"Үлкен табиғи апат": Мамандар су тасқынының себептерін атады

1558

Сарапшылар ел ішінде көктемгі су тасқынына дайындық "қарқынды" болмады деген пікірде. 

"Үлкен табиғи апат": Мамандар су тасқынының себептерін атады Фото: ҚР ТЖМ

Қазақстанда су тасқынының ауқымы неге осыншалық ірі болды? Қарғын судан келетін қауіптің алдын алуға шамамыз неге жетпеді? inbusiness.kz сайтының тілшісі осы тақырып төңірегінде сарапшылардың пікірін білді. 

Инженер-гидротехник Аманбек Рамазановтың сөзінше, биылғы қыс мезгілінде қар көпке дейін жаумады. 

"Сосын жаңбыр жауып, мұз аралас қардың жамылғысы пайда болды. Қыстың аяғы мен көктемнің басында жауын-шашын көп болды. Бұрын су жерге сіңіп кететін. Енді жер қатқаннан кейін су өзінің бұрынғы жолын таба алмай, елді мекендерді басып, жолдарды шайып жатқаны ғой. Бұл – үлкен табиғи апат", - деді ол. 

Сарапшы бұрынғы кезде су мәселесімен айналысатын бірнеше мекеме болғанын еске салды. 

"Біріншіден, барлық облыста облводхоз, колхоз, совхоздар болды. Олар суару мерзімі біткен соң күзден бастап каналдарды тазартып, барлығын жөндеп, дайын отыратын. Күзгі дайындық болған жоқ. Оны мойындау керек. Алдыңғы жылдары су тасқынының ауқымы онша үлкен болмады. Енді әкімдіктер қарды шығарды ма, шығармады ма – оны білмеймін. Су тасқынына қарсы бөгеттерді уақытылы нығайтты ма, бұл туралы да айта алмаймын", - деді Аманбек Рамазанов.

Гидротехниктен Мемлекет басшысының сынына ұшыраған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы сұрадық. 

"Меніңше, Президенттің концепцияны қайтарғаны дұрыс болды. Мысалы, концепцияда "20 су қоймасын салу" деп жазылған. Оның не жобасы жоқ, не техникалық-экономикалық негізі жоқ. Соны нақты экономикаға сай істеукерек деген ойдамын", - деп жалғастырды ол.

Аманбек Рамазанов жазды күні елімізде су тапшы екенін еске салды. 

"Қазір міне басып жатыр, су астында қалдық. Гидротехникалық құралдардың бәрі тозған, каналдар тазаланбаған. Қазақстанда судың пайдаланылуы тиімсіз. Екінші жағынан ағын судың 40 пайызы шет мемлекеттерден келеді. Атап айтқанда, Іле, Ертіс, Жайық, Шу, Талас, Сырдария трансшекаралық өзендерінен келеді", - деді инженер-гидротехник.

Қазақстан гидрогеологтарының қауымдастығы сарапшысы Эскандер Тұрсыновтың сөзінше, елімізде еріген қар суын пайдалану бойынша арнайы жеке ережелер жоқ. 

"Қалай болғанда да, бұл туралы естімедім. Кеңес өкіметі кезінде құрғақ дала аймағында көктем мезгілінде еріген қар суы есебінен жиналған көптеген су ағыны шағын су қоймаларының каскадын салу арқылы қолданылды. Мұнда еріген қар суы көктемде жиналып, жаз бойы пайдаланылды. Қазір олардың қандай жағдайда екені белгісіз. Ғарыштан түсірілген суреттерден олардың бір бөлігі қолданылатынын байқауға болады", - деді ол.

Айтуынша, ғарыштық мониторинг қар жамылғысымен көмкерілген аумақты көрсете алады. 

"Ғарыштық суреттер арқылы қар жамылғысының қалыңдығын анықтау мүмкін емес, қар өлшейтін бағдарлар қажет. "Қазгидромет" осындай қар өлшеуіш маршруттарды жүргізуі тиіс, себебі олардың негізінде көктемгі су тасқынының көлемі анықталады. Білуімше, "Қазгидромет" тасқын судыңжоғары деңгейі туралы болжамды берген, алайда жергілікті билік оған тиісті деңгейде құлақ аспады", - деді спикер.

Эскандер Тұрсынов еріген қар суын бұру және жинақтау технологиялары бар екенін, ол әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатынын баса айтты.

"Солардың бірқатарына тоқталсақ. "Қазгидромет" беретін гидроболжамға байланысты су қоймаларында тиісті көлемді жинақтап, жазға қарай олар толу үшін көктемде тасқын судың болжамды көлеміне орын қалдырылады. Автомобиль және темір жолдар арқылы инженерлік құрылыстарды (су өткізу құбырларын) тазарту жүргізіледі. Еріген қар суы мен жаңбыр суын ағызу үшін нөсер кәрізінің рөлін атқаратын арықтар тазартылады. Су тасқыны жоғары болған жағдайда артық суды жіберу үшін суару желісін тазалайды.Барлық гидротехникалық құрылыстың, оның ішінде шлюздердің, суару желісінің су бөлгіштеріндегі қақпалардың және т.б. жағдайы тексеріледі", - деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, бұрын осы іс-шаралардың барлығын Су шаруашылығы министрлігінің бөлімшелері атқарған. 

"Қазір бұл міндеттер әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігініңбөлімшелеріне жүктелген. Алайда әкімдіктер мен ТЖМ қызметкерлеріндегидрология және гидротехника бойынша білімнің жоқтығы біз көріп отырған салдарға әкеліп отыр", - деді Қазақстан гидрогеологтарының қауымдастығы сарапшысы Эскандер Тұрсынов.

Айта кету керек, осыған дейін "Қазгидромет" осыған дейін тасқын қаупі жөнінде мемлекеттік органдарға ақпарат жолданғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек су тасқынынан зардап шеккендер өтемақыны қалай алатынын жаздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу