Тұйыққа тірелген халық су тасқынына байланысты балгерлерге жүгініп жатыр

10112

Қазақстанның алты ауданында төтенше жағдайлар жарияланды.

Тұйыққа тірелген халық су тасқынына байланысты балгерлерге жүгініп жатыр Фото: ТЖМ

Үкіметтің бағалауынша, бұл "республикадағы соңғы жылдардағы ең кең ауқымды тасқын" көрінеді. Үйлерін тастап, босыған халықтың саны 15 мыңға дейін жетуі ғажап емес. Бүгінде 12 мыңнан асқан. ТЖМ енді ғана қауырт желілерді іске қосты.

Еліміздің әсіресе, Батыс және Солтүстік облыстарындағы ахуал аса күрделі көрінеді. Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарында су деңгейі көтеріліп кетті.

Бұл ретте шенеуніктердің, әкімқаралардың "апат айтып келмейді" дегенді жиі қайталап, жөнсіз ақталуы бұқараның ашуын туғызды.

"Сонда апат біздің Үкіметке үнемі есеп беріп, құлақтандыру жасап тұруы керек пе? Жылда наурызда көктем келіп, қар ериді. Арнасын бекітпесе, өзен-көлдер тасиды, су қоймалары көнерген бөгетін бұзады. Көктемнің жылда бір мерзімде келетінін ескеріп, алдын ала дайындалмаса, Қазақстанның шенеуніктері табиғатқа неменесіне міндетсиді?! Билік бар айыпты өзгеге аударып жаман үйренген", – деп ашынды Ерасыл есімді пайдаланушы.

Өзге азаматтардың пікірі осыған ұқсас. Қазақстандықтардың бір тобы апатқа жол берілгеніне коррупцияның кінәлі екеніне назар аудартады.

"Апат айтып келмейді, сабыр сақтаңдар!" деп жатыр. Көктем келіп тұрғанда, қалай апат айтып келмейді деуге ары барады. Соның алдын алуға, алдын ала болжауға және басқа жұмыстарға жауапты шенеуніктер, мамандар мол жалақы алып отыр. Проблема басқада, әрбір жауапты бөлімде сол саланың мамандары отырған жоқ! Креслоларды параға сатады, туыс-туған, жора-жолдасты алады. Олар өздеріне сеніп тапсырылған жұмыстың жөн-жобасы түгіл, нобайын да білмейді. Соның кесірі", – деген пікір білдірді кәсіпкер Нұралы Сартай.

"Елімізде болып жатқан өрт, тасқын, топан судың барлығының артында тұрған ең негізгі себеп – ол қоғамды, елді толығымен жайлаған жемқорлық деген індет! Кеше ғана Ақтөбе облысынан тікелей эфирге шыққан Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша, жергілікті әкімдікте қайықтар түгіл, ең құрыса 10 су етік табылмаған. Сонда жыл сайын су тасқыны қаупі бар аймақтар соған мұндай дайындықпен келсе, басқаларына не жоқ? Осы мақсатта миллиардтап, триллиондап өткізіп жатқан тендерлер не үшін, кім үшін сонда? Жалпы, осы мемлекеттік тендерлер мәселесін толығымен қайтадан қарастыратын кез келді", – деп ой тастады қоғам белсендісі Даулетхан Хазез.

Жалпы, жылда қайталанатындықтан, жұртшылық "билік тасқынға ең құрыса биыл дайын шығар" деп үміттенеді. Бірақ үміті ақталмай, қайғылы жағдай қайталанады. Салдарынан, үйлерінен, тірнектеп жиған дүние-мүлкінен айрылып, ұлардай шулаған жұрт, жаппай қырылған мал, қираған ауыл бейнеленген видеолар әлеуметтік желіні кернеп тұр. Оларды тіпті әлемдегі жетекші телеарналар көрсетіп жатыр. Жаһанға таба болғаннан кейін ғана Үкімет қимылдай бастағандай.

Тасқын болса, бой бермей барады. Еліміздің біраз ауданында төтенше жағдай жарияланды. Трассаларды жаппай су шайды. Жолда қалған жүк толы алып фуралардың жантая құлап, суға ағып кеткені түсірілген видеолар да тарады.

Кейбір ауылдардан адамдарды тікұшақ көмегімен құтқарып жатыр. Бір ғана Қостанай облысында су басқан үйлердің шатырынан жүзге жуық бала тікұшақпен құтқарылып, эвакуациялық пункттерге жеткізілді.  Шынында, жанын шүберекке түйіп, лашықтарының төбесіне шығып қарғын судан құтылуға талпынған адамдардың, балалардың санын ешкім білмейді.

Тараған бейнежазбалардан Қостанай облысының, Торғай өңірінің ахуалы қиын екенін байқауға болады. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында су басқан үйлер мен ғимараттардың саны мыңнан асып кететін түрі бар. Өзен-көлдердің деңгейі ары қарай көтеріліп жатыр. Түркістан облысында құтқарушылар су тасқынымен апта бойы арпалысуда. Алматы және Жамбыл облыстарының да жағдай мәз емес.

Тасқын судың кесірінен бірнеше облыстың ауыл-аудандары жарықсыз қалды. Қазақстандықтар ұялы байланыс мұнаралары да құлағандықтан, бірқатар аудандардағы ағайындарымен байланыс үзілгенін жариялап, дабыл қағуда. Соның кесірінен, су басып қалған елді мекендердегі тұрғындардың өлі-тірісін білу мүмкін болмай тұрған көрінеді.

"Аягөз ауданында 3 адамның денесі іздестірілуде. Біреуі 23 наурызда шаруа қожалығына кетіпті, содан бері табылған жоқ. Екі азамат кеше таңғы 7-де трактормен зымырап, өзенді кесіп өтпекші болғанда топан су астына кетті. Тасқын астында қалған ағайынға сабыр тілейік", – деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай.

"Аягөз қаласынан 40 шақырым жерде, кеше таңғы сағат жетілер шамасында екі адам трактор үстінде 10 сағат бойы ТЖМ құтқарушыларын тосып отырып, ақыры кешкі кезде тракторларымен қоса, суға ағып кетті. Содан бері ауыл адамдары жиналып, іздеп жатырмыз, бірақ еш нәтиже жоқ. Артында 4 бала, әке-шешесі құса болып, тосып отыр", – деп жазады тұрғындар өз тобында.

Әлеуметтік желіде жолай өтіп бара жатқан адамдар түсіруі мүмкін виде жарияланды, онда қызыл су ортасында қалған трактордың үстінде соңғы күшін сарқып, сырғып құламауға тырысқан адам бейнеленген.

Әлеуметтік желідегі жанайқайдан байқалғандай, із-түзсіз жоғалған адамдардың қатары көп сияқты. Тасқын су басқан елді мекендерде дәстүрлі телефон да, ұялы байланыс та істемейтіндіктен, ондағы тұрғындардан хабар алу мүмкін болмаған. Содан қауырт желінің өзін уақыты іске қоса алмаған мемлекеттен қайыр болмасын түсінген жұрт WhatsApp топтарда "қандай мықты экстрасенске жүгінуге болатынын" бір-бірінен қиыла сұрап жатыр.  

Аймақтағы шенділер енді қимылдауға кірісті. Түрлі әкімдіктер тасқынның алдын алу, келген суды бұру үшін жаңа ғана жолды қазып, су өткізгіш құбыр төсеп, өзен-көлдердің жағалауын құм толы қапшықтармен бекітіп әлек. Салдарынан ауыл-аудан араларында қатынас тоқтатылды.

Төтенше жағдайлар бөлімдерінің маторлы қайықтары жақын ауылдарды аралап, тасымалдау жұмысын ұйымдастыруда. Әкімдіктер қайықтар шағын болғандықтан, "тұрғындар тек шұғыл-экстренный қажеттілік болған жағдайда ғана тасымалданатынын" ескертті.

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанның су басқан, сондай қауіп төнген аймақтарында шамамен 100 мектепті қашықтан оқытуға көшірді. Су тасқынының салдарларын жою және су басуға қарсы іс-шараларды үйлестіру жөніндегі Республикалық штаб сондай шешім қабылдаған. Бұл мектептер саны алда өсуі мүмкін.

Бұған қоса, эвакуацияланғандар уақытша орналастырылған қабылдау пункті қызметін атқаратын мектептердің оқушылары да онлайн оқуға ауыстырылды. Себебі, бүгін, дүйсенбіде 3 миллионнан астам шәкірт үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталғаны белгілі.

Министрлік дерегінше, эвакуациялық пункттердегі балаларға қажетті көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер жұмылдырылыпты. Өйткені олардың арасында алас-күлесте бауырларынан, ата-анасынан айрылып қалғандар болуы мүмкін.

"Балалар қажетті киіммен, мектептік керек-жарақтармен және қашықтан оқуға керекті техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі пысықталып жатыр", – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі, баспасөз қызметшісі Мереке Амангелдіқызы.

Синоптиктер алда ахуал нашарлауы мүмкін екенін ескертті. Мысалы, Ресейден де қызыл су келуде. Салдарынан, Батыс Қазақстан облысының басқа елді мекендерін су басуы ықтимал.

"Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы "Шаған өзені – Чувашинское ауылы" гидрологиялық бекетінде су деңгейі алдымен, 29 наурызда 972 сантиметрді құрады. 30 наурызда, таңғы 08:00-де ол 1 104 сантиметрге жетті. Яғни, бір тәулік ішінде су деңгейі бірден 68 сантиметрге көтерілген. Ары қарай көтерілуде, 1172 сантиметрден асты. Су Ресейдің Орынбор облысы жағынан тоқтаусыз келіп жатыр. Сондықтан қауіпті межеден асып кетуі мүмкін. Судың қауіпті деңгейі – 1280-1300 сантиметр", – деп хабарлады "Қазгидромет".

Қазірдің өзінде өзендердің бассейнінен төмен орналасқан барлық ауыл-ауданды, саяжай алаптарын су басу қаупі ұлғайды.

Ғалымдардың мәліметінше, мұндай тасқын суға жол бермеуге болатын еді.

"Қазақстанда су ресурстары көп емес, керісінше, тапшы. Республиканың физикалық-географиялық тұрғыдан Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы онда судың аздығына негіз болды. Себебі, ол континент айналасындағы барлық мұхиттан бірдей қашық жатыр. Оның үстіне еліміздің дәл оңтүстігіндегі аса ірі тау жүйелері Үнді мұхитында қалыптасатын жылы ауа массалары мен ылғалды өткізбейді, елімізге жетуіне кедергі болады. Бұл – Қазақстанда су ресурстарының тым аз болуының басты себебі. Су бізде қай кезде көп? Көктемде, қар ерігенде", – деп қарапайым ақиқатты еске салды белгілі географ ғалым Кәмшат Ақпамбетова.

Айтпақшы, көктемгі мол судың көп көлемі елде қалмайды екен, өзендермен сыртқа ағып кетеді.

Сондықтан географ ғалым көктемгі мол суды елде сақтап қалу, сондай-ақ олар ауылдарды қарық қылмай, елге қызмет етуі үшін су қоймаларын салып, соларға бағыттау керектігін айтты. Басқа тиімді тәсіл жоқ.

Үкімет болса, жаңадан салынуға тиіс 20 су қоймасының құрылысын сөзбұйдаға салып, созып келеді. Ұзақ жылдардан бері су және тасқын проблемаларын зерттеп келе жатқан географтың пікірінше, осы кезде қызыл судың орнында шағын, батпақты көлшіктер қалады, олар өнеркәсіптік өндірістердің аса улы қалдықтарымен қосылып, ластанады. Жолай ауру малдар жерленген молаларды шайып кетеді. Салдарынан, өңірлердегі экологиялық ахуалды нашарлатады.

Олай болса, Үкімет науқаншылдық пен көзбояушылыққа салына бермей, мәселені кешенді шешкені жөн.

Әзірге ауыл-аймақ жұртшылығы өзін-өзі құтқаруға тырысуда. Мысалы, Атырау облысының Қызылқоға ауданында ауылдықтар шағын бөгетті өз күштерімен нығайтып, Сағыз өзенінің жағасынан шығып кетуіне жол бермеді. Бұл туралы облыстық ТЖД хабарлады. Оларға қатары онсыз да аз жергілікті құтқарушылар көмекке келіп, жөн-жосығын көрсетіпті.

Депутаттар болса, халықты жалқау деп айыптады.

"Тасқын су баратын барлық елді мекендерде дамба тұрғызу керек! Бүгінде халық барлығына тек аудан, округ әкімдері немесе құзырлы органдар жауапты деп қате ойлайды. Өздері тек әлеуметтік желіде шулауды біледі, алайда ортақ іске қатыспайды. Дамбалардағы кезекшілікке тұрғындарды да тарту керек", – деді жергілікті Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты Есенбай Нұров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу