Ресейдің 300 млрд доллары Батыстың қай жерінде бұғатталған?

1189

Financial Times газетінің хабарлауынша, Америка Құрама Штаттары "Үлкен жетіліктің" жұмыс топтарына бұл ақшаны тәркілеу жолдарын зерттеуді ұсынған. 

Ресейдің 300 млрд доллары Батыстың қай жерінде бұғатталған? Фото: РИА Новости

Президент Владимир Путин 2022 жылы Украинаға әскер жібергеннен кейін Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары Ресейдің орталық банкімен және қаржы министрлігімен транзакциялар жасауға тыйым салып, Батыстағы егеменді ресейлік активтердің шамамен 300 миллиард долларына тосқауыл қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Financial Times газетінің хабарлауынша, Америка Құрама Штаттары ірі индустриалды елдердің "Үлкен жетілік" (G7) тобына бұл ақшаны тәркілеу жолдарын зерттеуді ұсынған.

Бұл қандай активтер, олар қайда сақталған және егер активтері тәркіленсе, Ресей не істей алады?

Орталық банктің резервтері

Басқа орталық банктер сияқты, Ресейдің орталық банкі де алтын-валюта резервтерінің бір бөлігін негізгі валюталар мен алтын және мемлекеттік облигациялар сияқты өтімді активтерге орналастырды. Бұл қорлардың жартысына жуығы Батыста сақталды.

РФ орталық банкі Батыста 300 миллиард долларға жуық активтердің бұғатталғанын растады. Ресейдің шетел валютасы мен алтын қоры сол кезде 612 миллиард долларға жеткен екен.

Путин Батысты Ресейге қарсы экономикалық соғыс жариялады деп айыптап, бұл қорлардың бұғатталуын ұрлау деп атады.

Орталық банк төрағасы Эльвира Набиуллинаны ұлтшылдар банк резервтерінің осыншама бөлігін бұғаттауға жол бергені үшін қатаң сынға алды.

Не бұғатталды?

Ресейдің орталық банкі ненің тоқтатылғаны туралы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді. Бірақ 2022 жылдың басындағы ресейлік активтерді толығырақ  сипаттайтын құжаттардан болжамды ақпарат алуға болады.

Ол кезде Ресейдің орталық банкі 207 миллиард еуродағы, 67 миллиард АҚШ долларындағы және 37 миллиард британдық фунттағы активтерге иелік еткен.

Сондай-ақ, РФ-ның 36 миллиард доллары жапондық иенмен, 19 миллиард доллары канадалық доллармен, 6 миллиард доллары австралиялық доллармен және 1,8 миллиард доллары сингапур долларымен сақталыпты. Сонымен қатар,  Ресейдің швейцариялық франктегі үлесі шамамен 1 миллиард доллар екен.

Ресейдің орталық банкі бұл активтердің негізінен шетелдік бағалы қағаздарға, банктік депозиттерге және ностро корреспонденттік шоттарына салынғанын айтады.

Бұл банктердің ең ірі облигациялары Қытай, Германия, Франция, Ұлыбритания, Австрия және Канаданың тәуелсіз облигацияларына салынған.

Активтер қалай сақталды?

Ресейдің орталық банкі өз қорын күрделі ұстаушылардың артына жасырған жоқ. Сондықтан, бұл активтерді анықтау қиындық тудырмады.

Ресей активтерінің көпшілігі, соның ішінде жеке азаматтарының активтері депозитарийлерде бұғатталып отыр.

Тәркілеу?

Ресей шенеуніктері мемлекет активтерін тәркілеу еркін нарықтың барлық принциптеріне қайшы келетінін бірнеше рет ескертті.

 "Олардың не шешетінін көрейік. Жеке меншікті қорғау – оларды сан ғасырлар бойы асырап келе жатқан киелі сиыр", - дейді "Рейтер" агенттігіне сұхбат беріп, аты-жөнін атамауды сұраған жоғары лауазымды ресейлік шенеуніктердің бірі.

Кейбір ресейлік билік өкілдерінің болжамынша, егер ресейлік активтер тәркіленсе, Ресейдегі "С" типтегі арнайы шоттарда тұрып қалған шетелдік инвесторлардың активтері де дәл сондай тағдырға ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде шетелдік активтердің кейбірі C шоттарында "құлыптаулы" тұр.

Бұл шоттарда нақты қанша ақша бары белгісіз. Бірақ қаржы сарапшыларының айтуынша, оның көлемін бұғаттаған ресейлік 300 миллиард долларлық қормен салыстыруға болады.

РФ Қаржы министрі Антон Силуанов та өткен аптада C шоттарында қомақты қаражат бар екенін мәлімдеді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков болса, өткен аптада журналистерге сұхбат беріп, Ресей кез келген тәркілеуді сот арқылы даулайтынын ескертті.

"Егер бізден бірдеңе тәркіленсе, нені тәркілейміз, соны қараймыз. Сондай-ақ, бұл істі дереу жүзеге асырамыз", - дейді Песков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу