Жаһандық кедейшілікті исламдық қаржыландыру құтқаруы мүмкін

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3576

Исламдық қаржыландыру ең алдымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге бағытталған.

Жаһандық кедейшілікті исламдық қаржыландыру құтқаруы мүмкін

Сауд Арабиясының Джидда қаласында Исламдық қаржыландыру бойынша дәстүрлі конференция өтті. 53 елдің қаржыгерлері мен мемлекеттік орган қызметкерлері қатысқан биылғы жиын жаһандық дағдарысқа исламдық қаржыландыру арқылы төтеп беру мен кедейлікпен күрестегі ислам банкингінің рөлі туралы болды.

Қазіргі таңда исламдық қаржыландыру жүйесі Араб елдерінен бөлек батыс Еуропа елдері мен оңтүстік-шығыс Азияның кей елдерінде жақсы жолға қойылған екен. Осы орайда, сала мамандары Африка елдері мен Таяу-Шығыс және оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерінде, сонымен қатар Пәкістанда исламдық қаржыландыруға мүмкіндіктің мол екенін айтады.

Ал Ислам әлемінің бір бөлігі саналатын Орталық Азия елдері үшін исламдық қаржыландыру әлі де болса таңсық екені рас. Биыл күзден бастап Астанада жұмыс істейтін "Астана халықаралық қаржы орталығы" жұмысының негізгі бес бағытының бірі осы исламдық банкингке арналғанын ескерсек, Қазақстан аймақта алғаш болып бұл секторды дамыта бастамақ. Қазіргі таңда елде жұмыс істеп жатқан әл-Хилал банкі саладағы жалғыз қаржы институты болса, келер жылдан бастап тағы бір банк қосылады деп күтілуде. Осылайша, ТМД елдері бойынша исламдық қаржыландыру туралы заң қабылдаған жалғыз мемлекет ретінде Қазақстан мұсылман кәсіпкерлері үшін Орталық Азияға ашылған қақпа болмақ. 

Жалпы, исламдық қаржыландыру дегенді көпшілік ең алдымен "тәуекел мен пайданы теңдей бөлу" ұстанымы ретінде таниды. Алайда, осы сала қызметкерлерінің айтуынша, исламдық қаржыландыру ең алдымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге бағытталған. Яғни, байлықты бөлісу. Кәсіпкердің баюы елдің экономикалық дамуына әсер етпесе, исламдық нормалардың орындалмағаны. Бұл тұрғыда байлықты бөлісуді кәдімгі садақамен шатастырмау керек. Бизнестің өркендеуі салық пен өзге де міндетті түсімдер ретінде елдегі әлеуметтік салада көрініс табуы тиіс.

Ислам Даму Банкі (ИДБ) мен Дүниежүзілік банк бірлесіп жасаған зерттеулеріне сүйенсек, әлемдік таптық теңсіздікті жоюда исламдық қаржыландырудың берері мол. "Исламдық қаржыландыру: Байлықты өзгелермен бөлісу" атты зерттеу еңбегінде Ислам Даму Банкі тобы президенті доктор Бандар Хажжар әлем бойынша асқынып келе жатқан бай мен кедей алшақтығы, кедейлік мәселесіне қарсы күресте дәстүрлі исламдық қаржыландыру жүйесі оңтайлы шешім бола алатынын алға тартады. 

ИДБ тобы Исламдық Зерттеу және Трейнинг  институтының бас директоры Мұхаммед Азми Омар мен Дүниежүзілік банктің Жаһандық Исламдық қаржыландыруды дамыту орталығы басшысы доктор Замир Икбальд қазіргі батыстық қаржы мен құнды қағаздар жүйесіндегі бірқатар кемшіліктерді атап, оның орнына жаңа ұсыныстарын жеткізді. 

"Дәстүрлі исламдық қаржыландыру заңдылықтарының кей элементтерін қазіргі батыс заңнамасына енгізуді ұсынамын. Осы арқылы ғана әлемдік тұрақты даму мен таптық теңсіздікті жоюға және тиісінше кедейліктен біржола арылуға болады", – деді Мұхаммед Азми Омар.

Сонымен қатар, баяндамада айтылғандай, исламдық қаржыландыру сараптамасының теориялық негіздері бойынша, исламдық қаржыландыруды енгізуде мыналардың ескерілгені жөн. Тұрақты дамуға бағытталған институционалды негіз бен мемлекеттік саясат; басшылықтың есеп беруі; қатерді теңдей бөлу негізінде экономиканы ынталандыру мен кәсіпкерлікті қолдау; қаржылық және әлеуметтік интеграция.

Екі күндік шарада Исламдық Ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысы Юсуф әл-Отаймин Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Бағдат Әміреевті қабылдады. Шарада Елші Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың әлеуетін таныстырып, қыркүйекте Астанада өтетін ғылым және технология саммитіне тоқталды. Сонымен қатар, Елші Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне енуі аясында аймақтық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес шаралары туралы баяндады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу