Ресейлік жазушы Өзбекстанды аннексиялауға шақырып, Ташкентті наразы етті

1562

Өзбек Сыртқы істер министрлігі мәскеулік елшіні шақырып алып, "ойланбай жасалған мәлімдемелердің" екіжақты ынтымақтастыққа кері әсер ететінін ескертті.

Ресейлік жазушы Өзбекстанды аннексиялауға шақырып, Ташкентті наразы етті Фото: Reuters

Ресейлік саясаткер және жазушы Захар Прилепиннің Ресей шекарасы бойындағы "Ресейге мигранттарды жіберіп жатқан елдерді" аннексиялауға шақыруы Өзбекстан үкіметін наразы етіп отыр.

Ресей Президенті Владимир Путиннің Украинадағы әрекетін жан-жақты қолдаған Прилепин бұндай мәлімдемені елдегі еңбек мигранттары мәселесін талқылау барысында жасады.

Мамыр айында Нижний Новгород облысының батысында көлігі жарылып, ол жарақат алған. Киевтің қауіпсіздік қызметі оқиғаға қатысы бар екенін растаған да, жоққа да шығарған жоқ. Бір анығы – Прилепинге Украинадағы әскери қылмыстары үшін іздеу жарияланған.

"Мен әлі күнге дейін бізге гастарбайтерлер келетін аумақтарды аннексиялап, орыс тілін сол жерде оқытуды шын жүректен қолдаймын. Мигранттарды мұнда емес, Өзбекстанда оқыту керек", - деген Прилепин баспасөз мәслихатында.

Бұл мәлімдемені Латвияда орналасқан орыстілді тәуелсіз ақпарат агенттігі Meduza сәрсенбі күні таратты.

Ресми Ташкент үнсіз қалған жоқ. Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Өзбекстандағы елшісі Олег Малгиновты шақырып, оған "ойланбай жасалған мәлімдемелер" Өзбекстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігіне сәйкес келмейтінін ескерткен.

"Мұндай ескертулер саналы түрде арандатушылық сипатқа ие және екі халық арасындағы тарихи достық қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін", - деп атап өтті министрлік.

Ресей елшісі болса,"Прилепин сөзінің Ресей басшылығының ресми ұстанымымен ешқандай ортақтығы жоқ" екенін жеткізген.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Прилепиннің айтқандары Кремльдің Өзбекстанмен қатынастарға деген ұстанымын еш сипаттай алмайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ресейдің шетелдік еңбек мигранттарын пайдалануы Ресейге де, мигранттардың өз елдеріне де пайдалы екен.

АҚШ-та орналасқан Соғысты зерттеу институтының (ISW) бейсенбі күні Украинадағы әскери жанжалға қатысты соңғы талдауында айтылғандай, Прилепиннің мәлімдемелері орыс ультра ұлтшылдарының Ресей қоғамындағы мигранттардың рөліне наразылығының күшейіп келе жатқанын білдіруі мүмкін.

"Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің жауабы Өзбекстан үкіметі Прилепиннің мәлімдемелерін қауіпті деп санайтынын көрсетсе керек. Орталық Азия үкіметтері бұған дейін де Ресей шенеуніктерінің осы аймақ мемлекеттерінің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне күмән келтіретін комментарийлеріне Ресей елшісін шақыру арқылы жауап берді", - дейді ISW.

Өзбекстан да Украина сияқты бір кездері Кеңес Одағының құрамында болды. Мәскеу сондай-ақ Украинадағы соғысқа шетелдік жауынгерлерді тартып жатыр.

Британ Қорғаныс министрлігінің қыркүйек айындағы барлау есебінде көрсетілгендей, Ресей билігі соңғы кездері көршілес елдердің азаматтарын Украинадағы соғысқа шақыруды күшейтіп, Армения сияқты постсоветтік республикаларда онлайн жарнамалар жариялап, оларда Украинаға баруға келіскендерге алғашқы төлем ретінде 495 000 рубль немесе 5 140 АҚШ долларын ұсынған.

Осы министрліктің барлау мәліметтеріне жүгінсек, кем дегенде мамыр айынан бері Ресей Украинада соғысуды қалайтын орталықазиялық мигранттарға тез арада азаматтық беруге және 4 160 долларға дейін жалақы төлеуге уәде еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу