Путиннің бесінші президенеттік мерзімі де Батыспен тайталастан басталды

584

Жаңа 6 жылдық президенттік мерзімге ант беру кезінде Владимир Путин Батысқа келіссөздерге де, соғысқа да әзір екенін де ескертті.

Путиннің бесінші президенеттік мерзімі де Батыспен тайталастан басталды Фото: dsmr.ru

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін небәрі сегіз жылдан соң Кремльдің төріне жайғасқан Путин осы мерзімін аяқтаса, билік ету ұзақтығы бойынша Иосиф Сталинді басып озып, императрица Бірінші Екатеринадан кейінгі екінші орынға шығады.

"Біз Батыс мемлекеттерімен диалогтан бас тартпаймыз. Бірақ қауіпсіздік пен стратегиялық тұрақтылық туралы келіссөздерге Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары "менмендігін" жиып қойғанда ғана дайын боламыз", – деді ант бергеннен кейін 71 жастағы Путин.

Елін 24 жыл басқан Ресей лидері жеңіске уәде беріп, "бүкіл ресейліктердің енді мыңжылдық тарих пен ата-бабаларының алдында жауапты" екенін де мәлімдеді.

Ол инаугурациядан шығып бара жатқанда, залда Михаил Глинканың "Патшаның өмірі" атты операсынан "Қуаншы" деген әннің үзіндісі берілді. Сол сәтте Кремльде "Қуаншы, қуаншы, Русьім менің! Қуаншы, қуаншы, орыс жері! Қуаншы, қуаншы, орыс патшасы!" деген сөздер әуеде қалықтап тұрды.  

"Біздің президенттің беделі Америка президенті мен тіпті өз патшаларымыздікінен де жоғары. Көп жайт мемлекет басшысына байланысты", – дейді КПРФ лидері Геннадий Зюганов.

СОҒЫС

Путин әскерінің 2022 жылы Украинаға басып кіруі Ресей мен Батыс арасындағы қатынастарды 1962 жылғы Кубадағы зымыран дағдарысынан кейінгі ең нашар дәрежеге дейін төмендетті. Қазір Ресей майдан шебінде алға жылжып жатыр және оның артиллериялық өндірісі НАТО альянсынан асып түскен.

Путин бұл соғысты 1989 жылы Берлин қабырғасы құлағаннан кейін Мәскеудің ықпал ету аймағына, соның ішінде Украинаға қол сұғып, Ресейді масқаралаған Батыспен арадағы экзистениалдық шайқастың бір бөлігі деп есептейді.

Ресей Сыртқы барлау қызметінің (СВР) басшысы Сергей Нарышкин Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, Путиннің ұлықтау рәсіміндегі сөзі Батысты диалогқа шақыруды білдіреді.

"Бұл біріншіден, Батысты тең құқылы ынтымақтастыққа шақыру болса, екіншіден Ресей өзінің дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететініне нық сенімді", – дейді Нарышкин.

Ал егер Батыс сөйлескісі келмесе?

"Онда, ойлансын", – деді Нарышкин тағы бір жауабында.

Жаңа мерзімде Путин Украинадағы саясатына өзгеріс енгізуі мүмкін бе?

"Украинадағы соғыс оның қазіргі саяси жобасының өзегі саналады. Мен мұның өзгеретін түрін көріп тұрған жоқпын", – дейді Сиракуз университетінің профессоры және "Путинизм кодексі" кітабының авторы Брайан Тейлор Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Егер соғыс екі жақтың да толық емес жеңілісімен аяқталса және Ресей басып алған аумақтың бір бөлігін сақтап қалса, мұндай жағдай Путинді Балтық жағалауында немесе Польшада жаңа әскери авантюризмге итермелеуі мүмкін.

"Әбден мүмкін. Путиннің амбициялары шынында да зор. Ол Украинада орасан шығынмен келген табысынынан кейін өзге бір жерлерге шабуыл жасауы ықтимал", – деп жазды Гарвардтың халықаралық қатынастар профессоры Стивен Уолт Foreign Policy журналында жарияланған материалында.

ЯДРОЛЫҚ ШИЕЛЕНІС

Батыс Украинаны артиллериямен, танктермен және алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарымен қамтамасыз еті жатыр. Бірақ НАТО әскерлері Украинадағы соғысқа тікелей араласа қойған жоқ. Өйткені, Путин де, Байден де ескерткендей, мұндай жағдай Үшінші дүниежүзілік соғысқа әкелуі мүмкін еді.

Ядролық шиеленістің өсуін алға тартып, Ресей дүйсенбі күні Франция, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттарының қоқан-лоққыларына жауап ретінде тактикалық ядролық қаруды орналастыру жөнінде жаттығу өткізетінін хабарлады.

РЕСЕЙ

Соғыс Путинге билікті күшейтіп, ресейліктер арасында танымалдылығын арттыруға көмектесті. Ресми қорытынды бойынша, ол наурызда өткен сайлауда 88 пайыз дауыс жинаған.

Америка Құрама Штаттары Путиннің ант беру рәсіміне ешкімді жібермесе де, оны әлі де Ресей президенті деп санайтынын мәлімдеп отыр.

Ұлыбритания, Канада және ЕО елдерінің көпшілігі Ресей басшысының инаугурациясына бойкот жариялады. Ресей шенеуніктері болса, бұл әрекетті мағынасыз және Батыстан басқа ешкімге маңызды емес қадам деп атады.

Путиннің қысқаша сөйлеген сөзінің негізгі түйіндері мыналар: дүрбелеңдер мен тоқырау қаупі төніп тұр; Ресейдің бірегей өркениеті өзгермелі әлеммен бірге дамуы керек.

Шығыс Германияда Путинмен бірге жұмыс істеген және жақын одақтасы Сергей Чемезовтың пікірінше, Путин Ресейге тұрақтылық әкелді, бұл жетістікке тіпті оның сыншылары да қошемет білдіріп отыр екен.

"Батыс Путиннің Ресей үшін жаңа адам емес, тұрақтылық екенін түсінуі керек", – дейді Чемезов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу