Сотталғандарды ұстап тұру үшін қанша қаржы жұмсалады?

2334

Сарапшылар мемлекеттің ізгіліктен аулақтап, қудалауға шектен тыс ұрынғанына алаңдаулы.

Сотталғандарды ұстап тұру үшін қанша қаржы жұмсалады? Фото: canva.com

Тәуелсіздікке қолы жеткен 1991 жылы Қазақстан жан басына шаққанда түрмеде отырған азаматтарының саны жөнінен әлемде 3-орын алды. Ол заманда елдегі әрбір үшінші еркектің темір торда отырып шыққаны айтылатын.

Содан ол кесірден арылу үшін ел Үкіметі отандық құқықтанушылармен, ғалымдармен, Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) ұйымымен бірлесіп, ұлттық заңнаманы ізгілендіруге кірісті.

Нәтижесінде, Қазақстан "түрме тұрғындарының" үлесі жөнінен әлемдегі 3-орыннан 2021 жылы 98-орынға түсті. Гуманизациялау реформасы аясында көптеген қылмыс түрі бойынша түрмеге қамауға және ірі айыппұл салуға қосымша, қоғамдық жұмыстарға тарту, шартты түрде бас бостандығынан айыру, бас бостандығын шектеу сияқты баламалы жаза түрлері енгізілді.

Өкінішке қарай, бұл реформа да бұрмаланды. Мысалы, билікке сөзі өтімді олигархтар экономикалық аса ауыр және ауыр қылмыстар үшін де жазаны жеңілдетуге қол жеткізді. Отбасы мүшелерін, өзгелерді білім-білікпен емес, білектің күшімен бағындыруға жаман үйренген содыр-сотқарлардың жауапкершілігі күрт төмендетілді. Бұл қылмыстық ахуалды күрделендіріп, ел ішіндегі әлеуметтік кернеуді өршітті.

Бәрін жаппай ізгілендіруге бой ұрған билік бір шектен екіншісіне серпіліп, енді керісінше, бәрін қатайтуға тырысып жатыр.   

Бүгінде 34,8 мың сотталған 63 мекемеде жазасын өтейді. Айыпталушылар үкімі шыққанша, 16 тергеу изоляторында ұсталады.

"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірде бір пенитенциарлық мекеме салынған жоқ. Тек Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарындағы және Алматы қаласындағы төрт мекемеде ғимараттарға реконструкция жүргізілді. Орал қаласында "СИЗО" құрылысы басталғанымен, ҚАЖК оны балансына алмай, әкімдікке табыстады. Кейінгі 10 жылда жалпы сомасы 10,3 млрд теңге қаражатқа инженерлік-техникалық құралдарға, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілді", – деп хабарлады ақпарат құралдарына ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

Осы аптада Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха өз ведомствосының жанайқайын жеткізуге тырысты.

Оның айтуынша, отбасын ойраншылдардың бәрін қамауға тергеу изоляторларында орын жетпейді. Өйткені Парламент депутаттары қабылдап жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі және оған ілеспе заң жобалары өмірге жолдама алса, тек бір жылда ғана 5 мыңнан көп еркек пен әйел жұбайына қысым жасағаны үшін темір торға қамалуы мүмкін.

Депутаттар бастамашы болғандықтан, бұл заңдар "Ашық НҚА" порталы арқылы қоғамның талқылауына салу рәсімін айналып өтті. Осының алдында inbusiness.kz Мәжіліс депутаттарының "зорлық үшін өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасын енгізіп" жатқанын жазған болатын.

Соңғы жарияланған есеп бойынша 34 мыңнан астам сотталғанды ұстап тұру үшін мемлекет 2021 жылы 43,4 млрд теңге шығындапты. Қамалғандар саны күрт өссе, бюджеттің шығыстары да артып шыға келмек. Оның үстіне Қазақстанда азық-түлік, керек-жарақ, коммуналдық қызметтер күрт қымбаттап жатыр.  

ІІМ басшысының орынбасары жүргізілген есеп-қисап негізінде 2015 жылы 29 "тұтқындау үйін" (арестные дома) салу қажет болатынын, ол үшін 57 миллиард теңге жұмсау және қосымша 2,5 мың қызметкерді жалдау талап етілетінін анықтағандарын айтты.

"Қазіргі кезде бұл соманы батыл түрде екіге, тіпті үшке көбейту керек. 2015 жылы Республикалық бюджеттік комиссияға тиісті ұсыныспен шықтық, қолдамады, қаржы бөлмеді. Азаматтарды тұтқындау мерзімдері бірнеше рет ұзартылды. 2022 жылы Үкімет басшысы Президентке хат жазып, басқа мәселе, соның ішінде әлеуметтік проблемалар ушығып тұрғанда, бұл шараны 2027 жылға дейін қоя тұруды сұраған еді. 2022-2024 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте тұтқындау үйлерін салу қарастырылмаған", – деп ашығын айтты И.Лепеха.

Парламент депутаттарының тірлігін түсіну қиын: қудалау, қамау жазаларын қатайтып жатыр, бірақ сол заңдарына сәйкес тұтқындалған адамдарды ұстайтын орындарды салып, жабдықтауға бюджеттен қаржы бөлмейді. Мұндай салғырттық, сауатсыздықтың салдары қазақстандық сотталғандарды күлімсі иісі қолқаны қапқан лас түрмелерде, сызды еденде сығылыса отырып ұйықтайтын ауыр жағдайға жеткізуі мүмкін.

Ішкі істер министрлігі жұрттың бәрін шетінен ұстап, қамай бермеген жөн екенін ескертті.

"2017 жылы сол кездегі Парламент заңнаманы ізгілендіріп, тұтқындауды тек әлдеқайда жұмсақ жазасын орындаудан жалтарып жүргендерге қолдануды қарастырды. Яғни, бүгінде қылмыстық теріс қылық жасағандарға айыппұлдар, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар және басқа шаралар қолданылады. Егер азамат соны орындаудан жалтарса ғана тергеу изоляторларында арнайы бөлінген орындарға қамалады. Оларды қамайтын басқа жер қалған жоқ. Іс жүзінде бізде тұтқындау орындары жоқ", – деді Игорь Лепеха.

Депутаттардың қаптатып қабылдап жатқан заңдары аясында қамалатындарды ұстайын десе, елде "арнаулы қабылдау орындары" (спецприемник) тапшы. Саны 31 ғана екен және олардың бәрі тек облыс орталықтарында орналасқан. Ал баласын сабайтын әкелер ауылда да жетерлік. Бұған қоса, ІІМ басшысы орынбасарының айтуынша, Алматы және Ақмола облыстарында "спецприемниктер" мүлдем жоқ.

Барларына негізінен, 50-70, әрі кетсе, 80 адам ғана сияды. Ашуға ерік беріп, бірдеңені қатты бүлдіріп қойған баласына белбеумен тәлім берген әкелерді жеке қамамай, кәнігі қылмыскерлер ортасына тастаса, оның арты қылмыс әлемінің жаңа өкілдермен толығуына соқтырмас па?

"Тергеу изоляторларындағы ахуал жақсы емес. Мәжіліс депутаттары таяуда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын Сенатқа бағыттады, онда денеге жеңіл жарақат салуды да қылмыстық категорияға жатқызды. Біз қазірден бағамдап отырмыз, тек осы баптар бойынша шамамен бес мың және одан көп жаңа адам тергеу изоляторларына түсетін болады", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Сарапшылар бұл тұрғыда елде жаңа технологияларды қолдануды ұсынады. Мысалы, бизнес омбудсмен Рустам Жүрсунов бұлтартпау шарасы ретінде электрондық браслетті қолдану "оңтайлы шешім" болатыны туралы пікір білдірді.

Ол болмаған соң, кәсіпкерлерді де қылмыскерлермен бірге қамау белең алды.

"Бизнесті еш іріктеусіз, шетінен қылмыстық процеске тарту салмақты проблемаға айналды. Азаматтарды қамауға алу және мерзімдерін соза беру сияқты қаптаған қудалау шаралары көп сұрақ тудыруда. Соттардың дерегінше, 12 455 жағдайдың 12 801-інде немесе 97%-ында қамауға алу санкциясы қолданылған. Үй қамағы бар-жоғы 2%-ды немесе 12 807-нің 240-ын ғана құрады. Бұл ретте электрондық бақылау құралдарының үлесіне 0,3% немесе 37 жағдай ғана тиесілі", – деді  Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Қылмыстық-процестік кодексiнде қарастырылған бұлтартпау шараларының 7 түрінің 5-де электрондық браслетті қолдануға болады.

"Бірден айта кетейін, электрондық бақылау құралдары, яғни электрондық браслеттер – бас бостандығынан айырусыз, бұлтартпау шарасын қолдану проблемасын шешудің ең оңтайлы нұсқасы. Себебі, күдіктілердің басым көпшілігі кісі өлтірушілер және террористер санатына жатпайды ғой. Адамдардың бәрін жаппай түрмеге тоғытудың қажеттілігі неде? Олардың әрекетінің қоғамға қауіптілігін бағалау деген қайда? Біз тегіс қамау тәжірибесін қайта қарау керектігін бірнеше рет мәселе етіп көтердік. Бас бостандығынан айыруды қарастырмайтын баламалы шараларды қолдану қылмыс пен рецидивтерді төмендетуге ықпал ететініне сенімдіміз", – деді Рустам Манарбекұлы.

Ол Қазақстанда небәрі 37 жағдайда ғана электрондық браслет пайдаланылғанына, бұл заманауи шешімнің зор әлеуетінің іске асырылмай жатқанына қынжылыс білдірді.

Омбудсмен бұл мәселені ІІМ алдына талай қойғанын айтады. Бірақ ішкі істер органдары да екі оттың ортасында қалып тұр. Электрондық бақылау құралдарын кең қолдану үшін сала цифрландырылуға тиіс. Ал бұл мол қаржыны талап етеді. Оның инфрақұрылымына кім қызмет көрсетеді? ІІМ штаты онсыз да жетіспей тұрғанда, күдіктілердің көзді ала беріп, аяғындағы браслетін шешіп, шетелге қашып кетпеуін кім қадағалайды? Ең үлкен проблема – қаржыландырумен байланысты. Үкімет те, Парламент те тиісті көлемде қаржы бөле бермейді.

Сондықтан сарапшылардың байламынша, "Сергек" сияқты бұл салаға да мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті ендірген жөн. Бұған мысалы, браслеттерді жеткізетін және оны таққандардың қозғалыс аумағын бақылай алатын айти фирмаларды, ұялы операторларды тартуға болар еді. Бірақ бәрі тағы да қаржыландыруға тіреледі.

Сарапшылар байламынша, электрондық браслеттер қылмыстық қудалау саласын ізгілендіреді, пробация қызметінің жұмысын жеңілдетеді, сондай-ақ қылмыстардың қайталанып, рецидивистердің қаптауына біршама тосқауыл болады. Өйткені бір рет жаза басқан адамдарды түрмеге қамай берсе, олардың үлкен бөлігі туыстарына, мемлекетке өшігіп, тісқаққан қылмыскерге айналып шыға келмесіне кепіл жоқ.

Әйтпесе, бизнес омбудсменнің айтуынша, қамауға алу – бизнесмендерге қысым жасаудың, тергеуге қажетті куәлікті алудың құралы ретінде пайдаланылады.

ІІМ дерегінше, елордада, пробация қызметі 2021 жылғы қарашада сотталғандарға электрондық білезіктерді қолдана бастады. Сонда бұл жүйе тестілік режимде іске қосылған еді: жыныстық тиіспеушілікке қатысты қылмыс жасаған 7 сотталғанға электрондық браслет кигізіліпті.

Қылмыс жасағандарға сот үкімімен үйінен шықпауға, немесе белгілі бір орындарға баруға, атап айтқанда оқу орындарына жақындауға, түнгі уақытта сыртқа шығуға, пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жерінен аулаққа сапарлауға тыйым салынуы мүмкін. Тыйымның бұзылуына жол бермеу үшін жеке бөлінген қызметкер, мысалы, пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың белгіленген талаптарды сақтауын үнемі онлайн, нақты уақыт режимінде қадағалап отыруға тиіс. Қызметкер мұны тек компьютердің ғана емес, планшеттің немесе смартфонының көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады.

Сонда 2022 жылдан бастап, пробация қызметінің есебінде тұрған барлық адамдарға электрондық бақылау құралдарын қолдану практикасын кеңейту жоспарланған еді. Барлығы 2,5 мыңға жуық электрондық білезік пен 25 мыңнан астам мобильді құрылғылар алу қажет болатын.

Жобаны ауқымды енгізу жоспары жүзеге аспай тұр. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2020 жылы – 6, 2021 жылы – 27, 2022 жылы 41 күдікті адам ғана электрондық браслет тағып жүріпті. Былтыр 37-ге құлдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу