Үкімет ел байлығын астына басқан алпауыттармен "басқаша сөйлесе" бастады

11063

Енді әрбір ірі инвестор Жаңа Қазақстанға қанша жүз миллиард қаражат құятынын нақты айтса, салық жөнінен жеңілдік алады.

Үкімет ел байлығын астына басқан алпауыттармен "басқаша сөйлесе" бастады Фото: primeminister.kz

Өткен жылы қанды қаңтар оқиғаларынан кейін ел Президенті Ақордасына олигархтарды жиып, сырт көзден таса жағдайға оларға жаңа Қазақстанның ойын ережелерін түсіндірген болатын. Сол жабық жиыннан сыртқа шыққан азды-кем ақпараттың өзі сарапшыларға бірнеше ай талғажау болды.

Ал Үкімет бұл бағытта жұмысты жалғастырды. Соның аясында ол елдегі ірі инвесторлардың әрқайсысымен жеке-жеке келісім жобаларын бекітуге кірісіп кетті. Алғашқы үш шарттың мазмұны да белгілі болды.

Келісім жобаларын Сыртқы істер министрлігі әзірлепті. Бүгінде елге инвестиция тартуға осы министрлік жауап береді. Бірақ барлық құжаттарға Смайылов Үкіметі атынан қол қою өкілеттігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа тапсырылды.

Өзіне берілген құзырға сәйкес, ИИДМ басшысы енді инвесторлардан барлық міндеттері мен келісім талаптарын орындауын талап ете алады. Олардан келісімді орындауға қатысты ақпаратты сұратады. Тіпті міндеттемелердің инвестициялар салу кестесіне сәйкес орындалуын тексеру және инвестордың инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан объектісіне ревизорлық сапармен бару құқығына да ие болды. Егер алпауыт уәдесінде тұрмады деп есептесе, индустрия министріне келісімді мерзімінен бұрын бұзу құзыреті ұсынылып отыр.

Неге екені белгісіз, құжатта көрсетілгендей, "оның қолданылу мерзімі ішінде келісімді іске асыру жөніндегі жұмысқа қатысты барлық құжаттар, ақпарат және есептер" құпияға жатқызылады.

Айтпақшы, инвесторлар қит етсе, Қазақстанды Батыс әлемінің әр еліндегі сотқа сүйреп, сілекпесін шығаратын. Үкімет одан сабақ алыпты. Келісімдерде барлық даудың ел ішінде шешілетіні бекітілмек: "Егер 2 ай ішінде тараптар келісімге қол жеткізбесе, дауларды шешу "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотында, АХҚО Халықаралық төрелік орталығында жүзеге асырылады".

Жаңа Қазақстанның ескі қылығы тіксінтті: құжаттарда "тараптар орыс тілін қарым-қатынас тілі ретінде қолданады" деп бекітілмек. Келісім күшіне енген соң оның орындалуына қатысты барлық ақпарат тек қана орыс тілінде жасалады деп көрсетілген. Ендеше мемлекеттік тілдің өрісі бұл салада ең кемі онжылдық соңына дейін тарылды.

Алюминий

Қазақ жерінің астындағы барлық дерлік алюминийді ERG тобына кіретін "Қазақстан Алюминийі" компаниясы өндіретіні жасырын емес. Алпауыт өзін ресми сайтында: "Қазақстанда алюминийі өндірісі үшін қажет шикізат – алюминий тотығын шығаратын жалғыз кәсіпорын, сондай-ақ Павлодар облысындағы ірі жұмыс беруші" деп дәріптейді. Ол жылына 1,4 млн тонна Al2O3 алюминий тотығын өндіреді. Нақтыласақ, кәсіпорын Қостанай және Павлодар облыстарындағы кеніштердегі боксит пен әктастан алюминий тотығын алады.

Демек, Үкімет үшін тұтас саланы басыбайлы иеленген компаниясы бассыз кетірмеу, нақты ойын ережесіне бағындыру маңызды. Қазақстан Үкіметі мен "Қазақстан Алюминийі" акционерлік қоғамы арасындағы Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім ішінара осыны қарастырады.

Сонымен билік пен монополист арасында жүрген келіссөздер қорытындысында "Қазақстан Алюминийі" АҚ-ы 8 жылда өз өндірісіне жалпы көлемі 259 миллиард 24,1 миллион теңге қаржы құятын болды.

Дегенмен, келісімнің қолданыс мерзімі 2032 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылмақ. Өз кезегінде Қазақстан билігі осы кезеңде оған қатысты салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік береді. Яғни, республикалық бюджет жұтап қалса да, одан қосымша қаражат талап етпейді, тіпті жаңа салық түрін ойлап тапса, ол осы алыпқа таралмайды.

Мысалы, қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін ел Үкіметі ірі кәсіпорындарға пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) арттыратынын мәлімдеген. Бірақ жоғарылатылған ставкадан осы компания құтылуы мүмкін: "2023 жылдың соңына дейін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексіне өзгерістер енгізілмеген жағдайда, ПҚӨС одан жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен алынады", – делінген келісім жобасында.

Іс басындағы билік инвесторды біршама асықтыруға ниетті: "Қазақстан Алюминийі" АҚ-ы 259 миллиардтық инвестициясының кем дегенде 50%-ын биылды қоса алғанда, алғашқы 4 жыл ішінде салуға тиіс.

Сонда бұл қаржыға кәсіпорын не іс тындыруға міндеттеледі?

115,3 миллиард теңгеге – Павлодар облысындағы қайта өндіруші және көмекші бөлімшелерінің есептен шығарылатын негізгі құралдарының орнына жаңасын алады. Әңгіме өндірісті модернизациялау турасында.

59,6 миллиард теңгеге – Қостанай және Павлодар облыстарындағы тау-кен өндіру бөлімшелерінің есептен шығарылатын негізгі құралдарын ауыстыру және жаңа негізгі құралдарды сатып алу ұсынылған.

47,6 миллиард теңгеге – Павлодар облысындағы бөлімшелердің өндіруші және басқа көмекші қуаттарын күрделі жөндейді.

36,3 миллиард теңгеге – Қостанай және Павлодар облыстарындағы тау-кен өндіру бөлімшелерінің өндіріс қуаттарын күрделі жөндеуден өткізбек.

Сегіз жылғы міндеттемелері осы ғана.

Хром

Қазақстанда феррохром, марганец өндіретін алпауыт "Қазхром" трансұлттық компаниясы да ERG құрамындағы кәсіпорын. Ол сондай-ақ геологиялық барлаудан, өндіру және өңдеуден бастап, қайта өңделуі жоғары метал өнімдерінің өндірісіне дейінгі өндірістік-өткізу тізбегінің барлық кезеңін қамтитын, толықтай біріктірілген тау-кен металлургия компаниясы болып табылады.

"Қазхром" тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең үлкен ферроқорытпалар мен хром рудасын өндіруші. Ол Ақтөбе және Павлодар облыстарындағы жылу және электр өндіретін монополист.

"Қазхром" ТҰК" АҚ-ы 8 жыл бойы 259 миллиард 111,2 миллион теңге мөлшерінде инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асырады.

Бұл ретте ұқсас келісім аясында алюминий саласындағы алпауытқа берілетін артықшылықтар, құқықтар феррохром мен марганец саласының алыбына да ұсынылады. Сондықтан қайталап жату артық.

Бір айырмашылығы, Үкімет "Қазхроммен" 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін келісім бекітуді жоспарлап отыр.

Сонымен, бұл трансұлттық компания 259 миллиард теңгеден астам қаражатты қайда жұмсайды?

20,1 миллиард теңге – Хромтаудағы "Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы" шахтасының 1-кезегін дамыту шығындарына бағытталады.

174,2 миллиард теңге – "Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы" шахтасының 2-кезегін дамытуға, күрделі жұмыстарына жұмсалмақ.

30,5 миллиард  инвестиция – Хромтау қаласының жанында шламды қайта өңдеу бойынша байыту фабрикасынын құрылысына құйылады.

26,2 миллиардқа – "Қазхромның" филиалдары саналатын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының, Ақсу ферроқорытпа зауытының, Дөң тау-кен байыту комбинатының істен шыққан негізгі құралдары ауыстырылады, күрделі жөндеу жүргізіледі.

7,9 миллиард теңге – Хромтаудағы шағын кен орындарын дамыту шығындары (тау-кен күрделі жұмыстары) болады.

Халыққа осы міндеттемелерге қанағат тұтуға тура келмек.

Көмір

Қарағандылық "Шұбаркөл көмір" АҚ-ы да – миллиардер олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов иелігіндегі ERG құрамындағы кәсіпорын. Бұл кәсіпорынның қазақ жерінің қойнауынан тоқтаусыз шығарып жатқан көміріне Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдер біршама тәуелді. Себебі, шикізаттың сапасының және отынының беретін қызуының жоғарылығы арқасында бұл көмір өзге бәсекелестерін шаң қаптырып кетті.

Компанияның мақтауынша, "Шұбаркөл көмірі оның жоғары калориялығына және күлінің аз болуына байланысты экологиялық таза энергия көзіне жатады".

Кәсіпорын жылына шамамен 11,4 млн тонна көмір өндіреді. Қазақстанның бүкіл коммуналдық-тұрмыстық секторындағы отын нарығының төрттен бірін, 25%-ын бір өзі иемденген. 

Бұл кәсіпорынның 8 жыл бойғы инвестициялық міндеттемелері 260 миллиард 131,3 миллион теңгені құрайды деп күтілуде. Оның жартысынан астамын алғашқы 4 жылда салып болуға тиіс.

Келісімнің қолданысы 2030 жылғы 31 желтоқсаннан кейін тоқтатылады

260 миллиардтан астам қаражат қайда шығындалады?

98,1 миллиард теңгеге – тау-кен, қосалқы және темір жол жабдықтарын сатып алады.

79,9 миллиард теңгені – қолданыстағы тау-кен, қосалқы және темір жол жабдықтарын қалпына келтіруге бағыттамақ.

60,3 миллиард теңгеге – өзі өндіретін көмірді жөнелту үшін ішкі темір жол инфрақұрылымын дамытуға салады.

Небары 10,1 миллиард теңге – тау-кен өндіру және өңдеу объектілерінде еңбекті және қоршаған ортаны қорғауға шығындалады.

7,9 миллиард теңге қаражатқа – күрделі тау-кен өндірісі және өңдеуші объектілер күрделі жөнделуге тиіс.

3,6 миллиард теңгеге – өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру көзделген.

Үкіметтің түсіндіруінше, мұндай құжаттар биылдан бастап, ірі инвесторлардың Қазақстанда жаңа жобаларды іске қосу және қолданыстағы зауыт-кәсіпорындарын модернизациялау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Үкіметтің дерегінше, келісімдер 10 жылға дейін мерзімге салық ставкаларын "қатырады". Оған айырбас ретінде инвестор қандай да бір өндірісті іске қосуға не оны жаңғыртуға, қазақстандық кадрларды оқытуға және басқа шараларға қомақты қаржы салуға міндеттемелер алуы шарт. 

Бірақ Үкімет басшысы өз қаулысымен тыйым салынған қызмет түрлерінің қара тізімін де бекітті. Бұл дегеніміз, бұдан былай сол тізімдегі әлдебір саланы таңдаған ірі компания немесе бизнесмен Үкіметпен инвестициялық міндеттемелер туралы келісім бекіте алмайды деген сөз. Яғни, оған алда салық артуы мүмкін.

Тыйым салынған бизнес түрлеріне біріншіден, акциздік өнімдерді өндіру және оларды көтерме өткізу жатады. Ал елімізде акциздік тауарларға спирттің барлық түрі және алкоголь өнімдері, темекі және құрамында темекі бар өнімдер, бағалы балықтардың уылдырығы, зергерлік бұйымдар, мұнай өнімдері, жеңіл автокөліктер және басқасы кіреді.  

Екіншіден, лотерея қызметі де қара тізімнен табылды. Қазақстанда бұл қызметпен тек монополист "Сәтті Жұлдыз" АҚ ғана айналысады.

Үшіншіден, апайтөс букмекерлік кеңселер, казинолар, өзге ойын бизнесінің алпауыттары да салықты он жылға қатырта алмайды. 2022 жылы букмекерлер республикалық бюджетке шамамен 130 миллиард теңге салық төлепті. Бұл олардың табысының 20 пайыздайын құрайды.

Тұтастай алғанда, тыйым салынған қызметтердің тізімі 14 түрден тұрады. Қалған монополистер мен олигархтар жаңа Қазақстанның ескі де жаңа Үкіметінен қомақты салықтық көмек ала алатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу