Тек Алматыда емес. Қазақстанның тағы қай аймақтарында жер сілкінісі қаупі бар?

7393

Күшті жер сілкінісі жақындап қалғанын Төтенше жағдайлар департаменті мен Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы алдын ала біліп, дабыл қағуға тиіс болатын.

Тек Алматыда емес. Қазақстанның тағы қай аймақтарында жер сілкінісі қаупі бар? Фото: canva.com

Халықты да хабардар етуге міндетті еді. Алайда дабыл мен ескертуді өткен түнде ешкім естіген де, көрген де жоқ.

Алматылықтар жер сілкінісі және қалай қимылдау керектігі туралы неге SMS алмады? Төтенше жағдайлар департаменті бастығы әдейі жібермегендерін айтады.

"Мұндай хабарламалар жіберу тәжірибесі көрсеткендей, олар тұрғындардың ұялы телефонына кеш түседі. Халық қалада тығыз орналасқандықтан желі операторлары ақпаратты өңдеп үлгермейді. Сондықтан біз мұндай хабарламалар жіберу тәжірибесінен біртіндеп бас тарттық. Дабылдатқыштарға келсек, Алматыда шамамен 843 электрлі дабылдатқыш тіркелген. Яғни, олар қаланы 100 пайыз қамтиды. Сейсмикалық станциялар тек тербеліс магнитудасының 5,5-тен асқанын тіркегенде дабылдатқыштар іске қосылады. Біздің жағдайымызда сілкініс 4-5 балл аралығында болды. Сондықтан дабылдатқыштың дабылдатуының қажеттілігі, мәні болмады. Біз артық шу, дүрбелең-ажиотаж жасағымыз келмеді", – деді Нұрлан Атығаев.

Демек, мұндай "сыпайылық" жалғаса берсе, келесі жолғы зілзала кезінде де алматылықтар не SMS хабарлама алмауы, не дабылдатқыш үнін естімеуі мүмкін.

Қорқыныштысы сол, еш хабарсыз отырған тұрғындар тұтқиылдан басталған жер сілкінісінен шошып, бойларын үрей жайлап, терезелерден секіре бастаған. Премьер-Министр Әлихан Смайылов адамдардың дүрбелеңге бой алдырып, терезелерден қарғуына – оларды уақытылы құлағдар етпеу кінәлі екенін ашық айтты.

Оның үстіне қазақстандықтарға, тіпті қауіпті аймақта тұратын алматылықтарға зілзала кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіретін нақты іс-қимыл агоритмі алдын ала таратылып, түсіндірілмеді.

Үкімет басшысы шенеуніктердің бірнеше қателігін атап көрсетті.

Барлық сейсмикалық қауіпті өңірлерде тиісті жаттығулар жиі өткізілуі керек еді, ондай қарқынды қам-қарекет байқалмайды.

Мысалы, ақпарат құралдары Алматы Төтенше жағдайлар департаменті жасаған "Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерінің қарапайым 10 қадамын" таратып жатыр. Ол қоғам тарапынан сынға ұшырады.

"Он қадамның екінші қадамында: "Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақпен қолданбаңыз" деп жазылған. Бесінші қадамда: "Төменгі қабаттарда ғимараттан шығыңыз" деп кеңес береді. Егер лифтіні де, баспалдақты да қолдануға тыйым салса, бірақ "сыртқа шық!" деп талап етсе, онда терезеден қарғудан басқа амал қалмайды ма? Егжей-тегжейлі, ұғынықты етіп жазуы, мысалы, егер төменгі қабатта тұрсаңыз, баспалдақпен шығыңыз деп көрсетсе, болады ғой?!", – деп жазады Руслан есімді пайдаланушы.

Төртіншісінде Төтенше жағдайлар департаменті  адамдарға үйінде тығылып қалуды ұсынады: "Жасырынатын жерді табыңыз – жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында орын алып жасырыңыз". Бетін аулақ қылсын, егер көп қабатты үй жапырылып қалса, осы кеңеске сенген, соны жасаған адамдарды бетондардың үйіндісі арасынан табу қиын болады.   

Масқарасы сол, бүгінгі Үкімет отырысында алапат жер сілкінісінің салдарларын жоюдың өзекті жоспары да жоқ екені әшкереленді. Сондықтан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдіктеріне мүдделі меморгандармен бірлесіп, зілзала кезіндегі "төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарларын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын" жаңғыртуды тапсырды.

Жердің тербелісі алда қайталанбасына кепіл жоқ. Сол себепті Әлихан Смайылов "зілзала кезекшілігін" құруды ұсынды. Жедел ден қою үшін басқару органдары мен азаматтық қорғау күштерінің басшылары, жауапты тұлғалары басқару бекеттерінде, мысалы, жағдаят орталықтарында арнайы "кезекшілікке" тез арада кірісуге тиіс. Алматыдағы тұрғындар мен мемлекеттің тіршілігін қамтамасыз ететін барлық ұйымда осындай кезекшілік енгізіледі.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға тиіс. Оған барлық қызметтермен, соның ішінде жер сілкіністері ошақтары орналасқан көрші мемлекеттермен өзара нақты ынтымақтастық жасау жүктелді.

"Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы" ЖШС комиссиясы өз бағалауын жариялап, елді тыныштандыруға тырысты. Оның байламынша, Алматы болжамдық полигоны аумағында магнитудасы 5,6 және қарқындылығы 7 және одан көп балды құрайтын күшті жер сілкінісі күтілмейді. Бірақ комиссияның түсіндіруінше, бұл болжам "70 пайыздық ықтималдылыққа" құрылған. Яғни, "болуы мүмкін" деген 30 пайыздық ықтималдылық сақталады.

Жалпы, қауіп тек Алматы мен оның айналасына ғана төніп тұрған жоқ.

Отандық ғалымдардың бағалауынша, бүгінде Қазақстан аумағының үштен бірі – сейсмикалық қауіпті болып табылады. Бұл аумақта:

  • Қазақстан халқының жартысына жуығы тұрады,
  • 400-ден астам қалалар мен ауылдық елді мекендер орналасқан,
  • Отандық өнеркәсіптік әлеуеттің 40%-ы сонда шоғырланған.

Төтенше жағдайлар министрлігі ақпаратына жүгінсек, 2017 жылғы ҚР СП ОСЗ-2475 сейсмикалық аймақтандыру карталары бойынша: Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 7 балл және одан жоғары жер сілкінісі болуы ықтимал.

Яғни, қауіп ауқымын осыдан-ақ аңғаруға болады. Жалпы алғанда, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандарының саны одан көп көрінеді. Оған 2 мегаполис (Алматы, Шымкент) және 13 облыс (Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Атырау, ШҚО, Абай, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан) кіреді деп болжануда.

Тиісінше, мемлекет тарапынан жер сілкінісінің алдын алу мен оның зардаптарын жоюға, сейсмикалық қауіпсіздік проблемаларын шұғыл шешуге баса мән беріле бастағаны жөн.

Себебі, Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеуінше, XXI ғасыр басталғалы бері Қазақстанда "Жер қойнауындағы сейсмикалық процестердің жандануының кезекті кезеңі" басталды.

Ғалымдар жер сілкінісі қаупі төнген өңірлердің қатары аталған тізімдегіден де көп болуы мүмкін деп алаңдайды.  

Бұған сейсмологиялық мәліметтердің жетіспеушілігі қосылып отыр. Сондықтан ТЖМ мамандары "республикадағы өңірлік жер сілкінісі тәуекелдерін нақтылау бойынша кеңауқымды жұмыстар жүргізу қажет" деп отыр.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, Қазақстанда сейсмикалық бақылауды небәрі 63 сейсмологиялық станциясы жүргізетін. Оның алтауы істен шықты. Станциялар тек Алматы қаласы мен 6 облыстың (Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан) аумағында бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу