Шет тілін 3 айда меңгеру мүмкін бе?

2280

Сарапшылар шет тілін үйренуде адамның ынтасы мен жігері маңызды рөл атқаратынын айтады.  

Шет тілін 3 айда меңгеру мүмкін бе? Фото: canva.com

Тіл игеру адам өміріндегі негізгі қажеттіліктердің біріне айналғалы қашан. Оқу, жұмыс, саяхат. Бұл тіл меңгерудегі мақсаттардың бір бөлігі ғана. Шет тілін кейбір адамдар өздігінен үйреніп жатса, бірқатары курстардың көмегіне жүгініп жатады. Оқу процесінде жаңа технологияларды да қолданған абзал. Мысалы, түрлі мобильді қосымшалар, ақпараттық-танымдық сайттар да көмекші құрал бола алады.

Жаңа тіл үйренудің қандай оңтайлы әдістері бар? Өзге тілде тез сөйлеп, оны түсінуге қанша уақыт қажет? Inbusiness.kz сайтының тілшісі осы тақырыпта шолу жасап, сарапшылардың пікірін білді. 

Әлемде қанша тіл бар?

Танымал Ethnologue (www.ethnologue.com) тілдер каталогындағы деректерге сәйкес, әлемде 7 168 тіл бар. Сарапшылар бұл көрсеткішті тұрақты деп қарастыруға болмайтынын, сан өзгеріп отыратынын айтады. Бүгінгі таңда тілдердің 40 пайызына жойылып кету қаупі төніп тұр. Себебі оларды күнделікті өмірде қолданатындар саны 1 мың адамнан аз. Тағы 23 тілді Жер шары халқының жартысынан көбі қолданады.

Дүние жүзі бойынша ағылшын тілінде 1 млрд 456 млн адам сөйлейді. Мандарин қытай тілін – 1 млрд 138 млн, ал хинди тілін 609,5 млн адам қолданады. Ең көп таралған он тілдің қатарында испан (559,1 млн адам), француз (309,8 млн), араб (274 млн), бенгал (272,8 млн), португал (263,6 млн), орыс (255 млн) және урду (231,7 млн) тілдері бар.

Әлемдегі геосаяси жағдайлар кейбір елдердегі тіл саясатына өзгеріс лебін әкелді. Мәселен, Duolingo (www.duolingo.com) шет тілдерін үйренуге арналған платформада орыс тілі ең танымал тілдердің ондығынан шығып, бір саты төмендеген. Сарапшылар мұны Ресейдің Украина жеріне басып кіруімен байланыстырады. Duolingo мәліметінше, 2022 жылдың ақпан айында 1,3 млн адам украин тілін үйрене бастаған. Әсіресе, Германия, Польша және Ирландия елдерінде сұраныс артқан. Бұдан бөлек аталмыш тілдер платформасында португал тілі сегізінше орыннан көрінсе, хинди тілі үздік ондықты қорытындылады.

Жаңа тіл үйрену мидың жұмысына қалай әсер етеді?

Осы уақытқа дейін дүние жүзінде тіл меңгеруге қатысты көптеген зерттеу жүргізілген. Мәселен, Мичиган университетінің зерттеу нәтижелері тіл үйренудің әртүрлі әдістерін қолданатын адамдар бір әдісті меңгергендерге қарағанда неғұрлым жоғары нәтижелерге жететінін көрсетті. Йель университетінің зерттеуі бойынша оқуға күніне жоқ дегенде 30 минут бөлетін адамдар тіл үйренуде біршама жақсы жетістіктерге жетіп жүр.

Мамандардың айтуынша, тіл игеру адамның зейінін арттыруда септігін тигізеді. Сондай-ақ ол мидың жұмысын жақсартып, деменция және Альцгеймер сияқты аурулардың дамуының алдын алуда көмектеседі.

Канадада жүргізілген зерттеу ерте жастан екінші тілді үйренетін балалардың әлеуметтік дағдылары неғұрлым жетік болатынын, кез келген жаңа жағдайларға тез бейімделетінін көрсетіп отыр.

Жалпы алғанда бұл тақырыптағы зерттеулер жаңа тіл меңгерудің адамға пайдалы екенін, әсірсе тұлғаның танымдық қабілеттеріне, әлеуметтік дағдыларына және мансабына оң әсер етуі мүмкін екенін байқатады.

Тіл мамандары күніне бастапқыда 10 сөзге дейін жаттаған жөн деп санайды. Себебі бірден 20 немесе 30 сөз деп алдыңызға мақсат қойсаңыз, біршама уақыттан кейін бұл тіл меңгеруге деген құлшынысты төмендетуі мүмкін, деп есептейді сарапшылар.

Үш айда бір тілді толық меңгеру мүмкін емес

Қадыр Мырза Әли атындағы Binom мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қымбат Смағұлова шет тілін оқытудағы тәжірибесімен бөлісті.

"Тіл үйрену адамның жеке тұлғалық мақсаты мен қалауының нәтижесінде ғана жүзеге асырылады. Ең бастысы шет тілін меңгерудегі мақсатты, себептер мен қажеттіліктерді анықтап алған дұрыс. Тіл игерудің және оқытудың сан түрлі тәсілдері бар. Мұнда адамның жеке қарым-қабілетіне қарай әдістер таңдалатынын, ақпаратты қабылдауына қарай тіл үйренушілер аудиал, визуал деп бөлінетінін ескерген жөн", - деді спикер.

Оның айтуынша, алғашқы сатыда барынша оңай тапсырмаларды оқудан бастаған дұрыс.

"Тіл үйренушілер ең әуелі әріптер мен дыбыстарды меңгеруден бастайтыны белгілі. Бұдан бөлек қысқа фразаларды оқып, оларды жаттауға және қайталауға тырысады. Әр адам өміріндегі қызығушылықтарын шет тілін меңгеруде де ұтымды пайдаланғаны жөн. Яғни өзіңізге ұнайтын тақырыптарды айқындап алу қажет. Егер фильм көруді ұнататын болсаңыз, онда бастапқы кезде субтитрдың көмегімен, кейін аудармасыз көріп үйренуді дағдыға айналдырыңыз. Сөздік қорды дамыту үшін сөздерді жаттай бермей, сөз тіркестеріне және олардың дыбысталуына назар аудару керек. Егер ағылшын тілін меңгеретін болсаңыз, онда сізге британдық немесе америкалық акценттің қайсысы қажет екенін анықтап алған да маңызды", - деді мұғалім.

Қымбат Смағұлова тіл игеруде діттеген нәтижеге қол жеткізу үшін төзімділікті арттыру қажет екенін баса айтты.

"Қазір 2-3 айда тіл үйретеміз дейтін жарнамалар өте көп. Бірақ мұнда бәрі де тіл үйренушінің қарым-қабілетіне байланысты болатынын ескеруіміз керек. Жалпы екі-үш айда бір тілді 100 пайыз меңгеріп шығу мүмкін емес. Егер 1 жыл деп мақсат қоятын болса, онда шет тілін осы аралықта меңгеріп шығуға болады",  - деді ұстаз.

Спикердің сөзінше, тілдік ортаны табу адамның ізденісі мен құлшынысына белгілі бір деңгейде әсер етеді.

Бұл ретте маман тіл үйренудегі оңтайлы тәсілдерді де айтты.

"Өз методикамда адамның қажеттілігіне қарай әдіс таңдаймын. Мысалы, ҰБТ немесе шетелге оқуға тапсыратын оқушыға тіл үйрету керек болса, онда соған сәйкес жоспар жасалады. Сонымен қатар оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдылары жеке үйретіледі. Тест тапсырушыға грамматиканы жетік білу керек, сол үшін мұнда грамматикалық түсіндірме әдісі де таңдалады. Саяхаттау үшін тіл меңгергісі келетіндерге қолданыстағы фразалар  үйретіледі.   Кез келген тілді меңгеруде ең маңызды дағды  сөйлеу екенін атап өткен дұрыс. Сондықтан да көп жағдайда коммуникативті әдіс таңдалады", - деп атап өтті ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қымбат Смағұлова.

 

Әр тілдің өзіне тән көркем үні болады – полиглот

7 тілді меңгерген Мәди Бәзілбек тіл үйрену кешенді түрде жүретін процесс екенін баса айтты. Полиглот шет тілдерін үйренуге қанша уақыт кеткенін айтты.

"Тіл үйренуді әуелі ағылшын тілінен бастадым. Одан кейін Жапониядағы Цукуба университетіне түсіп, жапон тілін, сонымен қатар бакалаврда оқып жүрген кезімде испан тілін оқыдым. Одан кейін біртіндеп түрік, француз және араб тілдерін меңгере бастадым. Жалпы жастайымнан музыкаға жақын едім. Әр тілдің өзінің әуезділігі, дыбысталуы, көркем үні болады. Музыкаға жақын болғаным тіл үйренуде де жақсы жағынан әсер еткен шығар деп ойлаймын. Шет тілдерін үйренуге әртүрлі уақыт кетті", - деді спикер.

Полиглоттың сөзінше, адам белгілі бір уақытта тілді үйреніп бітпейді.

"Тілді 2-3 ай практика жасамасаң, оны ұмыту ықтималдығы жоғары. Мысалы, жапон тілін осыдан 6 жыл бұрын үйреніп бастадым және әлі де үйреніп жүрмін. Сөйлей алатын дәрежеге жеткізу үшін ағылшын тіліне 3-4 жыл кетті, жапон тіліне – 2-3 жыл, испан тіліне 1 жылдай жұмсадым. Түрік тіліне жарты жыл қажет болды", - деп атап өтті Мәди Бәзілбек.

Маман адам миының функциясы шексіз екенін, кез келген адам еркін түрде 4-5 тілді жоғары дәрежеде алып жүре алатынын жеткізді. Мұнда жетістікке жету не жетпеуіңіз тіл үйренуге қанша уақыт арнай алатыныңызға байланысты, деп есептейді ол. Спикерден бір тілден екінші тілге өту қиындық әкелмей ме деп сұрадық.

"Егер екі тілге де бірдей уақыт арнайтын болсаңыз, ешқандай мәселе туындамайды. Барлық нәрсе адамның қалауына, ішкі ынтасына, бөлген уақытына байланысты. Екі тіл бірдей қажет және оларды жоғары дәрежеде білу шарт болса, онда бұл тілдерді алып кетуге болады. Жалпы алғанда, тіл үйрену кешенді түрде жүретін процесс. Бұл тек қана грамматика, тек сөздік қор, оқу, сөйлеу немесе тыңдау ғана емес. Мәселен, адам күні-түні жаңа сөздерді ғана жаттап жүр делік, бірақ грамматикасы ақсап тұр. Салдарынан ол сөздерді байланыстыра алмайды. Тіл үйренудің бастапқы кезеңінде грамматикаға 60 пайыз, сөздік қорға 40 пайыз ұстанымын басшылыққа алған дұрыс. Одан кейін тілді меңгеру деңгейі артқан кезде сөздік қорды көбейтуге көңіл бөлген жөн. Жалпы мұнда қатып қалған қағида жоқ", - деді полиглот.

Мәди Бәзілбек 1 жыл ішінде белгілі бір тілді меңгеруді орташа деңгейге жеткізуге болатынын айтты.

"Бастапқы кезде курсқа жазылған абзалырақ. Өйткені мұғалімнің қамшылауымен жүрсеңіз, тіл үйрену процесі жылдамырақ жүреді. Мәселен, Оксфордтың стандартты жүйесіне сәйкес аптасына 3 рет 90 минуттан сабақ алған жөн",  - деп қорытындылады спикер.

Өзге тілдің бәрін біл...

"Жеті жұрттың тілін білуге" асық азаматтар өз ана тілін ұмытпай, оны қатар алып жүру қажет екенін ұмытпаған абзал. Осыған қатысты Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедовтің "Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш" деген жақсы сөзі бар. Әрине, жаңа технологиялар қарыштап дамыған заманда өзге тілдерді меңгеру құба-құп. Себебі бұл адамның рухани тұрғыдан дамуына ғана емес, кәсіптік мансабына да оң ықпалын береді. Алайда мамандар баланың тілі ең әуелі өз ана тілінде шығуы керек екенін баса айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу