Сарапшылар Бишімбаев сотын қарамауға кеңес береді

6843

Сот процесі балалар көретін дүние емес. 

Сарапшылар Бишімбаев сотын қарамауға кеңес береді Фото: zhogargy_sot

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысын қарайтын қазақстандықтардың санында есеп жоқ. Сот отырысы оны үзбей көретіндердің психологиялық жай-күйіне қалай әсер етеді? Негатив қаптамай ма? Жалпы осы сот процесінің қоғамға әсері қандай? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

"Әрине, негатив қалып қояды. Ұзақ уақыт осындай негативті нәрсе көру бұл сезімді қалдырады деп ойлаймын. Мұнда басты кейіпкер Бишімбаевтың өзі болып отыр. Оған деген жек көрініш, соның бет әлпетінде бүкіл агрессорларға, ер адамдарға деген негатив, одан соң әр сот отырысында ашуды қоздыратын дүниелер болып жатыр. Соған сәйкес адамдарда белгілі бір дәрежеде агрессия, негатив басым болуы мүмкін. Мысалы, егер бұрын әйелдер жолдасымен ұрысып қалғанда бұл жағдай жұмсақ өтетін болса, мына сотты тұрақты көріп жүргендер күйеулеріне әлдеқайда агрессивті түрде жауап беріп, қарсы шығуы мүмкін. Бишімбаевқа деген ашуын қасындағы ер азаматынан алу қаупі бар", - деді отбасылық психолог Ержан Мырзабаев.

Сарапшының айтуынша, бүгінге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Бишімбаевтың сотындағыдай ешқашан көтерілген емес.

"Осыншалық ұзақ мерзім талқыланған жоқ. Агрессия көрсететін ер азаматтардың өздеріне өте жақсы сабақ болды. Сот процесін тікелей эфирде көру қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттырады деп ойлаймын. Сот осылай болады екен, қорғаушы мен айыпталушы былай жауап береді екен дегендей. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптасу тұрғысынан жақсы пайдасын тигізеді деген ойдамын", - деп атап өтті ол.

Осы орайда психолог сот процесі балалар көретін дүние емес екенін баса айтты.

"Жоғарғы сот осы тікелей эфирді жариялап жатқан кезде 18+ деген белгі қою керек еді. Кәмелетке толмағандарға, санасы қалыптаспаған балаларға осындай дүниелерді көрсетпеген жөн. Бұл бала көретін контент емес. Мен бір-екі рет сот процесін тікелей эфирден қарадым,  бірақ өкінішке қарай 18+ деген жазуды көрмедім. Сонымен қатар ретрансляция жасап жатқан медиа құрылымдар да осыны ескерсе екен. Балалар психологиясы үшін бұл зиян", - деп жалғастырды Ержан Мырзабаев.

Ел арасында осы сот процесін түсінде де көретін болдық деп жатқандар бар. Бұл неден туындайды? Отбасылық психологтың сөзінше, Бишімбаев сотын үзбей көру адамның психологиялық күйіне әсер етуі мүмкін.

"Нетфликстегі сериалдарды, 90-жылдарда алғашқы шыққан Санта-Барбара сериалын бұлай көрмейтін едік. Күніне бір серия бір сағаттан болды. Мұнда процесті кешке дейін көресің, әсіресе үйде отыратындар, кәсіппен айналысатындар оны қосып қойып, жұмысын істей береді. Біз күндіз не нәрсені қатты ойлап, уайымдасақ, түнде соны көреміз. Түсімізге де кіретін болады. Соттың әрбір минутына дейін қарай берудің керегі жоқ. Бөліп-бөліп анда-санда қарап немесе мазмұны ретінде қысқа үзінділерін қараса жеткілікті", - деп жауап берді спикер.

Осы тұста отбасында агрессорлар бар адамдардың психикасына сот процесі қалай әсер етеді деген заңды сұрақ туындайды. Олардың бойындағы қорқыныш пен үрей сезімдері үдей түсуі мүмкін ме?

"Агрессор Бишімбаевтың жағдайын көріп, "ертең менің басыма да осындай келуі мүмкін" деп ойлайды. Ал отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары "әрі қарай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа үндемейтін болсам, ертең менің соңым да Салтанат сияқты аяқталуы мүмкін" деген қорқумен, осы қарым-қатынасты тоқтату, өзін қорғау, дағдарыс орталығына жүгіну, уақытылы полицияға шағымдану керек екенін түсінетін болады", - деп атап өтті сарапшы.

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев бұл сот процесін ұзақ уақыт, яғни таңертеңнен кешке дейін қарау дұрыс емес деген пікірде.

"Қоғамдық өмір тек Бишімбаевтың сотынан тұрмайды. Отбасы, бала-шаға, жұмыс, достарың бар дегендей. Ұдайы негативті халде жүру адамды депрессияға ұшыратады. Ал біз тойға, қонаққа да баруымыз керек, достармен кездесіп, қуана алуымыз керек. Таңертеңнен кешке дейін сот процесін көретін адам мұндай нәрселерді істей алмайды. Жүрген жерінде осы туралы айтып жүреді", - деп түйіндеді ол.

Сот процесі адамды шаршатады – психолог

"Рухани қоғам әлемі" қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиеваның сөзінше, Бишімбаевтың сотын қарайтын ел процестің қаншалықты әділ өтетінін көргісі келеді.

"Бұрынғы шенеунік болғаннан кейін соттың әділетсіз өтетініне сенімді болды. Қазір біз оның қалай өтіп жатқанын көріп отырмыз. Бұрын-соңды сот отырыстары бұлай тікелей эфирден көрсетілмеген. Бала да, қарт та – барлығы көріп жатыр. Әрине, ол баланың психикасына кері әсер етеді. Адамның өзін де шаршатады. Егер дәл осылай сот процестерінің бәрін эфирден көрсете беретін болсақ, адамдар ол нәрседен де жиіркеніп, қарамайтын болады. Заңгер, сот орындаушылары, салада жүргендер жұмысына қажет болуы мүмкін деп сот отырысын көрсе болады. Қоғам, жас балаларға оның тіптен қажеті жоқ. Тікелей эфирде сотты көрсету – сотқа, өкіметке, қоғамдағы болып жатқан жағдайлардың әділ өтуіне деген сенімсіздік. Сенбеу деген нәрсе "мен сізді қабылдамаймын" деген сөз. Мен бөлек, сіз бөлексіз. Сот процесін көру заң саласына қатысы жоқ адамдарда ашу, сенімсіздік деген дүниелерге алып келуі мүмкін", - деп түсіндірді ол.

Сарапшы әйелдер мен ер азаматтар сот отырысын қарағалы өз құқықтарын жете түсінгенін де жасырмайды.

"Ер адамдар қол көтеруге болмайтынын, салдары жауапкершілікке тартылуға әкелетінін түсінді. Өйткені бұл мәселе қоғамда көп талқыланып жатыр. Адамдарға абьюзердің кім екенін танып білуіне мүмкіндік туды", - деді психолог.

"Бишімбаевтың сотын қарамаған да дұрыс еді"

Экономист-әлеуметтанушы Тимур Айсаутов сот процесінің қоғамға әсерін айтты. Сөзінше, қазір әр отбасындағы қарым-қатынас, құндылық, шекаралар, әркімнің жеке талаптары осы процестің арқасында кейбір өзгерістерге ұшырауы мүкін. Бұл процестің қоғамға әсері үлкен болады, деп есептейді ол.

"Психологтар қарамаған дұрыс деп айтады. Оны көрмеген де дұрыс шығар. Бірақ оны кімге айтамыз? Бұл қазір әлеуметтік эпидемия болып кетті. Халықтың 90 пайызы осыны қадағалап отыр. Мысалы, өз басым осы сот процесін қарамаймын. Бұл тақырыпқа мені бәрі амалсыздан тартады. Айналамдағылар арасында осы тақырыпты көтереді. Сондықтан егер де біреу осы тақырыпқа қызықпаймын, қарамаймын десе де, бәрібір қоғам бізді тартып жатыр. 100 пайыз бәріміз осы шоуды қарап жатырмыз. Қарамаған да дұрыс еді. Бірақ оны енді тоқтату мүмкін емес", - деді спикер.

Сарапшының сөзінше, қазіргі заманауи технологиялардың арқасында осы сот процесі өте тез әрі кең тарап жатыр.

"Оның бірнеше себебі бар. Қоғамның санасы, құндылықтары соңғы 10-15 жылда қатты өзгеріп жатыр. Әсіресе, әлеуметтік желілердің арқасында өзгерістер күшейіп келеді. Бұрын халықтың әр әлеуметтік тобы өз өмірімен өмір сүрді. Мысалы, ауылдың адамдары қалалықтар қалай тұрып жатқанынан хабарсыз болды. Жағдайы төмен адамдар байлар қалай өмір сүретінін тек қиялдауы мүмкін еді, бірақ көре алмайтын. Қазір Инстаграм, Тик-Ток, Фейсбук арқылы мұның бәрі айқын болып кетті. Бүкіл өмір сериал сияқты болып кетті. Мәселен, танымал блогерлердің бір-бірімен айтысуы елге қызық бола түсті. Бұл – әлеуметтік желілердің феномені. Екіншіден, қазіргі заманға бұрынғы салт-дәстүрлердің кейбірі сай келмейді. Үшіншіден, қоғамның әрбір мүшесі бір-бірімен қарым-қатынастарына деген талаптарын жаңадан қарастырып жатыр", - деп түсіндірді Тимур Айсаутов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу