар мұнай-химия зауытында мұнай өңдеуден қалған шикі мұнай коксы Ресейге оны қыздырумен айналысатын кәсіпорындарға арзан бағамен сатылып келген. Осы уақытта жергілікті электролиз зауыты ресейлік және қытайлық өндірушілерден анод блоктарын өндіруге қажетті кальциленген коксты сатып алатын.

- Шикі мұнай коксы – бұл мұнай өңдеу процесінің ауыр қалдықтары, - деп түсіндіреді "УПНК-ПВ" ЖШС Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Вахит Гадамуров .

– Бензин, дизель және тағы да басқа ПМХЗ-да алынған жеңіл компоненттер нарықтық бағамен тұтынушыға сатылды, ал гудрон, битум, мазут сияқты ауыр қалдықтар бір массаға жиналып, кокске айналады. Әрі қарай, алынған өнім –  шикі мұнай коксы өте төмен бағамен сатылатын, оны кез келген адам сатып ала алатын. Осы тұста бизнеске біз келдік. Біздің кәсіпорын коксты қыздырумен айналысады, яғни шикізатты жоғары температурада өңдейді, оның барысында ұшпа компоненттер, ылғал алынып тасталады, неғұрлым құрылымдалған кристалдық тор түзіледі, соның арқасында нақты тығыздық артады және электр кедергісінің үлесі төмендейді. Бұл ретте біз кез келген сапалы шикізатпен жұмыс істей аламыз. Яғни, кез келген өндірушінің коксы "УПНК-ПВ" ЖШС қуаттылығында күйдірілгеннен кейін өзінің физикалық параметрлері бойынша анод өндірісінің талаптарына сәйкес келеді", - деді ол.

Павлодар электролиз зауытынан басқа, 2019 жылдан бастап павлодарлық күйдірілген коксқа күтпеген жерден Қытайда сұраныс артқан, бұл таңқаларлық жағдай. Өйткені Қытайдың өзінде жеке кәсіпорындар жеткілікті еді. Айта кететін жайттың бірі - Павлодар қондырғысын жобалаған және оны салған танымал қытайлық NFC халықаралық инженерлік-құрылыс компаниясы. Қытайлық компаниялар Павлодарда шығатын кокстың тығыздығын жоғары бағалаған.

- Біздің мамандардың біліктілік деңгейі өте жоғары, сондықтан біздің мамандарға, әсіресе зертханамызға сұраныс жоғары, - дейді өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары Рашит Галинуров..

– Мысалы, ресейліктер біздің қол жеткізген көрсеткіштерге жете қойған жоқ. Оған қоса, осы аралықта бізде бірде-бір апат болған жоқ. Біздің зауытты салған бас мердігердің өкілдері іске қосу-баптау кезеңдерінде бізді жабдықтан қашықтықта ұстады, қызмет көрсетуді өздеріне алғысы келіп, үлкен ақша сұрады! Бірте-бірте біз оларды бір пештен алып тастадық, өзіміз жұмыс істей бастадық. Олар –   бір пеште, ал біз –  екінші пеште жұмыс істей бастадық. Айтайын, біздің көрсеткіштер әлдеқайды жоғары болды", - деді ол.

УПНК қыздырылған мұнай коксын өндіретін отандық зауыттағы барлық зиянды шығарындылар қайта өңдеудің заманауи әдістерінің арқасында қайтадан терең өңдеуге түсіп отырады. Қыздыру процесі кезінде жоғары температуралы түтінді газдар пайда болады. Олардан қандай да бір жолмен құтылу керек. Экологиялық заңнама бойынша қалдықтарды атмосфераға шығаруға болмайды, сонда оны қайда жіберу керек? Кәсіпорын оның да тың тәсілін тапқан.

Экологиялық нормаларды зерттей келе, қайта өңдеу қазандығын, механикалық және химиялық тазарту сүзгілері мен турбоагрегаттарды қамтитын жаңа технологиялық желіні салуға кәсіпорын қаражат бөлген. Бұл жабдықтар түтінді газдарды 400 градусқа дейін қыздырып, одан түзілетін ыстық будың энергиясын турбоагрегаттар арқылы электр энергиясына айналдыру әдісін қолдану арқылы түтінді газдардан шыққан жылуды суға бағыттап, оны салқындатуға мүмкіндік берген. Осылайша, осы әдіс арқылы алынған энергияның 30 %-ы кәсіпорынның өз қажеттіліктерін жапса, ал қалған энергия жалпы желіге жіберілген. Бұл электр энергетикасындағы тың тәсіл, сондықтан жобаны Энергетика министрлігінде қорғау барысында бұл әдісті жеке қарастыруға тура келген. Тағы да атап өтетін жайт, түтінді газдар механикалық және химиялық тазартудан өтеді. Алдымен механикалық сүзгілерде барлық қалқыма бөлшектер ұсталып қалады, содан кейін газды реагентпен бүрку әдісі қолданылады, ал одан алынған ерітінді тек экологияға ғана емес, жабдыққа да зиянды күкірт оксидтерін ұстап қалады. Содан кейін бұл сұйық масса сығылып, одан құрамында гипс бар құрылыста қолданылатын өнім алынады.

"УПНК-ПВ" ЖШС бұл қондырғыны орнатуға 22,9 млрд теңге қаражат жұмсаған. Бұл қаражаттың 80%-ы – қарызға алынса, 20% -ы– жеке қаражат есебінен бөлінген. Алғашқы үш жылда компанияға мемлекеттен субсидия бөлініп, компания қайтарымды қаражатты қарызға алған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында компания аяққа тұрып, алған несиелерді мерзімінен бұрын жапқан.

Нақтырақ айтқанда, қарыз 10 жылға, яғни 2014 жылдан 2024 жылға дейін берілген. Компания бұл қарызды 2021 жылы толығымен өтеген.

Павлодарда қыздырылған мұнай коксын өндіретін зауыт іске қосылғалы мұнай-химия және алюминий кластерлері арасындағы өндірістік тізбек тұйықталып, Қазақстанның импортқа тәуелділігі едәуір қысқарған.

Бүгінде зауыт жылына 180 мың тонна күйдірілген мұнай коксын өндіреді. "УПНК-ПВ" ЖШС өнімдерінің жартысы отандық нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуде. Ал зауыт өндіріп отырған өнімнің екінші бір бөлігі, яғни жоғары деңгейде қайта өңделген өнімдер әлемдік нарықта бәсекелестік позицияға шыққан. Бұл өнімдер ең алдымен Ресей мен Қытайдың металлургиялық кәсіпорындарына, сондай-ақ алыс және жақын шетелге экспортқа шығарылуда.

Қазіргі уақытта кәсіпорын жаңа пеш салып, өндірісті кеңейтпек ниетте. Бұл жоба 70-75 миллион доллар инвестицияны қажет етеді, ал жоба іске асса 300-ге жуық қосымша жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ кәсіпорын қара металлургияда болат балқытуға қажетті инелі коксты шығаруды да жоспарлап отыр.

- Кокстың бұл түрі қазір электромобильдерге арналған катодтар мен анодтар өндірісінде қолданылады. Инелі коксты өндіру технологиясын тек бес мемлекет – Америка, Жапония, Қытай, Канада және Корея игерген. Ешбір елден ол туралы ешқандай өнеркәсіптік ақпарат алу мүмкін болмады. Қазір Қытай бізге ол ақпаратпен бөлісуге келісті, өйткені олар бізбен тығыз жұмыс істейді және зауытты жаңадан ашып, сегіз жыл ішінде пайда табатын деңгейге жеткізетіндер аз екенін мойындап отыр. Жаңа жобаға тағы 200 млн доллар инвестиция қажет болады. Егер осы екі жоба іске асырылатын болса, бүгінгі УПНК-дағы 462 жұмыс орнына тағы 800 жұмыс орны қосылады, - дейді компанияның қаржы директоры Гүлбахыт Бутаева.

Бұдан басқа, өнімділігі жылына 150 мың тонна коксты қыздыруға арналған жаңа пеш салу есебінен өндірістік мүмкіндіктер ұлғайту жоспары бар. Бұл жоба 70-75 миллион доллар инвестицияны қажет етеді, егер жоба іске асса, қосымша 300-ге жуық жұмыс орнын ашуға септігін тигізбек.

- Бұл шығынның жартысы жаңа технология есебінен өндіріледі. ТМД бойынша мұндай жоба әлі еш жерде жоқ. Қазір жобаны әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізілуде. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына, яғни оның ішінде өңдеу өнеркәсібі үшін де әзірленген осы  бағдарлама аясында мемлекеттің қолдауына үміттіміз, - дейді Гүлбахыт Бутаева.

"Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның импортқа тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік беретін дәл осындай өндірістерді қолдау мақсатында әзірленген. Қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары кәсіпкерлерге жаңа зауыттар ашуға және қолданыстағы өндірістік желіні жаңартуға мүмкіндік береді. 2023 жылғы қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында "Бизнестің жол картасы" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасына біріктіруді тапсырған болатын. Бұл отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған тағы да бір мүмкіндік.

"Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет",- деген болатын биылғы жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, мемлекет пен "УПНК-ПВ" ЖШС арасындағы серіктестік осы бағытта іске асырылып отырған ұтымды істің бірі.   Бүгінде ел бюджетіне "УПНК-ПВ" ЖШС төлеген салықтар мен төлемдердің, онымен қоса бюджеттен тыс қорларға жіберген салымдар көлемі 9 млрд теңгеден астам соманы құраған. Осылайша, Павлодар арнайы экономикалық аймақ құрылысына ел қазынасынан бөлінген шығыс қаражат толығымен жабылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу